Бақыт деген не өзі?..

Британ зерттеу орталығының сарапшылары жүргізген зерттеулер үш параметр бойынша «бақытты елді» анықтапты. Қойылған талаптардың біріншісі – тұрғындардың өз өмірлеріне қанағаттануы, екіншісі – өмір сүру ұзақтығы, үшіншісі – экологиялық жағдай.
Таңдауға Еуропаның 30 елі қатысқан. Нәтижесінде Скандинавия мемлекеттері ешкімге дес бермей, көш басына шыққан. Атап айтқанда, Исландия 1-ші, Швеция 2-ші, Норвегия 3-ші, Дания 6-шы орыннан көрініпті. Төртінші орынға жайғасқан Швейцарияда Еуропа бойынша ең ұзақ өмір сүретін адамдар тұрады екен. Ондағы халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы – 80,5 жас. Салыстыру үшін айтар болсақ, Қазақстандағы орташа өмір сүру ұзақтығы әйелдерде – 72,5 жас, еркектер арасында – 61,5 жасты құрайды. Еуропа бойынша ең төмен өмір сүру ұзақтығы Латвияда – 70,7 жас. Ал әлем бойынша бақытты елдер рейтингісінде Тынық мұхитында орналасқан арал мемлекет – Вануату деген ел көш бастайтын көрінеді. Демек, мемлекет «бақытты» болуы үшін оның атышулы алпауыт болуы міндетті емес екен.
Бақыт жайындағы толғаныс заманалар бойы еш уақыт толастаған емес. Бұл туралы ойланбаған, жазбаған ойшылдар мен хәкімдер кемде-кем. Өйткені, бақытқа жету, бақытты болу – бар адамның арманы. Патшалар өздерінің зәулім сарайларында қалай бақытты болуды аңсап бас қатырса, кедей-кембағалдар лашықтарында отырып, көздеген мұратына жетсем деп күнін күрсінумен өткізген. Әрқайсы өз бақытын табу жолында мына өмірдің сан қилы соқпақтарынан өтуге бел шеше кірісіп, қаншама тауқымет көрсе де, кідіріссіз алға ұмтылумен болған.
Тарихта талай адамдар бақыт іздеп өмір сүрді. Олардың көбі бақыттың не екенін түсінбегендіктен, оны жоқ жерден іздеді. Яғни, олар үшін бақыт – шөл жазирадағы сағымдай көзге көрінбейтін, дауысы естілмейтін, аты бар да, заты жоқ сиқырдай сезілгендіктен, сансыз сезім жетегінде ел мен жер кезіп, әуре-сарсаңға түсті.
Қазіргі заманда бақыт та, байлық та, өмірдің мәні де – мал-дүние дейтіндердің саны басым. Олар: «Бақыт адамның басына қонады. Оны ұстап қалса, тұрақтап қалады», – дейді. Бұл сөздерді байлыққа, кәсіпке, шат-шадыман тұрмысқа байланыстырып айтады. Алайда, байлыққа белшесінен батып, тұрмыс жағдайы күн санап артқан кісілердің рухани тоқырауға ұшырап, ажарсыз күйге түсетіндері аз емес.
Демек, мал-дүниенің көбейіп, киімнің көк, қарынның тоқ болуы бақытты болудың алғы шарты саналмайды. Байлықты өмірдің сәні мен мәніне балап жүргендердің сол еңбегін, уақытын сарп етіп, ыстығына күйіп, суығына тоңып жүріп тапқан мал-дүниесінің қамы үшін күндіз-түні шапқылап, жанын қинауы, түндерде тыныш ұйықтай алмауы, күндердің күнінде тығырыққа тірелемін-ау деп уайымдауы, қуанышынан гөрі қорқыныш-қайғысының артуы бұл дүниедегі көрер азаптарының қатарына жатады.
«Адами өмірдің басты мақсаты – байлықта» дейтіндерді аз мал-дүние бай етпейді. Ал қанша көбейсе де, тойғыза алмайды. Сондықтан да, халқымыз: «Адамның көзі топыраққа ғана тояды», – деп бекер айтпаған.
Қазіргі күні біз білім мен ғылым, техника жетістіктерінің жемісін көріп, тұрмысымызға соны жаңалықтар қосылуда. Көптеген дамыған елдер мен ірі қалалардың тұрғындары өзіне керек нәрсесін базарға бармай-ақ, компьютер арқылы сатып алатын деңгейге жетті. Бірақ, олар осы үшін өздерін бақыттымыз дей ала ма?
