Бексұлтан Нұржеке-ұлы

Әлемде ең көп жазылған, ең көп айтылған адам Шыңғысхан болар-ау! Ол туралы айту, жазу қай заманда да толастаған емес. Бұл салаға қазақ азаматтары да аз үлес қосып жатқан жоқ. Соның ішінде ерекшесі – Тілеуберді Әбенайұлы Тыныбайын бауырымыз. Оны ерекше деп отырған себебім: ол – Шыңғысханға қатысты біз оқымаған нұсқаны оқып, біз көрмеген нұсқаны қазақшалаған адам. Мен оның «Құпия шежіренің» құпиясы» (Алматы, 2010), «Түгел тауарихтың» түбінде не жатыр?» (Алматы, 2011) деген екі кітәбіне қатысты бірер пікір білдірмекпін.
Аталмыш екі кітәпті де Тілеуберді қытай тілінен өзі аударған. Аудара отырып, әр үзікке қолма-қол талдау жасаған. Оның талдауы сан түрлі әрі сан қыйлы: тарихи да, тілдік те, ата шежіреге байланысты да, адамдық, хандық қасиеттер мен топонимикалық, ономастикалық жағдайларды да қамтиды.
Бұрын біз білетін “Моңғолдың құпия шежіресі” мен Рәшид әд-Діннің “Жылнамалар жинағында”, Тілеуберді бауырымыздың дәлелдеуінше, Шыңғысханның туған жері, туған елі, туған тілі, ұстанған діні туралы нақты мәлімет беретін тұстар кейінгі көші­ру­шілер мен аудармашылар тарабынан не әдейі, не білместіктен біраз бұр­ма­лауға ұшыраған немесе мүлде аударылмай қалған, аударылғанның өзі қата талданған.
Ең әуелі Ұлы Қағанның туған жері туралы пікіріне тоқталмақпын.
Бұл, шынында, өте қиын мәселе. Өйткені, көне түрік жерінде бұрын да, қазір де аттас, ұқсас өзен мен көл, тау мен тас өте көп. Солардың ішінен ке- регіңді табу оңай емес. Оның үстіне ертедегі атау мен қазіргі атау үнемі ұқ- сай бермейді. Алайда, бұрын жер иесі өзгерсе де, жер аты өзгере бермеген. Өйткені, ол жер сол тілде сөйлейтін бір тайпаның иелігінен сол тілде сөйлей-тін екінші тайпаның иелігіне көшіп отырған. Сондықтан бір тілдес, бір тектес халық жер атын әдейілеп өшіру­ге, бұрмалауға мүдделі болмаған. Әйт­кенмен даму бар жерде өзгеріс болмай тұрмайды. Сондықтан бұрынғы атау­лардың орналасу жүйесіне, бағыты мен бағдарына, алыс-жақындығына, теріс­кейі мен күнгейіне қарап та біраз нәр­сені бағамдауға болатын секілді. Оның үстіне жер атауының түр-тұр­па­тына қатысты бейнелеуі өзгер­генмен, тауы тау, қиясы қия, шоқысы шоқы, ара­лы арал, өзені өзен күйінде қала берген ғой.
Тілеубердінің дәлелдеуінше, бізге мәлім «Моңғолдың құпия шежіресі» деген кітәптің (моңғол тілінен қазақ­шалаған – Мағауия Сұлтанияұлы, Баян-өлгей, 1979) қытайша түп­нұс­қадағы аты «Шыңғыс Қағанның құзауыры», яғни «Шыңғыс Қағанның түп-тұқыяны» екен («Құпия шежіренің» құпиясы», 2010. 9-бет).
Осы кітәптің қытайшадағы алғашқы сөйлемдері Тілеуберді аудармасында былай:
«Жайықты төлі Бөрте-Шайна әзім еді де, жұбайы Құба Марал Теңіз тумасы болатын. Олар Өнен-Мұранның бастау алатын жеріндегі Бұрқан-Қалдын атты тауға келіп орда тікті» (Сонда, 14-бет).
«Жайығымыз – Жайық, теңізіміз – Каспий, Өненіміз – Іле, Бұрқанымыз – Бұрқан»,– дейді Тілеуберді (13,17-беттер). «Алда кездесетін Қарқара, Жете, Ілеті, Шаты, Нараты, Құлжа, Түрген, Қапшағай деген жер-су аттары бұл өзеннің (Өненнің – Б.Н.) қазіргі Іле екенін айғақтайды», – дейді (14-бет).
Мағауия Сұлтания ағамыз аударған нұсқасында бұл жер аттары мүлде аталмайды. Әрине, бұл – ол кісінің қаталығы емес, оның алдындағы моңғолшаға аударылған нұсқаның кінәрәті. Мысалы, соның бәрінің түп төркіні болған қытайша түпнұсқада «Түрген» деген жер аты айдай анық етіп жазылған. Оның үстіне, тұсына «Жер аты» деген нақты ескертпе қойылған», – дейді (Сонда, 430-бет).
«Соған қарағанда, – дейді Ті­леу­берді, – түпнұсқаны моңғолшаға ауда-рушылар әтейілеп «жаңылған» секілді. Өйткені, «Түрген» сынды үшбу жер-есім (топоним) Шыңғысханның қай өлкеде жасағанын анықтайтын өте ма-ңызды дәлел болатын. Шыңғысхан өзінің Тәйжігіт туыстарынан қашқанда, тап осы Түрген тауына паналайды. Ал Меркіттерден бас сауғалағанда, Бұр-қан тауына тығылады… Шыңғысхан тарихына қатысты Бұрқан-Қалдын, Бұрхан тау деп айтылатын жер аты да дәл осы Іле алқабынан табылады және күні бүгін бар. Ол – қазіргі Алматы облысының Жәркент ауданындағы бір өзеннің аты. Сондай-ақ сол өзен ағып өткен алқаптың да аты» (Сонда, 431).
