Тәуелсіздік тұғыры биік болсын!

1991 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев-тың жарлығымен 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні болып жариялан-ды. Қыстың қақаған аязды күні тәуелсіздік күні етіп таңдалды. Мұның себебін елдегі еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін түгел білсе керек. 1986 жылы болған оқиға елдің еңсесін көтеріп, отаншылдық отын маздатқан-тұғын. Халықтың сондағы тілегі көп ұзамай қабыл болып, тәуелсіздік туы ел көгінде желбіреді.
Қазақ елінің егемендігін, хал-қының азат өмір кешуін көру – ата-бабамыздың армандап кеткен тілегі. Олар бұл күнге жетпеді, алайда оның қадірін бүкіл болмысымен білді, болашақ ұрпағына соны тіледі. Жиырмасыншы ғасыр басындағы Отанымыздың тарлан тұлғаларының да Тәңірден тілеген тілектері – тәуелсіздік еді. Сол шақтың зиялылары барлық білімдері мен күш-қайратын ел егемендігі үшін жұмсады. Осы ұлы мақсат жолында қасық қаны қалғанша күресіп, тіпті жандарын құрбандыққа қиды.
Қазіргі таңда ғаламдағы барлық еңселі мемлекеттермен терезесі тең, иманға ұйыған егеменді елміз. Бұл бүгінгі елжанды аға-лардың жанпидалығының арқасы. Аллаға мың да бір тәубе. Алдыңғы ұрпақ халық алдындағы аза-маттық парызын өтеді. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрды. Егемендіктің ертеңі – бізге аманат. Тәуелсіздігімізді Алла тағала баянды еткей.
Қазақ – мұсылман халық, оның діні – Ислам екендігін Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев үнемі биік мінбелерден айтып келеді. Сан ғасырлар бойы исламдық жолды ұстанған ата-бабаларымыз осы дінге лайықтап өз әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, наным-сенімін қалыптастырған, әрі оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып отырған.
Дін – ата-бабалар мұрасы әрі аманаты. Тіл де солай. Ғасырлар бойы өзара және басқалармен қарым-қатынас жасап келе жатқан тіліміз – қазақ тілі. Осы қарым-қатынастарымызды, әдет-ғұрыптарымызды реттеп отырған дініміз – Ислам діні. Бір ұлттың өз тілінде сөйлеуі сол халықтың өкілі екенін білдірсе, дін – ақ пен қараны, адал мен арамды, хақ пен нахақты, сауап пен күнәні айыра алатын халық екеніміздің белгісі.
Қазақ дінін – атаға, тілін – анаға теңеген халық. Яғни, ата дініміз – Ислам, ана тіліміз – қазақ тілі демейміз бе? Олай болса, діні мен тілін жоғалтқан адам ата-анадан жетім қалған кісі сияқты. Демек, дін мен тіл – тәуелсіздіктің түбірі һәм тұғыры. Бұлар – аманат. Аманатқа қиянат жасау – үлкен күнә. Бұл туралы Қасиетті Құранда: «Олар (мүмін-мұсылмандар) аманаттарын, уәделерін қорғаушы» («Муминун» сүресі, 8-аят), – делінген.  Әбу Хурайра (р.а.) риуаят еткен хадис-шәріпте: «Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір мәжілісте: «Қиямет қашан?», – деп сұрақ қойылады. Пайғамбар (с.ғ.с.) сонда: «Аманат жойылса, қияметті күте бер», – деп жауап берді», – делінген. Аманаттың жауапкершілігі өте үлкен, Алла тағала оны қорғауға, орындауға және оған зейінділік танытып, мұқият болуға  бұйырған.
Аманатқа адал кісі мақталған, аманатқа опасыз адам датталған. Аманатқа қиянат етпеу – мүмін-мұсылмандардың сипаты екені айтылған. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) аманаттың жойылуы қия-меттің белгісі екенін ескерткені сондықтан.
