Ислам дініндегі әйелдің орны

Тарихқа қарасақ, Ислам діні келгенге дейін, әлемде әйел баласының кемсітіліп, көп қағажу көргенін байқаймыз. Әйел затын қорлықта ұстау, адам қатарында санамау, арын аяққа таптау, туған әке-шешесінің мұрасынан қағу сынды, т.б. жаман әдеттер араб қоғамында да бар еді.
Ислам діні алғашқы уақыттардан бастап-ақ әйел затының жанұядағы әрі қоғамдағы орнын белгіледі. Өзіне тиесілі міндетін нақтылап, ар-ұяты мен абыройын қорғады. Сүйкімді қыз, сүйікті жар, аяулы ана ретінде беделін өсірді. Дініміздің әйелдерге зор қамқорлық жасауы – бар­ша әйел за­ты үшін адам­зат тарихындағы теңдессіз оқиға болды. Өйткені, өзге елдерде де әйелдің жағдайы тым аянышты күйде еді. Құран Кәрімде 176 аяттан тұратын «Ниса» («Әйелдер»), 98 аяттан тұратын «Мәриям» деп аталатын сүрелер тікелей әйелдерге арналған. Бұдан басқа, «Нұр», «Ахзаб», «Мұмтахина», «Тахрим», «Талақ» сүрелерінде де дініміздегі әйел адамның орны туралы кеңінен айтылған. Бұл – Ислам дінінің әйелдерге қаншалықты көңіл бөлгеніне дәлел.
Араб қоғамында қыз баланы асыраудан қашатын, ұлды артық көріп, қызды болғанына күйініп, қатты ызаланатындар да бар еді. Бұндай жауыз мінездің асқынғаны сонша – жаңа туған нәзік жанды шарананы шімірікпестен тірідей өлімге қиып, аулаққа апарып көміп тастайтындары да кездесетін.
Қыз баланы бетке шіркеу, сүйекке таңба санайтын надандық әрекет Құранда ащы сынға алынған: «Кейбіреулері қызды болғанын естігенде, ашудан жүздері түтігіп, түнеріп кетеді. Бұндай «жаман» хабардың салдарынан ел көзінен тасаланады. Бұл қорлыққа шыдап, оны асырап-бағу керек пе, жоқ әлде топыраққа көміп тастаған дұрыс па? Қараңдаршы, берген үкімдері қандай жаман?!» («Нахл» сүресі, 58-59-аяттар).
Сол кезде Жаратушы Ие надандық дәуіріндегі осы бір тағылыққа тосқауыл қойып, қыз баланы өлтірмеуге шақырды: «Жар­лы күй кешіп, тұрмыс-тіршіліктерің на­шар болғандығы үшін балаларыңды өлтірмеңдер! Сендердің де, олардың да ризығын Біз береміз» («Әнғам» сүресі, 151-аят).
Сондай-ақ, қиямет күнінде бейкүнә сәбилерге көрсетілген жауыздықтың есебі сұраққа алынып, жа­за­сыз кетпейтіндігі ескертіледі: «Тірідей көмілген балаларыңа «Қандай кінә-ларың бар еді, нен­дей күнә үшін өлтірілдіңдер?», – деп сұралғанда…» («Такуир» сүресі, 8-9 аяттар).
Бірде үлкен сахабалардың бірі өткенін еске алғанда, кейде қатты жылағысы, кейде күлгісі келетінін айтқан еді. Қасындағылар мұның себебін сұрағанда: «Жылағым келетін себебі – Исламға дейінгі кезде бір қызым бар еді. Төрт жасқа толғанда, көзін құртпақ пиғылмен шөлге ертіп апардым. Шұңқыр қазып жатқанымда, қызым ештеңеден бейхабар күйде менің үстіме жұққан құм-топырақты тазалаумен болды. Қазып болғаннан кейін, қызымды шыңғырып жылағанына қарамас-тан тірідей көміп кетіп едім. Сол бір қатігездігім есіме түскен сайын, еріксіз көзімнің сорасы ағады. Ал күлгім келетіні – жаһил кезімізде ұннан әртүрлі мүсін жасап, соған табынатын едік. Кейде соны отқа пісіріп жеп те қоятынбыз. Сол кезгі надандығымызға қазір күлкім келеді», − деп жауап берген екен.