Иә, осындай жер аттары Жәркент жерінде күні бүгінге дейін бар екені рас. Алайда, осы тұжырым шындыққа сай келе ме? Енді осыған тоқталайық.
«Сол жылдың көктемінде Әмбегей-Қағанның екі қатұны Үрби мен Шұ-ғатай аруақтарға ас берген еді. Олар Керімнің (Шыңғыстың шешесі – Б.Н.) кешігіп келгенін сылтауратып, астан сарқыт ауыз тигізбей қойды… Соның артынша ұрсыс шығып: «Шешелі-балалы бәріңді жұртқа тастаймыз, елмен бірге көшуші болмаңдар!» – дегенге жетті», – делінген екен «Шың­ғыс Қаған-ның құзауырында» («Құпия шежіренің» құпиясы», 2010. 480-бет).
«Айтқандай-ақ ертеңінде Тарғатай-Қоралдық, Төтежан-Жырты екеуі Керім-Көзен мен балаларын жұртта қалдырып, Тәйжігітті Өнен-Мұранды құлдата көшіре жөнелді», – делінген (Сонда, сол бетте).
«Құлдата» дегенге мән берсек, Тәй­жігіттер Өнен дарияның төмен жағына қарай кеткен. Егер Тілеубердінің Өненді Іле дегенін ескерсек, Тәйжігіттер Іленің аяқ жағына көшкен. Ал Тәйжігіт деп отырғаны – Жалайырлар. Рәшид әд-Діннің «Түгел тауарихында» былай делінген: «Үлкен әмірлердің қатаң кү-зетіндегі Алтын-Қазынада «Алтын дәптер» деген кітәп бар. Сондағы мәліметте: Тәйжігіттер – Қайдау ханның баласы Шара-Қайлықтан тарайды», – деп жазылған», – деген дерек бар («Түгел тауарихтың» түбінде не жатыр?». 2011, 380-бет).
«Түгел тауарихқа» тағы жүгінейік: «Онда («Алтын дәптерде» – Б.Н.) тек Нашынның немерелес баласын – Қайдауды – бір рулы Жалайырдан құтқарып алып шығып, Өнен-Мұ­ранның бойына келіп қоныс тепкені айтылған. Біз осы әңгімені дұрыс деп қараймыз» (Сонда, 380-бет).
Бұған қарағанда, Жалайырлардың өз ішінде шатақ шығып, бір тобы, яғни Тәйжігіттер Өнен бойына көшіп келген болады. Ал «Жалайыр руы» деген тарауда: «Бұрынғы заманда бұл рудың адам саны көп болған… Шыңғысхан заманында да, қазыр да Ирән мен Тұрандағы әмірлердің көп сандысы осы рудан шыққан. Олардың бір бөлім жұрты Өнен бойы аймағында еді. Айтуларға қарағанда, ерте бір заманда Қытай жасағы осындағы Жалайырларға қырғыншылық жасапты. Сол зоба­лаңнан құтылғандар аз болыпты… Өкім бойынша олардың біразы өлім жазасына кесілді. Қалғаны Дүтім-Мыңынның екінші ұлы Қайдау ханға, оның балаларына және туыстарына қараша етілді немесе соларға құлдыққа берілді. Заманнан заман жалғасып Шыңғыс- ханның тұсына жеткенде, бұл бір рулы Жалайыр оның өткі-бұқылына айналды» (Сонда, 91-бет).
Жалайырдың осы бөлігі он салаға бөлінетінін айта келіп, бір бөлігі Хан және Төре атанғаны айтылады (Сонда, сол бетте). Шыңғысхан ұрпақтары әлі күнге дейін төре аталатынын бүкіл қазақ баласына дейін біледі.
Осы жазбаларды жинақтай қа­рағанда, Тәйжігіттердің Қайдау ұрпағы екені, ал Қайдаудың Жалайыр екені көрініп тұр. Демек, Өненнің бойын құл-дай көшкен сол жалайырлардың ұрпағы әлі сол Өнен бойында, яғни Іленің ете­гінде Бақанас жерінде отырған болып шығады. Бұл тарихи шындыққа қай-шы келмейді.
Оның үстіне Шыңғысханның жас кезінде досы, андасы болып, кейін бақ­таластық жасаған Жәміке (жұрт құр­метпен Жамаға атаған – Б.Н.) Шораты руынан тарайды. «Түгел тауарих­тың» «Шораты руы» атты тарауында: «Ке­зінде бұл рудың Жәміке-Шешен деген даңқты көсемі болған», – деп жа­зылған (Сонда, 409-бет).
«Ал бұлар кім десеңіз, қазіргі Сыр-Манақ ішіндегі Шора руының ата-тегі болатын. Жәмікенің есіміне үнемі «Жалайыр» деген арыс атының қосылып айтылатыны да содан», – деп талдайды Тілеуберді. Әрі: «Шораты руы Қайдау ханның ұрқы Түменей-Қағаннан, яғни оның жетінші ұлы Дүр-Баяннан тарайды. Оларды әдетте Шораты, Жасырат деп атағанымен, Ұлыстық көлемде бәрін де Жалайыр деп атаған. Айталық, «Түгел тауарихта» Жалайыр Саба-Баға­дұр десе, «Алтын шежіреде» Жалайыр Жәміке-Шешен деп жазған», – деп дә­лелдейді Тілеуберді (Сонда, 414-бет).
Сонымен Тәйжігіттің Жалайыр екеніне Тілеуберді ақыры сендіреді. Оған сенбейін десең, «Шыңғыс-Қағанның қузауыры»: «Жалайырдың бір руы Тәйжігіттен Сүші – Тұмақ Арғай-Қазар, Бала деген екі ұлын ертіп ке-ліпті», – деп тайға таңба басқандай анық жазған (492-бет, 2010).
Ал енді Шыңғыс-Қағанның Жалайыр ішінде Тәйжігіттен, оның ішінде Шорадан тарайтын Жәмікеге: «Сіз бен біз бір атаның баласы едік қой. Мына кекті қайтсең де қайтарыс»,– дегеніне қарап, Шыңғысханның да Жалайыр екеніне көз жеткіземіз.