Алла тағала қасиетті Құранда: «Қай қауым болсын, өз жағдайын өзі өзгертпесе, олардың жағдайын Алла өзгертпейді» («Рағыд» сүресі, 11-аят), – дейді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзі туып-өскен елі Мекке қаласында дін Исламды тапжылмай насихаттады. Алайда, оның ең адал әрі ең шыншыл адам екенін біле тұра Мекке мүшіріктері оған қысым көрсетті. Әз-пайғамбар (с.ғ.с.) ешбір қиындыққа мойымай, өз міндетін аса жоғары дәрежеде орындаумен болды. Исламды қабылдаған адамдар қоғамның ең әлсіз әрі әлеуметтік жағынан тым нашар топтары еді. Сондықтан, мүшіріктер түрлі тәсілдерді қолданып, оларды ауыр азапқа салды. Алланың елшісі (с.ғ.с.) мұсылмандарға Мәдина шаһарына қоныс аударуға рұқсат берді. Алғашқы мұсылмандар Мәдина қаласына һижрет етті, яғни көшті. Соңынан көп ұзамай пайғамбар да (с.ғ.с.) өзінің досы Әбу Бәкір (р.а.) екеуі иман ұя салған берекетті Мәдина қаласына қоныс аударды. Сол күннен бастап мұсылмандар тәуелсіз елге айналды. Егемен ел ретінде өзге мемлекеттермен қарым-қатынасы орныға бастады. Өзге патшалықтар бірінен соң бірі мұсылман мемлекетін мойындады.
Мұхаммедтің (с.ғ.с.) басқа пайғамбарлардан айырмашылығы, артықшылығы – Расул Акрам (с.ғ.с.) көзі тірісінде тәуелсіз Ислам өкіметін құра білуінде. Ал, басқа пайғамбарлардың діндері пайғамбарлар тірісінде мемлекеттің негізіне айналған емес. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) өз дінін мемлекеттің дініне айналдырды. Сол тұста, хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) құрған тәуелсіз елдің халқы өсіп-өніп, күшті жұртқа айналуы үшін Ислам дініндегі бес парыз үлкен рөл атқарды. Бес парыз – иман келтіру, намаз, ораза, зекет және қажылық. Бұл бесеудің тәуелсіз елдің тұғырына қосары ұшан-теңіз. Мысалы, әуелгі парыз – иман келтіру. Иманның құнын білу үшін имансыздықты еске алу жеткілікті. Егер тәуелсіз елдің ұл-қызы имансыз болса, не болмақ? Мұның кесірін айтып жатудың өзі артық. Елімізді имансыздықтан бір Алланың өзі сақтасын! Екінші парыз – намаз. Намаз – діннің діңгегі. Намаз тек күнәміздің төгілуі үшін ғана оқылмайды. Намаздан көзделген мақсат – ел ынтымағы. Бес уақыт намазда мешітте күніне бес рет жолыққан адамдардың татулығы жоғала ма? Бес рет амандасып, саулық сұрасқан халықтың ағайынгершілігі артпай ма? Ислам күніне бес рет жұрттың басын қосуға үндейді. Жылына бір-бірімен кездеспейтін, жүз көріспейтін туысқандар жоқ емес арамызда. Сондайлар бес уақыт намаз бен ораза, жұма намаздарында жолығып тұрса, қандай ғанибет?!
Әрине, намаз дау-дамайға себеп болмауы қажет. Сенің намазың дұрыс емес, менікі дұрыс деген сияқты дүмшелікке салынбау керек. Ел іші тыныш, ауызбіршілік пен ынтымақ болуы үшін біркелкі, бір мәзһабта намаз оқуымыздың қажеті туып отыр. Біздің ел Исламды дін ретінде ұстанғаннан бері ханафи мәзһабында. Ел мұсылмандарының қарашаңырағы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ханафи мәзһабына негізделген. Мемлекетіміздегі барлық мешіттердегі ғибадат-құлшылық ханафи мәзһабымен жүргізіледі. Ханафи мәзһабы Исламның сүнниттер тобына жатады. Ханафилердегі барлық мәселе қасиетті Құран мен хадис шәріптерге сай. Бәзбіреулер кеше ғана намаз бастағанына қарамай, бүкіл ел білмеген хадисті тауып алғандай болып, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осылай оқыды деп, ел арасын арандатып, «Қырық адам бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» демекші, теріс пиғыл танытып жүр. Бұл ел арасына іріткі салушылық екені бесенеден белгілі, ал қоғам ішіндегі мұндай жікшілдік аңсап жеткен тәуелсіздігімізге қатер тудыратыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан, бір мәзһабқа жүгіну – уақыт талабы. Мұны ескерген Елбасымыз өзінің бастамасымен «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдады, онда елімізде мойындалған екі діннің бірі – Исламның ханафи мәзһабы екендігі бекітілді. Бұл қуанышты жағдай. Ендігі уақытта уағыз-насихатқа тоқтамаған кейбіреулер заңға тоқтайды деген үміттеміз.