Демек, Ислам діні алғашқы уақыттардан бастап-ақ қыз ба-лаларға мейіріммен, аяушылық-пен қарауға шақырған. Тіпті бір жанұядағы балаларды да ұл-қыз деп алаламауға тәрбиелеуінің өзі қыз балаларға дініміздің зор көңіл бөлгенін байқатады.
Адамзаттың асылы сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дінді на-сихаттай бастағанда, әйелдер қауымы да оған өте көп қолдау көрсеткен. Айталық, Хадиша анамыздың (р.а.) Исламды алғаш болып қабылдап, бүкіл байлығын дін жолында сарп еткені белгілі. Осы себепті пай-ғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ел менен теріс айналған кезде, Хадиша маған сенді. Айтқандарымды ешкім қабылдамағанда, мені алғашқы болып растаған сол еді», – деп, оны өмір бойы ұмытпай, жақсылықтарын әрдайым еске алып отырған. Хадиша анамыз (р.а.) мұсылман болған соң, кейін қыздары Руқия, Зейнеп, Үммү Күлсім және Фатима да Ислам дінін қабылдаған.
Қыздары пайғамбарымызды (с.ғ.с.) қатты жақсы көретін. Аяулы әкелерін қорғау үшін өжет мінезге де баратын. Бір күні пайғамба-рымыз (с.ғ.с.) Қағбада намаз оқып тұрған кезде, Әбу Жәһил бастаған бір топ мүшрік бұқпантайлап келіп, мүбәрак басына түйенің ішек-қарнын тастап жіберіп, айыздары қана сыртынан әжуалап күліп жатты. Олардың мазақтаған дөрекі дауыстарын естігенде, Фатима (р.а.) жан ұшыра жүгіріп келіп, мүшріктерге жер-жебіріне жете ұрысты. Жылап тұрып әкесінің үстінен аққан малдың қан-жынын тазалады. Әлгілердің аузына құм құйылып, дереу күлкісін тыйды (Хайсами Али ибн Әбу Бәкр, Мәжмауз-зауаид, VI,13, Каир, х.1407 ж.).
Дін жолындағы осындай табанды ерліктері мен қажырлы еңбектерін бағалап пайғам-барымыз (с.ғ.с.) бірде: «Осы дүниеде де, ақыретте де құрметке ие болатын төрт әйел бар: Имранның қызы – Мәриям, перғауынның жары – Әсия, Хуайлидтің қызы – Хадиша, Мұхаммедтің қызы – Фатима», – деген еді (Ибн Исхақ Мухаммед, Сира, ред: М. Хамидуллаһ, Кония, 1981. Б. 228.).
Ислам тарихында алғашқы шейіттің де әйел кісі болғаны баршамызға мәлім. Исламды жарыса қабылдап жатқандардың көпшілігін әйелдер құраған. Айталық, Әбу Бәкірдің (р.а.) үйінің қасына келіп, іштен дауыстап оқылған Құранға құлақ түретіндердің де біразы әйелдер еді. Өйткені, мүшріктер: «Әбу Бәкір әйел, бала-шағамызды жолдан тайдыратын болды», – деп уайымдаған (Рыза Саваш, Хаз. Мухаммед (с.а.в.) девринде кадын, Б. 81. Стамбул, 1991).
Тарихшылар сахаба Омардың (р.а.) Ислам дінін қабылдаған қырқыншы ер кісі екенін, оған дейін 39 ер кісі, 10 әйелдің мұсылман болғанын айтады. Алайда, кейбір зерттеушілер Омар (р.а.) Ислам дінін қабылдаған кездегі мұсылман әйелдердің саны ер кісілерден де көп болғанын алға тартады (Бұл да сонда. Б. 82.). Әйгілі Ұхұд соғысына 14 әйел қатысқаны айтылады (Ибн Сағыд Мухаммед Әбу Абдиллаһ, әт-Табақатул-кубра, VIII, Б. 241. Бәйрут, 1968.).
Ер кісілермен қатар әйелдер де пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп серт беретін.