Шыңғыс заманында, яғни ХІІ, ХІІІ ғасырларда Іле бойын мекендеген Жа­ла­йыр­лардың әлі де Іле бойында отыр­ғанын бәріміз білеміз. ХV ғасырда Ақсақ Темір де Жалайырларды Іле мен Қараталдың бойынан тапқанын тарих оқитын әркім-ақ біледі. Олар ХVIII ғасырда «Ақтабан шұбырындыда» да осы қонысынан ажырамаған.
Енді «Шыңғыс-Қағанның құзауы­рына» қайта оралайық.
«Сөйтіп жатқанда, Тәйжігіттің Тар­ғатай-Қоралдығы пәрмен түсірді:
– Біз жұртқа тастап кеткен Те­межән­дер ендігі шөжедейін қанат­та­нып, күшіктейтін күлшеленіп, әбден же­тілген болар. Қол бастап барып бай­қайық.
Темежәндер олар келіп қалғанда, матқапаға түсті… Темежән асып-сасып атқа мінді де, орманға кіре жөнелді. Тәйжігіттер көріп қалып, Түрген та-уына дейін қуды. Темежән нуға сүңгіп кеткендіктен, Тәйжігіттер кейіндей берген. Олар ақыры сырттай қоршауға мәжбүр болды», – делінген онда (482-бет).
Тілеубердінің осы Түргенді Іленің сол жағалауындағы Түрген деуі («Түгел тауарихтың» түбінде не жатыр?». 434-бет) «Қузауырдағы» жазуға тура кел­мейді. Өйткені, Іленің (Өненнің) оң жағалауындағы Бұрқан таудан сол жа-ғалауындағы Түргенге дейін қашып баратындай Темежәнде уақыт та, жағдай да болмағаны жазбада анық көрініп тұр: «Темежән асып-сасып атқа мінді де, орманға кіре жөнелді».
Демек, Түрген Бұрқанға жақын маңай­да болу керек. Ол Түрген – қазіргі Жәркент қаласы мен Көктал ауылының екі ортасында әлі күнге Түрген аталып келе жатқан тоғай. Бұрқаннан төмен қарай қашқан Темежән бұл Түрген тоғайына оп-оңай қашып кіре алады, арасы жап-жақын, Бұрқанның батыс жағында. Бұл – дауласуға жатпайтын шындық.
Алайда, бұл маңайды біле бермейтін жұртқа Шоқанның мына жазбасын куәге тартайын: «Югенташская долина есть горное плато, образованные течением на западе речек Агныкатты, Каргалы, на востоке Усека, Борохуджира, который при впадении называется Турген». (Собрание сочинении в пяти томах, том ІІ, Алматы, 1962. 11-бет).
Тағы былай дейді Шоқан: «Пока мы проводили время под ивовым кустом и совершали свою походную трапезу, верблюды успели перебраться через реку и направились на речку Бурхан-су, обильную кормом и водопоем» (Сонда, 20-бет).
Одан ары былай дейді: «Налево, очень близко от дороги, шла холмистая гряда, направо вдали виднелась широкой лентой Или и около нее темнели силуэты городов и окружающей рощи. Это был город Турген-Кент, стоящий при впадении Борохуджира в Или» (Сонда, 21-бет).
Қазір ол қаланың орны Түрген то­ғайдың ішінде Алматы – Қорғас тасжо-лының бойында әлі жатыр. Жол дәл ор­тасынан кесіп өтеді. ХVIII ғасырда Ырайымбек батыр өзінің Сатай, Бөлек, Аралбай сынды серіктерімен бірге осы қамалды алу кезінде қатты жараланып, өле-өлгенше соның зардабын шеккен.
Енді мынаны қараңыз: «Жоғарыда айтқанымыздай, түпнұсқаның үш түрлі мәтінінде қоса қабат және ашық жазылған «Түрген» деген жер аты моң­ғолшаға әдейі аударылмай кеткен», – дейді Тілеуберді («Құпия шежіренің» құпиясы», 123-бет).
Ырасында, Түргеннің қай Түрген екені анықтала қалса, Бұрқанның қай Бұрқан екені де анықталып қоятынын сезген әрі білген-ау солар.
Дегенмен, Шоқан жазған Түрген мен «Қузауырдағы» Түргенді біздің де бір­жола анықтап алғанымыз абзал болар еді. Шоқан 1856 жылы сол араның картасын да сызып қалдырған (2-том, 43-бет). Жоғарыда сөздәйек келтірге-німіздей, Бурақожыр өзені Ілеге құяр тұста Түрген аталады деген ғой ол. Кар-таға да солай түсірген. Алайда, Бура­қожыр өзені ешқашан Үсекке құймаған. Шығысында жатқан Үсекке қарай аунайтындай еңістеу жатқан жер ыңғайы да жоқ. Шоқанды шатастырған, ме­ніңше, мына жағдай болу керек.
Үсек пен Бурақожырдың дәл ортасында Даңғырлақ дейтін өзенше Түрген тоғайды қақ жара ағып жатыр. Оның Ілеге жақындағанда Үсекке барып құя-тыны рас. Өзі барып көрмеген Шоқан осы Даңғырлақты Бурақожырмен ша-тастырған. Олай болса, ол араны 1856 жылы Шоқан көргенде, Үсек өзені Іле-ге құяр тұста әлі Түрген деп аталған. Ал Шыңғысхан өмір сүрген дәуірде Үсек бастан-аяқ Түрген өзені аталған. Өйткені, «Қузауырда» Бұрқан таудың қасынан ағатын Түргеннен басқа ешқандай өзен айтылмайды. Ал Үсек (Өсек) өзені Бұрқанның дәл батыс жақ іргесінен ағып жатыр. Тәйжігіт туыс­қан­дарынан қашқанда, Темежән Бұрқаннан Түргеннің іргедегі қалың тоғайына дереу кіріп кеткен. Көне түрік тілінің мағынасымен талдасақ, «үс» деген «су» деген мағына береді, ал «ек» – «ене», «құрметті» деген ұғымға сай сөз. «Бәлен-ше-еке», «Түгенше-еке» деп жататынымыз содан. Елді асыраған Енесу, қасиетті су дегенге саяды. Ал Түрген дегенді Шоқан «быстрый» депті. Қазақшаласақ, екпінді, ағыны қатты дегенге жақындайды. Ол сөз Үсек-Түргеннің мінезіне жарасады. Оған қоса оның «беткейлі алқап», «құлама жазық» деген де мағынасы болған секілді.
