Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді

Сәлемдесу – кездескен таныс және бейтаныс адамдардың дәстүрлі сөз, ишара не дене қимылы арқылы бір-біріне жақындық ниет, ілтипат білді-ріп, жылы шырай танытуы.
Тегінде, әдеп, адамшылық қасиет – амандасудан бастау алады. Адам баласының рухани тарихында қолы жеткен зор игілігі – сәлемдесу. Оның шарапаты мен кереметі жұмыр басты пенделердің бір-біріне жылы мейір мен кең пейіл көрсетуінде. Адам баласы қашанда тыныш, бейбіт заманды, бір-бірімен сыйласып өмір сүруді армандаған. Соның негізін сәлемдесу әдебі қалаған десек, артық айтқандық болмас.
Сәлем – бұл араб тіліндегі «Ас-Сәләм» сөзі, мағынасы «тыныштық, бейбітшілік, амандық-есендік» дегенді білдіреді. Барлық мұсылман қауы-мы осы сөзбен амандасады. Өйткені, мұсылмандар бір ағаштың бұтақтары тәрізді. Олар Ислам атты ортақ тектен, тамырдан өсіп-өніп, ұқсас тәрбие көріп, бірдей азықпен қоректенген. Осы себептен мұсылмандар кездескенде хал-ахуал сұрасудан бұрын сәлемдесуі әдептілік міндет болып табылады. Ислам дінін қабылдағаннан бері дана халқымыз да алдымен осы сөзден бастап амандасатын болған. «Сәлем – сөздің анасы», «Сәлем – сөздің басы» деген аталы сөздер де соның дәлелі. Ислам ғұламасы Мәшһүр Жүсіп:
«Біздерге сәлем беру болды – сүннет,
Пайғамбар сүннетін тұт, болсаң үмбет», – деп, сәлемдесудің маңыздылығын екі-ақ ауыз өлең жолымен жеткізген. Демек, сәлемдесу – мұсылмандықтың нышаны.
Сәлемдесу – Жаратушы Жаббар Жалғыз Иеміз Алланың үйреткен есендік сөзі. «Ас-Сәләм» – Алла таға-ланың көркем есімдерінің бірі. Әбу Хурайраның (р.а.) риуаят етуі бойынша пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла тағала Адам атаны жаратқан кезде: «Бар анау отырған періштелерге сәлем бер. Сәлеміңе қалай жауап беретіндігін тыңда. Себебі, олардың қайтарған сәлемі сенің және балаларыңның сәлемі болады», – деп бұйырады. Адам ата-мыз періштелерге барып: «әс-Сәләму ғалейкум», – дейді. Періштелер де: «әс- Сәләму ғалайка уа рахматуллаһ», – деп сәлем қайтарады» – деген (имам Бұхари, имам Мүслім риуаят еткен). Алла тағала осылай біздерге қалай сәлемдесу керектігін үйреткен. Сондай-ақ, Алла тағала қасиетті Құранда: «Қашан сендерге сәлем берілсе, одан жақсырақ немесе соның өзін қайтарыңдар!» («Ниса» сүресі, 86-аят), – деп бұйырады. Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.): «Бір мұсылманның сәлемін алу – уәжіп. Бір мұсылманның кездескен мұсылманға сәлем беруі оның мойнындағы ақысы», – деген (имам Мүслім). Яғни, сәлем беру сүннет, оған сәлем қайтару уәжіп.
Сәлемдесудің мәні, ең алдымен, бетпе-бет ұшырасқан сәтте болатын тоң-торыс үнсіздік, ыңғайсыздық пен жатырқаушылық, салқындық пен суықтық кедергісін жойып, бір-бірінің кейіп-кескінін тану, болмысын байқау және тілек арқылы өзінің қалауын (ниетін) ұқтыру, бір-бірінің аман-саулығын сұрасу, өздерінің аман-есен дидарласып тұрғандарына қуанып, Жаратушыға шүкіршілік ету, ниеттерінің ақ-адал, таза екенін білдіру.