«…Мұндай серттерін білдіру үшін кейде топ-тобымен келіп жатса, кейде 2-3 әйел бірге келетін еді. Олар серт беруге келгендерін айтқанда, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) берген серттерін қабылдап, оларға керекті үгіт-насихат айтатын. Осындай серт беру оқиғасын Сәлма бинт Қайс былай баяндайды: «Ансарлы әйелдермен бірге топ болып келіп, пайғамбарымызға серт бердік. Расулулла (с.ғ.с.) бізге Аллаға серік қоспауды, ұрлық жасамауды, зинаға жанаспауды, балаларымызды өлтірмеуді, біреу-ге жала жаппауды, өзіне қарсы келмеуді насихат етті және «Күйеу-леріңді алдамаңдар» деді. Біз осы айтылғандарды орындауға уәде бердік. Үйге қайтып бара жатқанда, бір әйелге пайғамбарымызға қайта барып әлгі «Күйеулеріңді алдамаңдар» дегенінің мәнісі не екенін сұрауын өтіндім. Алла елшісі (с.ғ.с.) мұның «Күйеуінің рұқсатынсыз оның дүние-мүлкі-нен ешкімге ештеңе бермеу» екен-дігін түсіндіріпті» (Ш. Әділбаева, «Алғашқы мұсылман қоғамын-дағы әйелдер». Конференция материалы.).
Мәдина кезеңінің алғашқы жылдарында мұсылмандар қатты қиналғанда, әйелдер алтын, күмістен жасалған жүзік, сырғаларын, алқаларын пайғамбарымызға (с.ғ.с.) әкеп табыстап, мұсылмандарға көп көмек көрсеткен (Бұл да сонда). Бұл да әйелдердің дін үшін барлық жанқиярлыққа бара білген ықыластылықтарын дәлелдеуде.
Ислам тарихшыларының сөзіне сүйенсек, әйелдер дін үшін Исламдағы соғыстарда айтарлықтай белсенділік танытқан. Тікелей қару алып шайқасумен қатар, керек кездерінде түрлі қызметтер де атқарған. Айталық, Исламның алғашқы кезеңінде мұсылман болған әйелдердің кейбіреулері жасырын тыңшы-лық қызмет жасады. Олар мұсыл-мандарға мүшріктердің қитұрқы жоспарларын астыртын жеткізіп тұрды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинаға ірге көтеріп, қоныс аудармақ болғанда, оған таң алагеуімде қастандық жасамақ болған мүшріктердің арам пиғы-лын мұсылмандарға алдын-ала хабарлаған Рукәйка бинт Әбу Сайфи еді. Сол түні Алла елшісінің (с.ғ.с.) төсегіне Әли (р.а.) келіп жатып, үй торыған дұшпандар пайғамбарымыздың қай уақытта үйден шығып кеткенін сезбей, айлалары іске аспай, сан соғып қалып еді (Ибн Сағыд Мухаммед Әбу Абдиллаһ, әт-Табақатул-кубра, VIII, Бәйрут, 1968. Б. 52.).
Сол жолы Мәдинаға һижрет етіп бара жатып мүшріктерден жасырынып, үңгірді паналаған кездерінде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен қасындағы Әбу Бәкірге оның қызы Әсманың тамақ тасып, басқа да керек-жарақтарын жеткізіп тұрғаны тарихтан белгілі (Бухари Әбу Абдиллаһ Мухаммед ибн Исмаил, Сахих, IV, Станбул, 1981. Б. 13.).
Ислам үкімдерін әйелдер де ер кісілерден кем меңгермеген. Бір ғана Айша анамыздың (р.а.) өзі дінге көп еңбек сіңірген. Сонымен қатар, ол көпшіліктің сый-құрметіне бөленген дін ға-лымы болған, пәтуа беретін биік деңгейден көрінген. Жастарының ұлғайғанына қарамастан кей сахабалар білмеген нәрселерін келіп Айшадан (р.а.) сұрайтын. Келтірген айқын дәлелдері Айшаның (р.а.) пікірін оларға еріксіз мойындататын. Тіпті, хазреті Омардың (р.а.) өзі білмеген нәрсесін хазреті Айша анамыздан (р.а.) үйренетін. Оның әсіресе сүннетке қатысты мәселелерді жиі сұрайтын бірден-бір адамы осы Айша анамыз (р.а.) еді. Хайра бинт Әби Хадра әл-Әсләми, Умәйма бинт Абд ибн Бижад, Рукайка бинт Хуәйлидтің қызы Умәйма, Зейнеп бинт Қайс (р.а.) секілді есімдерді де ұстаздық жасап, Ислам дінінің кеңірек тарауына үлес қосқан әйел кісілердің қатарында айта кетуге болады.