Үш-Меркіттер Темежәнге ол Бұр­қантаудан алысырақ жерде отырған кезде шабуылдайды. «Темежән орда­сының Керелім өзенінің басындағы Бүркей-Іргеде отырған кезі еді», – дейді «Шыңғыс-Қағанның құзауыры» (486-бет). «Таң енді сарғайып келе жатқанда» Меркіттердің келе жатқанын қызметші әйел ат тұяғының дүбірінен біліп қояды да, алдымен Темежәннің шешесі Керім ананы: «Бәйбіше! Бәй­біше! Тез тұрыңыз!» – деп оятады.
Бүркей-Ірге қазіргі Іргетау болса, ол Бұрқантаудың батыс жағында. Онда Меркіттер қазіргі Қоғалы жақтан келген. Ал Темежән шығысқа Бұрқантауға қарай қашқан. «Темежән мен бауырлары жедел аттанып, әлдеқашан Бұрқан-таудың қойнауына сүңгіген еді», – дейді «Қузауыр» (Сонда, 486-бет).
«Ал бір атты арнаулы жайлы етіп жабдап Бөрте-Көзеннің алдына тарт-ты». Алайда, айы-күні жетіп отырған жүкті Бөрте атқа жеке мініп отыра ал-майды да, қызметші әйел «Бөрте-Көзенді жасырмақтың қамын жасап, оны қара арбаға отырғызды», – дейді «Қузауыр» (Сонда, 486-бет).
Осындай жағдайда Меркіттер Бұр­қантауды үш рет айнала іздеп Теме-жәннің өзін ұстай алмайды да, арбаға жасырған Бөртені тауып алады. «Әсілі, бұлар Үш-Меркіт шеріктері еді… Үше­у­інің мақсаты: ілгерідегі Есукейдің Шет­керіден Керім-Көзенді тартып алған кекті қайтару еді. Олар: «Керімнің орнына Темежәннің келіншегін олжа­ладық, есеміз қайтты», – десіп, таудан түсіп елді-еліне кетісті», – дейді «Қу­зауыр» (487-бет).
Бұрқан мен Түргеннің бір-бірімен іргелес жатқан жер екені, әрі екеуінің де аты күні бүгінге дейін өзгермей сақ­талғаны және екеуінің де Іле өңірінде екені анықталған соң, бұл мәселе дә­лелденді деп есептеуге болар еді, бірақ әлемге тарап кеткен өтірікке тосқауыл қою аса мықты сенім мен дәлелді қа-жет ететінін ескеріп, «Шыңғыс Қа­ған­ның құзауырын» одан ары қузайық.
«Сөйтіп, Бөрте қыздың ұзату тойын жасады. Тай-Шешен қызының көшін Керелім бойындағы Орақтылардың шетіне іліндіріп салып қайтып кетті», – депті (485-бет).
Неге? Өйткені, Орақтылар, қазақтың Ата шежіресі бойынша, Жалайырдың бір атасы. Ендеше, әкесі қызын ұза­тылған елінің шетіне дейін әкеліп, енді қор­қыныш жоқ деп, еліне оралған.
Солай-ақ болсын. Бірақ бүкіл тарихшы «Керелім» дегенді «Керулен» деп танып, ол қазіргі Моңғолиядағы Керулен өзені деп жүрген жоқ па?
Міне, тарихтың тағы бір үлкен қателігі осында. Мұндағы Керелім –Моңғолиядағы Керулен өзені емес, Жетісудағы ежелден Жалайырлар жайлап келе жатқан Қаратал өзені. Орақтыдан тарайтын Жалайырлар әлі де соның бойын жайлап отыр. Оның үстіне, Бөртенің әкесі Тай-Шешен Бұрқанға Моңғолиядағы Керуленнен келе жатса, батыста жатқан Орақты жалайырларға соқпай-ақ, шығыс жақтағы Тарбағатай тұсынан, не Қорғас тұсынан келе сал-май ма? Ол о жақтан емес, батыс жақтан, ежелден Бөртенің жұрты Қоңыраттар отырған жақтан келіп отыр ғой.
Енді Қараталдың Керелім екеніне дәлел іздеп көрейік. Қаратал өзені Жәр-кент жеріндегі Үйгентастың белінен басталып, Терісаққан, Ағынықатты, Қарғалы аталып (жоғарыдағы Шо­қан­ның жазғанына қараңыз – Б. Н.), оған Қоғалы, Тентек, Көксу, Мұқыр қосыл­ған соң Қаратал аталады. Үй­гентастың белінен, төңірегінен бас­талған бүкіл өзен Ілеге, күнгейге қарай ағады да, тек Қаратал ғана теріскейге ағып, Балқашқа құяды. Күңгейде отырған жұрт оны Керелім, Кері өлең, яғни Кері ағатын өзен демегенде, не дейді? Жәркент жұр-ты күні бүгінге дейін Қоғалы жақтағы жалайыр бауырларын Теріскейдегі ел, Теріскей деп отырады. Ал Түріктің бұл сөзін біл­мейтін аудармашылар оны моңғолдың Керуленімен шатастырған. Тері­саққанды кәзіргі қазақтар Белдің суы деп кетті, бала күнімде мен Теріс­аққан деп білуші ем. Ағынықаттыны ел Ақсу деп кетті. Ежелгі атын сақтаған Қарғалы ғана.Терісаққан Үйгентастың белінен, Қарғалы Қарғалы сайынан, Ағы­нықатты Ақсу сайынан ағып келіп, дәл Жалаулы жотасының түбінен түйіседі, сондықтан ол ара Үш Судың Құйғаны аталады. Қаратал өзенінің ең бастау алатын өзеншесі бұрын Теріс­аққан болып аталса, Қараталдың бұрын Кері Аққан Өзен – Керелім – атал­ға­нына неге сенбеске?