Сәлем – мұсылмандардың осы өмір-дегі және жұмақтағы амандасу үлгі-сі, әрі оларды ерекшелейтін белгісі болып табылады. Хақ тағала Құранда: «Сондай иман келтіріп, ізгі іс істеген-дер Раббыларының рұқсатымен ішін-де мәңгі қалатын, астынан өзендер ағатын жәннаттарға кіргізіледі. Олардың жәннаттағы амандасулары – «сәлем» болады» («Ибраһим» сүресі, 23-аят), – дейді.
Сонымен қатар, саулық сұрау мұсылмандар арасындағы сүйіспен-шілік пен бірліктің себепкері. Сәлем беру – аман-саулық сұрау дұғасымен қатар, Алланы еске алу болып табылады. Олардың арасындағы ұрыс-жанжал, қастықты жояды. Сондай-ақ, амандасу Аллаға құлшылық етіп, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетін орындағанның белгісі. Сәлем неғұрлым көбейген сайын, сауабы да соғұрлым арта береді.
Алла тағала Құранда мұсыл-мандарға сәлемдесуге әмір еткен. «Нұр» сүресінің 27-аятында: «Әй, мүміндер! Өз үйлеріңнен басқа үйге рұқсат алмайынша, әрі үй иелеріне сәлем бермейінше кірмеңдер. Бұл сендер үшін қайырлы. Әрине, ескерерсіңдер», – делінсе, осы сүренің келесі аятында Жаратушы Иеміз: «Қашан үйлерге кірсеңдер өздеріңе (мұсылмандарға) Алла тарапынан болған берекетті де, көркем амандасумен сәлем беріңдер» («Нұр» сүресі, 61-аят), – дейді.
Сондықтан өзін шынайы момын-мұсылманмын, ардақты пайғам-барымыздың (с.ғ.с.) асыл үмметімін деп санаған, жәннатты аңсаған, мол сауапқа кенелуді қалаған әрбір пенде жоғарыдағы аяттар мен төмендегі мына хадистерге көңіл бөлгені жөн: «Нәбиге (с.ғ.с) бір адам келіп: «әс-Сәләму ғалейкум (Сіздерге Алланың сәлемі, есендігі, тыныштығы болсын)», – деді. Нәби (с.ғ.с) оған жауап бергеннен соң ол адам отырды. Нәби (с.ғ.с): «Он», – дейді. Кейін екінші адам келіп: «әс-Сәләму ғалейкум уа рахматуллаһ (Сіздерге Алланың сәлемі, есендігі, тыныштығы мен рахметі болсын)», – деді. Нәби (с.ғ.с) оған да жауап бергеннен соң, ол адам отырды. Нәби (с.ғ.с): «Жиырма», – деді. Осыдан соң үшінші адам келіп: «әс-Сәләму ғалейкум уа рахматуллаһи уа бәракәтуһу (Сіздерге Алланың сәлемі, есендігі, тыныштығы, рахметі мен берекеті болсын)», – деді. Нәби (с.ғ.с) оған да жауап бергеннен соң, ол адам отырды. Нәби(с.ғ.с): «Отыз», – деді». Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Он», яғни бірінші келген адамның: «әс-Сәләму ғалейкум», – деп сәлемдескені үшін он сауап, «Жиырма», яғни екінші келген адамның: «әс-Сәләму ғалейкум уа рахматуллаһ», – деп сәлемдескені үшін жиырма сауап, «Отыз», яғни үшінші келген адамның: «әс-Сәләму ғалейкум уа рахматуллаһи уа бәракәтуһ», – деп сәлемдескені үшін отыз сауап алатындығы жайында айтқан (хадисті имам Дауд және имам Тирмизи риуаят еткен).
Әнас ибн Мәлік (р.а.): «Расулулла (с.ғ.с.) маған: «Ей, балам! Үйіңе кіргеніңде үй-ішіңе сәлем бер. Сенің сәлемдескенің өзіңе және үй ішіңе Алла Тағаланың берекесін алып келеді», – деді», – деген хадисті жеткізген (Имам Тирмизи). Мінеки, мұсылмандық сәлемдесу үлгісі – жәй айтылған сөз емес, амандасып тұрған адамға тіршілігінде, әрбір ісінде Алла Тағаладан есендік, амандық, берекет тілеу болып табылады.