Тарихта талай ғалымдар көз майларын, дене қуатын сарқа жұмсап, білім-ғылым жолында ізденіс жасағаны белгілі. Олар адамзаттың игілікке кенеліп, бақытты өмір сүрулерін аңсады. Бірақ та, олардың тыңнан ашқан жаңалықтары мен тәжірибелерін өз мүдделеріне пайдаланған залым ниеттілердің кесірінен миллиондаған адам құрбан болса, үлкен тобы қасірет шегумен өтті. Бұған ХХ ғасырдың басты жаңалығы – атом бомбасын мысал етуге болады. Ғылым мен техниканың атасы аталып, елдің құрметіне бөленген сол ғалымдар өздері ашқан жаңалықтың адамзатқа бақыт емес, орасан зор апат әкеліп жатқанын көріп, өкініштен өзектері өртенді. Олар адам баласына бақыт сыйлау бір Алланың ғана қолында екенін терең сезінді.
Арамызда бақыттың бастауын – биік лауазым, қолдағы билік деп түсінетіндер де жоқ емес. Ал осы айтылған байлық пен билік жөнінде бізден бұрынғы ғұламалар не деген? Соған мысалдар келтіре кетейік.
Бірде Ескендір Зұлқарнайын патша (А.Македонский) ел аралап жүріп, бір ғалыммен ойда-жоқта танысыпты. Ұлы билеушіге оқымыстының ойы да, сөзі де, өзі де ұнайды. Патша ғұламаға қалайда бір жақсылық жасағысы келіп, одан нендей дүние қалайтынын, не тілейтінін сұрапты. Сонда ғалым біраз ойланып тұрып:
– Алдияр, көңіліңізге, ниетіңізге шексіз рақмет! Алда-жалда байлыққа белшемнен бата қалсам, оны ұры-қарыдан қорғаймын деп қу дүниенің құлы болып кетемін. Ал лауазым иесі болсам, бақай есеп, баққұмарлардың қамауында қалып, еркіндіктен ықтиярсыз баз кешетін боламын. Бұл дегеніміз – азат басты құл ету. Мен үшін еркіндіктің жөні бөлек. Маған байлықтың да, биліктің де керегі жоқ. Анығын айтқанда, азат басты саудаға сала алмаймын, – депті.
Осыған ұқсас Шақиқи Бәлхидің мына бір ғибратты мысалы да кісіге ой саларлық.
Бірде Харон Рашид пен данышпан Шақиқи Бәлхи әңгімелесіп отырыпты. Бір кезде данышпан: «Патшам, ұшы-қиырсыз шөл далаға тап болдыңыз делік. Неше күн жүріп, шөл қысып, өліп бара жатқан жайыңыз бар. Алда-жалда алдыңыздан біреу шығып: «Бір жұтым су берем, ажалдан аман қаласың. Бірақ, маған байлығыңның жартысын бер», – десе, берер ме едіңіз?», – деп сұрапты. Патша ойланбастан: «Қу жанымнан қымбат па, берер едім», – депті. Данышпан: «Дұрыс айттыңыз», – деп, артынша: «Уа, патшам, сіз ол суды ішкенмен, әлден уақытта дәрет қысып, өлер болдыңыз. Өздігіңізден шамаңыз келер емес. Әлден уақытта біреу келіп: «Маған қалған жарты байлығыңды бер, ішкен суыңды қайта сыртқа шығарасың», – десе, берер ме едіңіз?», – дейді.
Патша: «Иә, бермеске амал бар ма?», – депті. Сонда данышпан: «Әй, Харон! Ендеше, басыңа іс түскенде ішіп, қайта сыртқа шығарған су құрлы құны жоқ байлығыңа есіріп, ешқашан мақтанушы болма», – деп үлкен ой салған екен.
Расында, қолдың кірі саналатын бай-лыққа бола адамның дәрежесі артпайды. Өйткені, байлық та, кедейлік те адам баласы үшін бар болғаны сынақ. Мұң-мұқтажға қарассын, сауап алсын деп берген байлық адамды тәкаппарлыққа, өркөкіректікке ұрын-дыратын болса, онда мұндай мал-дүние – оның иесінің соры ғана. Мұны Мәшһүр Жүсіп бабамыз өз өлеңінде былайша өте әдемі ұқтырған:

Көңілді шын ниетпен қойсаң аққа,
Тура жол түзу бастар оңған жаққа.
Біреуді бай, біреуді жарлы еткен,
Пендесін әр күйменен сынамаққа.
Бай-кедей – бәрі бірдей Құдайға құл.
Біреуді кем етіп қойған, біреуді – мол.
«Бай кедейге ауыссын, қарассын» деп,
Шеберлікпен жаратқан құдіреті сол!

Иә, байлық – сынақ, сол себепті адам өзімен әкелмеген, кетерде өзімен бірге ала кетпейтін байлығына масаттанбауы керек. Өйткені, шын бақыт – ол емес.
Ғұмырында елдің ауызбірлігіне баса назар аударған, ақтарылса сырға тұнған данышпандардың билік туралы айтқан оқиғаларынан сыр шертелік.
…Ілгері заманда айтулы бір қолбасшы шағын қаланы жаулап алыпты. Қала халқы қарсылықсыз бағыныпты. Қолбасшы да жеңілген халыққа тізесін батырмай, алым-салығын ғана алыпты. Ол қаланың барша жұртын жинап: «Өз араларыңда ақылды адам бар ма? Болса кім? Мен сол адамды сіздерге әмірші етіп тағайындаймын», – депті. Көпшіліктің ішінен біреу: «Патшамыздың ұлы бәрімізден ақылды еді. Бірақ, ол қазір дәруіш болып, бейіттердің арасында жүр», – дейді күмілжіп. Қолбасшы екі нөкерін дәруішті алып келуге жібереді. Нөкерлер бейіт басында отырған дәруішті көріп: «Ей, дәруіш! Сені Құдай жарылқады. Сен бақытты боласың. Өз қалаңа әмірші болатын болдың. Қолбасшымыз бізді сені шақырып келуге жіберді», – дейді.
– Бармаймын, – депті сонда дәруіш, – Әмірші болу үшін халықпен істес болу керек. Мен өзімді биік санаймын деп астамшылыққа ұрынып, осындай хәлге душар болған жанмын. Салтанатты сәнді сарайда тұрудың маған еш қажеті жоқ. Бүкіл әлемдегі жолдың бәрі осы зиратқа келіп бітеді, – депті. Екі нөкер қайтып келіп:
– Бізге еріп жүрмеді, – дегенде қолбасшы ашуланып:
– Қазір маған ол дәруішті күштеп алып келіңдер, – деп қайта бұйрық берген соң, нөкерлер дәруішті алып келіпті.
– Патшам, сізге бейіт басынан екі сүйек ала келдім. Бірі – әміршінің сүйегі, бірі – дәруіштікі. Осыны ажыратып бере аласыз ба? – дейді дәруіш.
– Ей, сен не тантып тұрсың? Қураған сүйекті қалай ажыратуға болады?
– Ендеше, асыл текті патшам, әмірші мен дәруіштің сүйектерінде еш айырмашылық болмаса, маған дәруіштіктен әмірші болудың қажеті қанша? – дегенде патша ойланып отырып:
– Сені жұрт есалаң дейді. Бірақ, сен негізінде ақылды адам екенсің. Сен әмірші бол, – дейді.
– Жоқ, әмірші болу маған қол емес.
– Ойлан, кезінде патшаның ұлы, әмірші болдың, қазір дәруішсің. Алма-кезек өткінші бір дүние ғой бұл өмір. Қайтадан әмірші болғың келсе, жол ашық, – деп, патша қайта-қайта айта берген соң, дәруіш илігіп:
– Ендеше менің төрт тілегім бар. Соны орындасаңыз, әмірші болайын, – дейді, – Бірінші тілегім: маған өлмейтін өмір бер. Екінші тілегім: қартаймайтын жастық бер. Үшінші тілегім: сарқылмайтын байлық бер. Төртінші тілегім: қайғыға айналмайтын қуаныш бер.
Сонда қолбасшы басы салбырап:
– Уа, дәруіш! Мен саған бұларды бере алмаймын. Себебі, бұл Жаратушы Алланың билігінде ғана. Мен өзім де осы нәрселерге мұқтажбын ғой, – деген екен…
Көпшілік көзімен қарасақ, бұл өмір бітпейтін қарбалас. Соңы мағынасыз жеңіліспен, яғни «өліммен» бітетін тоқтаусыз айналып жатқан дөңгелек шар секілді. Көз ілмей еңбек етіп, болашақ өміріміз үшін байлық жинаймыз. Ол байлықты біреу алдап жинайды, біреу арбап жинайды. Жастық жігерді, саналы білімді сарп етіп жинаған дүниенің соңы не болмақ? Өлім сәті жеткенде осының бәрінің түкке тұрғысыз нәрсе екенін білу қандай өкінішті. Осы мағынасыз күрес не үшін? Әрине, бақытты өмір сүру үшін. Бірақ ол кімді бақытқа жеткізді?