Дәлелімізді тиянақты ету үшін, Іле алқабының оң жағындағы бір-бірімен іргелес жатқан біраз жер-су аттарына тағы шолу жасап көрелік.
«Осынау Тәйжігітшіл ру-арыстар Алқа-Бұлақта бас қосты» – дейді «Шыңғыс-Қағанның құзауыры» (494-бет). Бұл кәдімгі Түрксіб жолы түйіскен Айнабұлақ стансасының маңайы болу керек. «Айна» мен «Алқа» алмасқан да, Бұлақ – бұлақ күйінде сақталған.
«Шыңғыс-Қағанның Ордасы Кө­реңкілікте отырған болатын» (499-бет). Бұл – Жәркент өңіріндегі Бар­көр­неу тауы. «Көру» түбірі өзгермеген, «көр-некті тау» деген мағына береді.
«Оңқан мен Шыңғыс тізе қосып, Керелім өзенін құлдай Жәмікеге қарсы аттанды» (499). Үсек өзенінің бойынан аттанған Шыңғыс Айнабұлақ, Қаратал жақта отырған жалайыр Жәмікені Қаратал – Керелімнен іздемегенде, Моңғолияның Керуленінен іздемейді ғой?
«Алдан, Құзар, Сенгімдер Отқияға барғанда, Шығырықтағы қарауылшы-лар шапқылап жетіп: «Жау кеп қалды», – деп мәлімдеді (Сонда, 499-бет). Мұн­дағы Отқия қазіргі Орбұлақ түбіндегі Қызылқия болуы тиіс. «От» деген «шөп» дегенді де, сонымен қабат «оттай қызыл» дегенді де білдіретінін ешкім жоққа шығара қоймас.
«Ертесі Шыңғыс-Қаған қолы мен Жәміке қолы тоқайласып, Күйтең жазығында шеп құрды» (Сонда, 499-бет).
Мұндағы «Күйтең жазығы», сөз жоқ, қазіргі «Китің жазығы». Ол Шоқан жазған Бурақожырдың басы Китің суынан батысқа қарай созылып «Алтын- емелге» дейін барады. Ал Отқия (Қы­зылқия) аталып отырған жер Сарөзек, Күреңбел, Қоғалыдан шығысқа қарай Түрген (Үсек) өзенінің бойындағы Бұр-қан тауға дейін созылып жатқан жазықтың Орбұлақ аталатын тұсында. Жер ыңғайына қарасақ, Шыңғысхан ордасы отырған Көреңлік (Баркөрнеу) – осы екі жазықтың ортасындағы таулы жайлау. Демек, Шыңғысқа көмекке келе жатқан Оңқан қолы оған Отқиядан Көреңлікке қарай өткен де, екеуі бірігіп Көреңліктің оңтүстік іргесіндегі Күйтең жазығына шыққан. Айнабұлақ жақтан аттанып, Алтынемел арқылы Күйтең жазығына түскен Жәмікемен Шың-ғысхан сол жазықта кездескен.
Өзімнің туып-өскен жерім болған­дықтан, мен бұл араны сол алыс дәуірден дүрбімен қарап отырғандаймын.
«Жәмікенің одағы ойран болды… Тәйжігіт Аушы-Бағадұр Өненге жылыс-ты. Жамаға өзін сайлаған елді бұлап-талады да, Ырғын өзенін құлдай ордасына қайтты… Аушы-Бағадұр өз ұлы­­сына жеткен соң, Құтым-Ұржан екеуі дереу Тәйжігітті аттанысқа кел­тіріп, Өненнен өтті де, Шыңғыс-Қа­ғанға қарсы қосын жасақтады» (Сонда, 499-бет).
Мұны да жер ыңғайына қарап елестету еш қыйын емес. Тәйжігіттер қа-зіргі Басшиден құлдап, Бесшатыр ар­қылы Іле бойындағы Бақанасқа қарай жылысқан да, Жәміке Жаман Алтынемел арқылы Қоғалыға өтіп кеткен.
Осы оқиғаның бәрі бұрынғы Өнен, қазіргі Іле өңірінде өткеніне көз жеткізе түсу үшін, «Қузауырды», яғни «Моң­ғолдың құпия шежіресі» аталып келген кітәпті одан ары оқиық.
«Ал анасы Шөтен Бөрте-Көзенді Көреңлік тауындағы Сеңгір өзенінің бойына, Темежәннің ордасына әкеліп салды» (485-бет).
Мұндағы Көреңлік тауын Баркөрнеу десек, онда Сеңгіріміз Баркөрнеудің батыс жағынан ағып жатқан Бурақожыр өзені болып табылады. Одан ары: «Олар Сеңгір қойнауына көшіп, Керелімнің басындағы Бүркей-Ірге деген жерге қонды», – делінген (485). Бұл «Бүркей-Ірге» қазіргі Іргетау болады да шығады. Жоғарыда айтылған «Китің жазығы» осы Іргетау мен Баркөрнеудің ортасында жатыр.