Айша анамыздан (р.а.) та-биундардан Саид ибн Мусәииб, Әлқама ибн Қайс және Мәсрук ибн әл-Әжда сияқты хадис алыптары хадис риуаят еткен. Сахих хадис кітаптарында Айша анамыздың (р.а.) берген пәтуалары өте көп кездеседі.
Хазреті Айша (р.а.) пайғам-барымыздың (с.ғ.с.) өмір бойы ешқандай қызметшіні ренжіт-пегенін, ешқандай әйеліне қол көтермегенін айтады.
Алла тағала: «Сондай-ақ, олармен (әйелдермен) жақсы шығысыңдар. Егер оларды жек көрсеңдер, сендердің жақтырмаған нәрселеріңде Алланың көптеген жақсылығы болуы мүмкін» («Ниса» сүресі, 19-аят), – деп, отбасында ыдыс-аяқ сылдырлаған жағдайда сабырға келуге, әйелдің бір қылығы жайсыз көрінген жағдайда қатты ашуланып, қателіктерге ұрынбауға шақырады. Жаратушы Иеміздің қай ісінде де біз білмейтін талай хикмет, жақсылық жататынын еске салады.
Әйелді ұру былай тұрсын, күйеуінің оған ренжуін де дұрыс санамаған Алла елшісі (с.ғ.с.): «Мүмін ер кісі мүмін бір әйелге ашуланып ренжімесін. Адам әйелінің бір мінезін ұнатпаса, басқа мінезіне риза болады», – деген (Mүслім, т.II, Б. 1091.).
Тағы бір хадисте: «Мүміндердің иман жағынан ең кәмілі – көркем мінезде ең жақсысы, ал сендердің ең жақсыларың – жұбайларыңмен жақсы қарым-қатынаста болғандарың», – деген пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әйелді қай кезде де сыйлауға, оған дөрекілік көрсетпеуге, олармен жақсы тіл табысуға шақырған. Осы тұрғыда: «Ақыретте күйеуі ұрған әйелдің жоқтаушысы мен боламын», «Күйеуіне қиындық тудырмай, баласын бағып, намазын оқыған әйелдер сөз жоқ жұмаққа барады», − деген хадистері де баршаға ой саларлық.
Бір шаңырақтағы балалардың арасын алалағанды құп көрмеген Ақиық елші (с.ғ.с.): «Кімде-кімнің үш (екі я бір) қызы болса, соларға жақсы қараса, ақыретте жұмаққа барады», – деп, қыз балаға мейіріммен қарап, ұлдан кем көрмеуді өсиет еткен.
Ислам діні әйел баласын ана ретінде аса қадір тұтқан. «Жұмақ – аналардың табанының астында», «Кімге жақсылық жасайын?» – деген сахабаға үш рет «Анаңа» деп жауап берген хадистері осыған дәлел.
Құран Кәрім әйел мен еркектің ізгі амалдарда, ақыреттегі сыйда бір-біріне тең екенін ескертумен қатар, «Ерлердің әйелдердегі хақтары сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі хақтары бар» («Бақара» сүресі, 228-аят), – дейді. Шапағат пен мейірімнің үлгісі болған, барлық ісі жақсылық пен түсіністікке негізделген пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әйел-дердің құқықтарын аяқасты етпеңдер, Алладан қорқыңдар. Өйткені, сендер оларды Алланың аманаты ретінде алдыңдар» (әл-Әжлуни, т. I, 36), «Сендердің ең ардақтыларың − жарлары мен балаларына жақсы қарағандарың. Араларыңда жанұясына ең жақсы қарайтын менмін» (Mүнәуи, т. III, Б. 495.), – деп әйелге жай емес, Алланың ер-азаматтарға тапсырған аманаты ретінде қарауға шақырды.