Енді мына хадистерге назар аударайық. «Расында, адамдардың ішінде Алла Тағалаға ең жақыны – басқаларға бірінші болып сәлемдескені» (хадисті Әбу Умамадан (р.а.) Имам Әбу Дауд риуаят етті). «Екі мұсылман кездесіп қол алысатын болса, олардың күнәлары екеуі айырылысудан бұрын кешіріледі» (хадисті Әл-Баррағудан (р.а.) имам Әбу Дауд риуаят етті). Яғни, сәлемдесу – Алла тағалаға жақын-датып, күнәларымыздың кешірілуіне себепші болады.
Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Көлікте отырған адам – жаяуға, жүріп келе жатқан – отырғанға, азшылық – көпшілікке сәлем береді», – делінсе, Имам Бұхари риуаятында: «Жасы кіші – жасы үлкенге», – деп келген (имам Бұхари, имам Мүслім). Келесі бір хадисте: «Бір адам: «Иә, Расулулла (с.ғ.с)! Исламдағы ең жақсы амал қандай?», – деп сұрағанда Расулулла (с.ғ.с): «Мұқтажды тамақтандыруың және танысаң да, танымасаң да кездескенмен сәлемдесуің», – деп жауап берген» (имам Бұхари, имам Мүслім).
Өкінішке орай, Кеңес Одағы кезінде халқымыздың салт-дәстүрі көз түрткі болып, оның салқыны сәлемдесуге де тиді. Байырғы жарасымды, терең мәнді мұсылмандық, ұлттық ғұрыпқа зор нұқсан келтірілді. Мұның өзі ең алдымен адамды көзге ілмеуге, қадір-қасиетін елемеуге әкеп, бірімен-бірі «здрасти» десіп өте шығатын нәрсіздікке, сал-қындыққа душар етті. Сөйтіп, аяулы да қастерлі адамшылық салтымыз аяқ асты тапталып, шеңберден шығып қалды. Әсіресе, қала жағдайында бір аулада тұрып, күнде дидарласып жүргендердің өзі бетіңе бақшиып қарап, сәлемдеспей өте береді немесе көрсе де, көрмегенсиді. Мұның өзі, айналып келгенде, адамдардың түрпілігіне, суық жүзділігіне, мейірімсіздігіне әкеп соқтырған еді.
Ал, қазіргі уақытта батыстың, әсіресе, еліміз бен жерімізді кеулеп кеткен жат жұрттықтардың әсерінен көптің арасында, басқалардың көзінше үлкен-кіші, қыз-қырқын демей, беті-нен, аузынан сүйіп амандасу етек алды. Қасиетті Құранда: «Расында Алла шектен шығушыларды жақсы көрмейді» («Бақара» сүресі, 190-аят), – делінген. Бұл әдеп пен ұяттан жұрдай болған сүйісулер біздің мұсылмандығымызға, салтымызға жат. Одан қала берді кейбір шала сауатты жастардың бірін-бірі көре сала, сәлемі мен боқтығын қабат төпегенде, төбе шашың тік тұрады. Көпқабатты бір үйде тұрып, бір есіктен шықсаң да, амандаспау әдетке айналып, ерсі болудан қалып барады. «Танымасын сыйламас» дегендей, бетіңе бажырайып қарайды да, тіл қатпастан жүре береді. Үлкенге иілмей-ақ қойсын, тіпті, қарапайым сәлем беруге енжар безбүйректер жыл өткен сайын көбейіп келеді. Бейтаныс ер-азамат көрсе, алыстан «Ассалаумағалейкүм!» деп, құрақ ұшатын, ақкөңіл бозбала, жігіттер бүгінде көзден бұл-бұл ұшқандай. Әрі кеткенде, әлгі бозбалалардың кейбірі болар-болмас қана ернін жыбырлатады.
Сонымен қатар бүгінгі жастардың бір-бірімен ұшыраса кеткенде «Привет!», – деп бірінің бірі бетінен, ернінен сүйіп жатқандарын көргенде еріксіз зығырданың қайнайды. Дәстүріміз бойынша бұрын көптен бері көрмеген адамның тек маңдайынан ғана сүйген. Соның ішінде бөтен қыз-келіншек-тердің бетінен сүймеген, тіпті, оларға қолын да ұсынбаған. Ата-салтымызда ер-азаматтың өзге әйелмен қол алысып, амандасу салты жоқ. Әйелмен қол алысу – батыстық үрдіс. Қазір қарасаң, бір-біріне емешегі үзіліп, өліп-өшіп жатқан біреу. Бұл да жат жұрттың тасыр қылығының  момын халқымыздың санасына терең сіңіп кеткендігінің айқын айғағы. Дәлел ме? Мінекейіңіз. Соңғы кезде кейбір жастар сәлемнің орнына «Уау!» немесе «Салют!» дегенді шығарды. Бұл не, «жаңа» мода ма?