Үшінші парыз – ораза. Ораза да күнәнің кешірілуіне, жәннатқа лайық жанға айналдыруға қызмет етеді. Ал, оразаның қоғамдағы орны қандай? Ораза – өз қара басының ғана емес, өзгенің жағ-дайын ойлауға себепші болатын, жанашырлыққа, сабырлыққа бейімдейтін ғибадат. Ендеше, Тәуелсіз еліміздің барлық аза-маттары да осылай болса кәне! Ал, зекет – қайырымдылықты амалға асыру. Бұл адамдар бойындағы мейірімділікті оятатын құлшылық. Тәуелсіз еліміздің жағдайы бар, қалталы азаматтарының бойынан осы бір асыл қасиет табылып, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына атсалысып жатса, қанеки?!
Бес парыздың соңғысы – қа-жылық. Қажылық та жәннатқа жетелейді. Сондай-ақ, ол – ел арасында теңдікті уағыздайтын құлшылық. Бәріміз Құдай алдында теңбіз. Міне, бес парызда осындай қасиеттер бар. Әрі мұнан басқа да қасиеттері көп. Меніңше, біздің мына киелі тәуелсіздігіміз баянды болуы үшін қазақ бес парызға әрқашан бейім болуға тиіс.
Аллаға шүкір, азаттыққа қол жеткен күннен бастап-ақ дініміз Исламға үлкен мән беріле бастады. 1992 жылдың 15 қаңтарында Н.Ә.Назарбаевтың тікелей атсалы-суымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылды. Сол жылдары еліміз бойынша 68 мешіт болса, қазіргі таңда саны 2400-ден асты. Алматы қаласында жоғары білімді имамдарды дайындай-тын «Нұр-Мүбарак» университеті жұмыс жасаса, ел бойынша орта буынды имам-молдаларды оқы-татын 9 медресе бар. Мыңнан астам еліміздің жастары исламтану мамандығында оқып жүр. Құрбан айт – елімізде демалыс күні деп жарияланды.
Мен «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде қызмет жасаймын. Сәдуақас қажы Ғылмани (1890-1972) Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары дін басқармасының беделді мүшесі, Қазақ қазиі, бұрынғы қазияттың (муфтият) төрағасы, ақын, аудармашы, дін қайраткері. 1943-1949 жылдары Ақмола мешітінің Бас имамы болған. Қазіргі уақытта Сәдуақас қажы қызмет еткен мешіт әлі де бар. Ол 1943 жылдан бергі осы қаладағы жалғыз мешіт еді. Ескі мешіт Аймауытов көшесінің бойында, яғни қазіргі «Сәдуақас қажы Ғылмани» атындағы мешіт-тің ауласындағы ескі кішкентай ғана ғимарат. Сол сыйымдылығы жүз шақты адамға арналған ескі мешітке қарап, кешегі шолақ саясаттың көрінісін байқайсың.
Тәуелсiздiктiң арқасында, Аллаға шүкiр, бүгiнде елiмiздiң барлық аймақ-өңiрлерiнде неткен көрікті мешiттер бой көтеріп жатыр. Елордада қала сәулетiне көрiк берiп тұрған жеті мың орындық «Нұр Астана», он мың орындық «Хазірет Сұлтан», екі мың орындық «Сәдуақас қажы Ғылмани», бес жүз орындық «Шұбар», мың орындық «Шейх Кунту қажы», мың орындық «Теміржолшылар кенті», бір жарым мың орындық «Толыбай» атындағы ғажап зәулiм мешiттер мен мұндалап тұр. Осы мешіттерге қарап Елбасымыздың дінімізге деген жанашырлығын, қолдауын және дұрыс көзқарасын байқаймыз. Бұл жүргізіліп жатқан жемісті саясаттың салиқалы көрінісі.
«Ибраһим» сүресінің 7-аятында: «Егер (бергеніме) шүкір етсеңдер, Мен оларды арттырып беремін. Ал, күпір етсеңдер, әрине Менің азабым ауыр», – дейді. Демек, Құдайдың берген нығметтерінің жалғасымды болуы үшін және одан да үлкен нығметке, жетістіктерге жету үшін соған шүкір ету қажет. Шүкір еткен пендесіне Құдай арттырамын деп уәде еткен, ал, күпір еткенге, яғни шүкірсіздікке салынғандарға азабының ауыр екенін ескертеді. Құдайға шүкір етуші боп, күпір етуден аулақ болайық, ағайын! Тәуелсіздігіміз баянды бола бергей!
Бақтыбай ҚЫДЫРБАЙҰЛЫ,
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің Бас имамы

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Top