Кез келгеннің қолына түсе бермейтін бақыт неде? Иә, бақыт – Алла тағаланың жіберген хақ діні Исламда. Білімдіні білімсіз, әлдіні әлсіз басқарған заманда адамзат иманға, рухани азыққа зәру. Қатыгездік, арамдық, имансыздық жайлаған жерден қандай жақсылық, жылылық табуға болады? Осындай ластыққа төзе алмаған қаншама жас-кәрі өмірден түңілді. Бүкіл әлемнің жаратушысы Алла тағала құлдарының бақытты болғанын қалайды. Имансыздықтың дәріптелген, әдепсіздіктің құрметтелген уақытында адам жанының, тәнінің шипасы бола алатын нәрсе – Ислам діні ғана. Алла жіберген қасиетті Құран бізге тура жол көрсетуші шырақ секілді. Оны өмірінің өзегі еткен адам Алланың көркем тәрбиесін алып, екі дүниелік ілім мен сауапқа кенеледі. Өмірде туындайтын көптеген шешуі қиын сұрақтарға қасиетті Кітаптан жауап табуға ұмтылады.
Алла тағала бақытты хақ дінінің ішіне сыйғызып қойған. Оны басқа жерден табамын деу – адасушылық.
Біздер пендешілікпен сағаттың алға жүргеніне, жылға-жыл қосылғанына қуанамыз. Ал, шын мәнінде, сағаттың әр тықылы, күн мен түннің ауысуы, жылдан-жылға есеюіміз өміріміздің біртіндеп қысқарып келе жатқанын ескертетінін ойлана бермейміз. Әрбір басқан қадам дүниенің бітетін жеріне, қара жердің қойнауына бастап бара жатқандығын ескермейміз. Олай болса, Аллаға құлшылық етуге асығайық. Бұл дүниеде Жаратушы алдындағы міндетімізді орындамай, өкінетіндердің емес, құлшылығымызды қалтқысыз атқарып, бақыттылар қатарына қосылайық.
Сөзімізді түйіндер болсақ, бақытқа материалдық көзқараспен қарауға болмайды. Өйткені, ол көзбен көріп, таразымен өлшейтін нәрсе емес. Оны байлықпен, яғни теңге не доллармен сатып алуға тіпті де болмайды. Бақыт сырттан келмейді. Ол адамның ішкі жан-дүниесінен туындайды. Көңіл күй шаттыққа толып, жүректің жылуы артып, тән тазарып, ар-ұждан дінмен сабақтасып, ақыл жүректің әмірін тыңдап, ал жүрек Алланың әміріне бойұсынып, иман нұрына бөленген кезде адам нағыз бақытқа кенеледі. Бақыт – Ислам дініне деген шынайы ниетте. Шын ықыласымен қол жайып, тілеген тілектің қабыл болуы әрі Алла тарапынан қабыл болатынына риясыз сену – нағыз бақыт. Бір сөзбен айтқанда, аңсаған арманыңа дұға, тілегің арқылы қол жеткізгеннен артық бақыт болмайды.
Бақыт – тұңғиық әлемнің сырына Алла берген ақылмен ойланып, ізденіс жасау. Осындай күрделі жаратылысқа иелік етіп, ондағы тіршілік иелеріне өзінің орнатқан заңды құбылыстары арқылы өмір мен өлім сыйлап, сансыз нығметтер беріп, мейіріміне бөлеп тұрған Жаратушыны еске алу, Алла тарапынан жүрекке орнаған мейірім тозаңдай болса да, оны жүректен аластамауға бар күш-жігерін жұмсаған жанның бақыты үстем.
Ислам – жақсылық діні. Алла тағала Құранда айтады: «Олар Аллаға, ақырет күніне сенеді де дұрысқа қосып, бұрыстан тосады. Сондай-ақ, қайырлы істерде жарысады. Міне, солар ізгілер» («Әли Имран» сүресі, 114-аят).
Шын мұсылман адам қандай бақытты! Қуанышқа кенелсе, Аллаға шүкірлік етеді. Қайғыға душар болса, сабырлылық танытады.
Реті келіп тұрғанда, халық арасында кеңінен айтылып жүрген мына өлең жолдарын мақаламызға тұздық ретінде ұсына кеткенді жөн көрдім.