Кімнің кім екені сәлемінен білінеді. Мұндай әдепсіздіктің қазір кең таралуының басты себебі – ол жөнінде не үйде, не түзде айтылмауында. «Баланы жастан» дегендей әр шаңырақта ата мен әже, әке мен шеше батысқа еліктеудің алдын алып, мұсылмандықты үйретіп отырса, сәлемдесу әдебі қалыптасары сөзсіз.
Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адамдардың ең әлсізі – дұғаға әлсіздік еткені (яғни, қажетін Алла тағаладан тілеу ісіне селқос қарағаны). Адамдардың ең сараңы – сәлемге сараңдық еткені» (имам Табарони және Имам Бәйһақи), – десе, Әбу Заррдан (р.а.) жеткен хадисте: «Расулулла (с.ғ.с.) маған: «Шариғат оң көрген әрбір іске, тіпті бауырыңды жайдары жүзбен қарсы алудың өзіне немқұрайлы қарама», – деді» (имам Мүслім).
Жалпы, мұсылман баласы аман-дасқан уақытта дауысын көтеріп сәлем бергені дұрыс, ауыз жыбырлатып, басын изеп амандасу сүннетке жат. Бұлайша яһудилер сәлемдеседі. Егер сәлем беретін адам алыста болса, ишара білдіріп сәлемдесу керек. Құран оқып отырған, намаз оқып жатқан, әжетханада отырған кісіге сәлем берілмейді. Дастархан басында тамақтанып отырған адамдардың әрқайсысының қолын алып амандасқан да әдептілікке жат нәрсе. Бөлмеге кіріп келгенде көпшілік болса, дауыстап амандасып, тек арасында құлағы естімейтін кісілер болса алдына барып қолмен, ишарамен сәлем берген дұрыс болады.
Жәй ғана бір міндеттен құтыла салу үшін айтылған сәлем ізеттілік емес, керісінше, пенденің көңіліне қаяу түсіреді. Сол себепті де сәлемдесу әдебінің ең басты шарты – пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ескерткендей жайдары жүз бен жылы шырай емес пе еді?! Онда сәлем беруші мен сәлем алушының қас-қабақ, бет-жүз құбылысы, дауысы маңызды қызмет атқарады. Өйткені, мұның бәрі пенденің өзіне емес, өзгеге бағытталған. Сәлем алушы үшін мұның бәрі маңызды. Айталық, көз көреді, аяқ жүреді, ауыз жұтады – осылардың бәрі сенің өзіңе қызмет етеді. Тек жылы жүз, әуезді үн – айналадағы адамдардың еншісі. Сол себепті де әрбір мұсылман сәлемдесуді ғана емес, оны қалай орындау керектігін де білуі, алдындағы адамға жақсы әсер қалдыратындай болуына талпынуы керек. Өйткені, сәлем адамдар арасындағы менменшіл тәкаппарлықты жойып, мейірімділік пен сүйіспеншілікті арттырады. Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Толық иман келтірмейінше, жәннатқа кіре алмайсыңдар. Араларыңда сүйіспеншілік орнықпайынша, толық иман келтірген болмайсыңдар. Араларыңда сүйіспеншіліктің орнығуына себеп болатын нәрсені айтайын ба? Өзара сәлемдесіңдер» (имам Мүслім), – деген. Жәннатқа кіруді аңсаған адам пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) осы өсиетіне амал етуі тиіс. Сәлем беру – өткінші міндет емес, өмірлік міндет. Ендеше одан жаңылуға да, жалығуға да қақымыз жоқ, ағайын! Әс-Сәләму ғалейкум уа рахматуллаһи уа бәракәтуһ!
Алмас Айткәрімұлы,
Өскемен орталық мешітінің
наиб имамы

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Top