Хазреті Омар (р.а.) бұл жайында: «Біз әйел баласының да жеке құқықтары болатынын Ислам келгенде барып біле бастадық», – деп еске алған (Ибн Исхақ Мухаммед, Сира, ред: М. Хамидуллаһ, Кония, 1981. Б. 46.).
Ешқандай діни істе әйелге шектеу қойылмады. Олар да ер кісілермен қатар бір мешітте ғибадат жасады. Барлық діни міндеттер ерге де, әйелге де ортақ жүктелді (намаз, ораза, зекет, қажылық, садақа беру, т.б.). Алла тағаладан түскен әмірлерді әйелдер де қал-қадырынша орындауға тырысты (һижрет, жиһад, ілім үйрену, ғылымға үлес қосу, ұрпақ тәрбиелеу, дұға, т.б.).
Әйел баласы қайта кей уақыттарда ер кісілерге қарағанда артық құқықтарға ие болды. Хайыз уақыттарында, босанғаннан кейінгі уақыттарда кейбір діни парыздарды орындаудан босатылады. Күйеуге ұзатыларда қыздың разылығы міндетті түрде ескерілді. Ол тіпті туған нәрестесін емізбей, ол үшін жеке қызметші жалдауға да құқылы болды.
Сонау VII ғасырдан бастап қалыптасқан әдет бойынша мұсылман әйел қашан да өзінің ар-ибасымен, ақыл-парасат, сыпайы мінез, төмен етектіге тән әдептілігі, жан сұлулығы, биязы жүріс-тұрыс, Алланың бұйрығына сай әурет жерлерін жауып киінуімен, қай кезде де ұятын сақтаған имандылығымен ерекшеленген.
Әйел баласының киімі жайында Құранда былай делінген: «Мүмін әйелдерге де айт: өздеріне харам етілген нәрселерге қарамасын, ұятты жерлерін зинадан, күнә атаулыдан қорғасын, мәжбүр көрінген жерлерінен (бет, екі қол, тобықтан төмен екі аяқ) тыс әдеміліктерін көрсетпесін. Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Көркін көрсетпесін» («Нұр» сүресі, 31-аят).
Әйел баласына тән әурет жерін жабық кию үлгісі кемсітуден емес, қайта оны өте бағалы көздің қарашығындай көруден, сырт көзден, сондай-ақ, түрлі арсыздықтар мен кесірі қоғамға тиетін (зинақорлық, тастанды бала, түсік тастау секіл-ді) жамандықтардан сақтау үшін бекітілгенін ескерген жөн.
Бұған қоса, Исламда әйелге күйеуінің ризашылығын көздеу, ерінің дүние-мүлкіне ұқыппен қарау, тек өз күйеуі үшін сәндену, неке қидырғанға дейін жігітпен оңаша қалмау, өзінің жаратылысындағы нәзіктігін сақ-тау, алыс сапарға жалғыз шықпау міндеттелді. Бұған қоса, қалыңдық сыйын иемдену, мұрагерліктен өз үлесін иемдену, сауда-саттықпен, табыс көзімен, ғылым-біліммен айналысу, ке-лісім-шарттарға отыру, меншік иесі болу құқықтары да әйелге ортақ. Ал отбасын асырау ісі күйеудің мойнына жүктеледі. Әйелінің материалдық және рухани қажеттіліктеріне күйеуі шариғаттың шеңберіне сай көңіл бөлуі қажет.
Қорыта келгенде, Ислам дінінде әйелдің орны ерекше. Сондықтан әйелге деген құрмет зор болуы тиіс. Ислам діні әйелге Алланың аманаты ретінде қарауға шақырған. Ешбір құқын шектемеген. Қайта өз жаратылысына сай сүйікті жар, аяулы ана ретінде қашан да оның орнын жоғары бағалаған. Қоғам тәрбиесін қыз баланың ұяттылығымен ұш-тастыра қарастырған. Әйел затын жат пиғылдылардың бұзық әрекеттерінен қорғауға тырысқан. Осындай құрметке лайық бола білу үшін әйелден де белгілі бір міндеттерді талап еткен. Әйелдер қауымының дәрежесін ешбір дін дәл Исламдағыдай биіктете алған емес.
Құдайберді БАҒАШАР,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ PhD докторанты, дінтанушы

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Top