«Қузауырда» осы өңірдегі «Құмырға» деген өзенше де бірнеше мәрте ай-тылады. «Батысқа қиястай ағып, Өнен­ге құятын Құмырға деген өзенше болушы еді… Өзенше Бетер тауына апаратын. Тауда Құршоқы-Бөлтақ деген дара болушы еді. Темежән сол жерде анасымен, бауырларымен қауышты»,– дейді (484-бет). Кәзіргі Қоңырөлең ауылы­ның солтүстігінде, Китің жазығының үс­тінде Ортатау деген жайлау бар. Бетер тауы соған ұқсайды. Сол Ортатауда шығыстан батысқа қарай қиястай ағып келіп, Қоңырөлең ауылының дәл жел­кесінен Ілеге қарай бет бұратын Теректі деген өзенше бар. Бұрын Ілеге жетсе, жеткен шығар, бұл күнде жете алмай, құмға сіңіп кетеді. Бәлкім, оның Құ­мырға аталуы да сол құмға сіңіп кетуіне қатысты болған шығар, кім біледі. Ал Құршоқыны Құр Қайшы деп топ­шылауға болады. Себебі, кейін ол жер жалайыр Қайшы деген кісінің иелігіне берілген соң, Шоқының орнын Қайшы сөзі алмастырған болар. Өйткені, 497- бетте жалайыр руынан тараған Шы­раған-Қайшы деген адамның және Мұқалы-Бұқаның өздігінен келіп Шыңғыстың құзырына құлағаны айтылады. Баркөрнеудің етегіндегі Қайшы суы, Қайшының белі, Сулы Қайшы, Құр Қайшы, Өр Қайшы, Аяқ Қайшы деген бір-біріне іргелес жатқан жерлер осы жалайыр Қайшы иелік еткен жерлер болу керек. Әйтпесе осыншама жер­дің Қайшы сөзіне қатысты болуын қалай түсіндіруге болады? Оның үстіне оның әйгілі Мұқалымен қатар аталуы да тегін адам болмағанынан хабар беріп тұрғандай.
Осындағы үзінділерден-ақ Шыңғыс­тың өмірі Өнен бойындағы жерлерде өткенін, мұндағы Керелімнің Моңғо­лиядағы Керуленге еш қатысы жоқ еке-нін аңғару аса қиын емес.
Тек, әрине,Тілеубердінің жоға­рыдағы Ырғын өзенін Ырғыз өзені деп түсіндіргенімен келісе қою қыйын. Өйткені, Ырғыз қайда, Жетісу қайда? Меніңше, мұндағы Ырғын осы күнгі Қараталға құйып жатқан Тентек өзені болар. Өйткені, «Ырғу», «Ырғын» деген сөз­дер «мол», «асау», «тентек», «секіру» деген сөздерге мағыналас келеді.
«Шыңғыс-Қаған қайтыс болған соң, Тышқан жылы (1228-жылы) бұрынғар солтандары… Керелім өзенінің Көде-Арал жерінде құрылтай шақырып, Шыңғыс-Қағанның жарлығы бойынша, Үкітейді қаған сайлады», – дегенді оқып (Сонда, 553-бет), мұндағы Көде-Арал жері осы күнгі Аралтөбе болуы керек деп шамалаймын. Өйткені, бәрі соған үйлесіп те, ұқсап та тұр.
«Керелім өзені бойындағы Көде-Арал өңірінің Толаған-Бөлтау жерінде Шөрек қауымын бас салды», – дегенді (Сонда, 497-бет), «Осынау әз ана Өнен бойындағы Теліген-Бөлтақ тауының қапталында Шыңғыс-Қағанға босан-ды», – дегенмен (Сонда, 478-бет) салыстыра қарап, осы екі атау бірі дұрыс, бірі қата жазылған бір ғана атау шығар, олай болса, Шыңғысхан Аралтөбе өңірінде туған шығар деген ойға келем.
Бұл ойымды мына жағдай дәлелдей түсетін секілді. «Шыңғыс-Қағанның құзауырын» жазып отырған адам: «Үшбу дестір Ұлы құрылтай шақырыл­ғанда, Тышқан жылдың тамызында, Тұлыған-Бөлтақ пен Шарын-Жырадан аққан Керелім өзені арасындағы Көде-Арал жеріне Орда қонғанда байыды», – депті (Сонда, 559-бет).
Сонда Көде -Арал жерінде Толаған-Бөлтау, Теліген-Бөлтақ, Тұлыған-Бөлтақ сынды бір-бірімен ұқсас аталатын үш түрлі жер болуы мүмкін бе? Меніңше, мүмкін емес. «Толаған», «Те­ліген», «Тұлыған» сөздері қата жазыл-ған болар, ал «таудың» да, «тақтың» да тау екені белгілі. Алайда, ол «тау» мен «тақтың» үшеуі де Көде-Арал қасында екені анық жазылған. Олай болса, Шыңғысхан, шынында да, Көде-Арал­дың, яғни Аралтөбенің маңында, қа­зіргі Қоғалы жерінде Керелім-Қаратал өзенінің басында туғаны даусыз. Ондағы Шарын-Жыра деп отырған жер, сірә, кәзіргі Қызылқия (Отқия) тұсын­дағы тар шатқал.
«Шыңғыс-Қаған дереу үдере көшіп Балжан көліне қонды… Сәлделі Асан… Ырғын өзенін құлдай бұлғын, тиын саудасын жасап келе жатқан көрінеді. Бұлар Балжан көлге қой суара бұрыл­ғанда, Шыңғыс-Қағанға жолықты», – дегенге қарап (Сонда, 515), Балжан көлі – Балқаш, Ырғыны – Тентек деп ойлаймын.
Шыңғыс-Қағанның елшілерге: «Сен­дер аттана біз де қозғаламыз. Қайтқандарыңда Керелім өзенінің Арқалы-Күзе жерінен кездесетін болайық», – дегені (515) Текелі жотасын айтқаны шығар деп ұқсатамын.
Шыңғыстың: «Менің жас күнімде Тәйжігіт Тарғытай-Қоралдық ағам күн­шілдік жасап, мені тұтқындаған еді», – дегеніне, яғни Жалайыр Тарғытайды «аға» дегеніне қарап (Сонда, 533), оның Жалайыр екенін мойындамау шын­дыққа үлкен қиянат секілденеді.