«Бақыт деген не өзі?», –
деп бастады топ таласты.
Бірі оны үйден іздеп,
бірі қырдан әрі асты.

Бірі айтады: «Бақыт деген –
барлық, байлық емес пе?
Керегінше киіп ішсең,
бақыттысың емес пе?».

Бірі айтады: «Жоқ, бақыт деген –
қолың жетпес мансап қой.
Жұрттан гөрі жүрсең ерек,
соның өзі жақсы ат қой».

Бірі айтады: «Бақыт деген –
жүйрік мініп, той тойлау.
Ісің болмай күйбеңменен,
қарын тойса, карта ойнау».

Бірі айтады: «Бақыт деген –
адал жар мен перзент қой.
Ынтымаққа ырыс келген,
ол да соған ермек қой».

Пікірлердің таласына осылай
мен жолықтым.
Бақыт адам баласына
келмес оңай, соны ұқтым.

Безбеймін мен баладан да,
байлықтан да, жардан да,
Мансап жетпес бар адамға
үлестіріп алғанда.

Үміт үзбей іздейді олар,
тыңдап сол бір жақұтты,
Оны алыстан іздемегін,
жүректен тап бақытты!»

Бауырмалдыққа үндейтін, жақсылыққа бастайтын Ислам дінінен тәлім алар болсақ қана, біз екі дүниелік бақытқа ие боламыз. Әумин!

Тәшен Есімсейітұлы,
Ұлытау ауданы,
Қарағанды облысы

Бақыт деген не өзі?..” мақаласына 1 пікір жазылған

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Top