Айы, күні жетіп отырған Бөртені мер­кіттер тартып әкеткен соң, көмек сұрап Темежән Тұғырыл ханға барып: «Үш-Меркіт тұтқиылдан келіп, қатын-ба­ламды олжалап әкетті», – деп ша­ғын­ды. – Қаған-әке, қайтсеңіз де қатын-ба­лам­ды құтқарыңыз!
Сонда Оңқан: «…Меркітті жойып, Бөрте келінді отауыңа оралтайын. Жә-міке андаңа да хабарлас. Ол Қорғанақ-Шұбарда ғой», – дейді (Сонда, 488-бет). Ол жер осы күнгі Шұбар емегенде, қай жер дейсіз? Оның үстіне Жәміке барып жағдайын айтқанда, ол: «Темежән ан­даның келіншегі қолды болғанын мен де естіп отырмын, – деді. Қатты намыстандым», – деп жазылған (488-бет). Хабардың бұлай тез жетіп отырғанына қарағанда, Бұрқантау мен Қорғанақ-Шұбардың арасы тым алыс болма­ғаны.
«Жас күнімізде Қорғанақ-Шұбар же­рінде Қан-анда екеуміз андалық ант жа­сасып едік», – дейді Жәміке Шың­ғысқа (Сонда, 525-бет).
Енді бұл Шұбарды кәдімгі Нұрмолда Алдабергенов ағамыз атын әйгілеген атақты Шұбар демегенде, оны Моң­ғо­лияда болуы мүмкін Шұбар деп қалай айтамыз және қай дәлелге сүйеніп айтамыз? Тіпті “Қузауырдан” біз мысал­ға алып отырған бүкіл атау тек түрік ті­лінде аталып тұрған жоқ па? Және тү­гелдей кәзіргі Қоғалы-Қаратал өңірі мен Жәркент-Үсек өңірінің арасында жат­қан жерлер.
«Шыңғыстың нөкері Шушы-Тар­малы Сары-Қыр жеріне қонған бола-тын», – делініпті 495-бетте. Бұл ара­дағы Са­ры-Қыр, әрине, Сары Арқа емес, Арал­­төбенің оңтүстік батысындағы Сары Өзек.
«Шыңғыс-Қаған Жәмікеден ығы­сып шегінген беті Өненнің Зерен-Қап-ша­ғай шатқалына бекініс құрды», – дегенін (Сонда, сол бетте) Іленің Қап­шағай шат­қалы емес деп айтуға қалай аузың ба­рады?
«Шыңғыс-Қаған мен Тұғырыл Хан екеуі Құлжа өзенін құлдай аттанған», – дегендегі (496-бет) Құлжа өзенін Іле­нің бойынан таппағанда, Моңғолия­ның қай жерінен табамыз?
«Сүбетей-Бағадұр оларды Шу өзе­ніне дейін қуып барып, Құтқалы мен Шы­рағамның көзін жойып қайтты», – деп­ті (539-бет). Шу өзенін Моңғолия-дан, сөз жоқ, мың жыл іздесең де тап­пай­сың.
Әлемге жайылып кеткен өтірік тарихты шындыққа жетелеп әкелу үшін, әрі Тілеубердінің дәлеліне ден қою үшін, әуелі өз көзімізді оған берік жет­кізіп алғанымыз жөн. Оның ең үлкен дә­лелі – Шыңғысханға қатысты көп оқиғаның тарихта Өнен аталған, ал кә­зір Іле аталып отырған өңірде өте­тіні.
Бір кезде Шыңғысханмен одақта­сып, Жәмікеге қарсы соғысқан Оңқан кейін Жәмікемен одақтасып, Шыңғыс­ханға қарсы соғысады. Алғашқы соғыс-тың қа­зіргі Китің аталып жүрген жерде өт­кенін жоғарыда айттық. Енді Оңқан бас­таған керейлермен соғыс өткен жер­дің атаулары мен олардың Ілеге қатыс­ты қалай орналасқанына көңіл аударып байқайық.
«Шыңғыс-Қаған… дүние-мүлікті тас­тап, жеңіл-желпі жүкпен Мәу-Өндір тауының теріскейіне босты» («Қузауыр», 510-бет).
Мұндағы «теріскей» сөзі бізге өте се­німді бағдар болады. Шыңғысханның атақонысы Бұрқантау күнгейде болса, бұл жолы ол оның қарсысындағы Өндір тауының теріскей жағына шықты. Оны осы күнгі атауға алмастырсақ, Іле Ала­тауының теріскей жағы деуіміз керек. Бұл ойымызды жылқышылардың жет­кізген хабары растайды. Олар: «Мәу-Өндір тауынан жылқы жиып жүріп көр­дік. Құлаған-Бұрқаннан шаң көте­рілді. Жау таяп қалды», – дейді (Сонда, 510-бет).
Бұрқан жақтан көрінген жауды оның қарсысында жүрген адам ғана кө­ретіні түсінікті емес пе?
«Ертесі түс ауа қосын Қарқара, Же­те, Ілеті жерлерінде дамылдап, азық-тан­ды» (Сонда, 510-бет) . Іле жоқ жерде Іле­ті деген ат та болмайтынын кім жоқ­қа шығарады?
«Шыңғыс-Қаған қосынды сапқа ұрып, ұрысқа сайланған күйде Ұлық-Шілікті, Жете суларын құлдай тартты. Сол беті Далаң-Морғас жеріне ішкері­лей берді» (511, 512-беттер).
«Ұлық-Шіліктің» қазіргі Таушілік, Үл­кен Шілік (Таушелек те дейді) екеніне күмән келтіруге бола ма? «Жете» деген­нің де бір кезде бүкіл Жетісуға қатысты жалпылама атау болғанын Мұхамед Хайдар Дулатидан білеміз. Бұл арада да «Жете сулары» деп жалпылай айтылып тұр.
«Шыңғыс-Қаған Далаң-Морғас жерінен Қарқараны құлдай аттанарда қосынын санаса, бар болғаны екі мың алты жүз екен… Шыңғыс-Қаған оның (Қойлыдардың – Б.Н.) сүйегін Қарқара суы жағасындағы Орнық тауының Келтегей-Қада қорымына қойдырды» (Сонда, 512-бет).
Қарқара әлі де Қарқара аталады, Орнық тауымыз – Түп, Келтегей-Қада-мыз – Сантас (Сынтас), Далаң-Морға­сы­мыз – Қарақол болып шығады.
«Жезжер-Өндір тауының Жар-Қапшағай жерінде Оңқанды қоршауға алды» (Сонда, 516-бет). Бұл ара Шарын­ның Керіш-Жар шатқалы болу керек. «Мәу-Өндір», «Жезжер-Өндір» дегеннің бір таудың әр тұсындағы жерлер екенін оларға ортақ «Өндір» сөзі-ақ дәлелдеп тұр.
Енді Найманның Таяны өзін шабуға әзірленіп жатыр деген хабарды Шың­ғысханның қай жерде жүріп естігеніне назар салайық.
«Түрген-Сөгеті» деген жерде саят қы­зығына батып жатқанда, Алғыш-Тезті-Қоридың елшісі Ұғынам осы сә­лемді жеткізді» (Сонда, 519-бет).
Сөгеті, Бұғыты, Қалғұты, Ырғайты де­ген жерлер Іле мен Шудың арасында әлі күнге дейін солай аталады. Ал Түр­ген де, Сөгеті де Іленің сол жағалауын­дағы жерлер.
«Сөйтіп, олар аушылықты доғарып, Аб­шыға-Көде-Керден аттанып шықты. Қарқара өзеніне жетіп, Орныға деген өл­кенің Келтегей-Қада деген жеріне қонып, ат-жасағын санаққа ал­ды» (Сонда, 519-бет). Жер ыңғайы мен атаулар ыңғайына қарап, мен Көде-Керді кәзіргі Көкпек дер едім. Түрік тілін тү­сінетін адам мұндағы жер атаула­ры­ның нәзік мағыналық сәулесін шамалай алады.
Осының бәрін жүйелеп қарасақ, Өненнің Іле екеніне еш күмән қал­майды. Тілеуберді бауырымыз бұл дә­лелі арқылы әлемдік тарихқа төңкеріс жа­сап отыр.
«Сөйтіп, Шыңғысхан Қарқара өзе­нінің Орнық өңіріндегі Келтегей-Қада жерінен Найман жұртына аттанды» (Сонда, 540-бет).
Ал Таян Хан оған қарсы «Қалжыр-Өзеннен қалың қол аттандырды» (Сонда, 521-бет).
Қалжыр өзені әлі де солай аталады. Әлі де Найман деген қазақтың бір арысы жайлаған өлкеде Марқакөл деген әдемі көлден ағып шығатын жалғыз өзен – осы Қалжыр.
Осы «Қузауырда» Шыңғысханның бірде-бір рет қазіргі Моңғолия жерінде соғысқаны баяндалмайды. Барлық соғысы тек қазіргі Қазақстан жерінде және Іле бойында өткен. Сонда ол қалайша моңғол болады, қалайша ол жерде туып-өседі? Оның бүкіл балалық шағы өткен, хан сайланып бұғанасы қат-қан жері Қаратал мен Іле аймағы екені «Шыңғыс-Қағанның қузауыры» мен «Түгел тарихта» тайға таңба бас­қандай дәл айтылып тұр. Тек «Түрген» деген жер­дің аудармада айтылмай қалғанынан, «Керелім» деген өзеннің «Керулен» болып қата аударылуынан бүкіл әлемге адам шошырлық өтірік тарап кетіп отыр.
Тағы бір басты дәлел: осы кітәпте ата­латын халық, тайпа, рудың бәрі әлі күнге дейін сол Шыңғысхан заманында отырған жерінде отыр. Оларды Шыңғысхан ешқайда қумаған. Тек бастарын біріктіріп, бір империяға ба­ғындырған. Дұрыстаңқырап айтсақ, қазақ мемлекетінің қабырғасын қала­ған болып шығады.
Сонан соң. Аталмыш екі кітәпте ай­тылған тайпалар мен рулар ешқашан қазіргі Моңғол жерін мекендемеген. Ал Моңғолияда екі кітәпте айтылғандай бір-біріне жақын отырған, жиі орна­ласқан тайпалар мен рулар бұрын да болмаған, қазір де жоқ.
Бізді көп шатастырып жүрген бір сөз, ол – «моңғол» деген сөз. Оны ары-бері өз­гертіп «маңғол», «мұңғұл», «маңғұл», «мыңқол» деп жазып та, айтып та жүрміз. Алайда, Тілеуберді тұңғыш рет қазақшаға аударған, бұрын біз «Жылнамалар жинағы» деп келген Рәшид әд-Діннің «Түгел тарихына» жүгінсек, оның «Екінші тарауында» мынандай аңдатпалық түсіндірме бар: «Қазір Маңғұл аталып жүрген Түрік рулары. Ертеде бұл рулардың әрбірінің жеке-жеке меншікті аты болатын. Өз ноқта ағалары, әмірлері бар еді. Әрқайсысы бірталай тармаққа, руға бөлінетін. Айталық, Жалайыр, Ойрат, Татар қа­тарлы рулар». Содан кейін: «Маңғұлдар өз заманында Түріктің бір бұтағы ғана болатын», – деп жазады (91-бет).
Бұған қарағанда, қазіргі Моңғо­лиядағы моңғол мен мына Маңғұлдың айырмасы жер мен көктей, екеуі екі басқа.
Тілеубердінің тағы бір пікірі: «Шың­ғысхан жерленген күмбез – Ұлытаудағы біз Алашахан атап жүрген күмбез дейді. Тұңғыш ұлы Жошы өлген соң, бір жылдан кейін өзі қайтыс болды, оны ұлынан алысқа апарып жерлеу ақылға сыймайды»,– дейді.
Мен оның бұл пікірін де орынды са­наймын. Атағы да, мемлекеті де дү-рілдеп тұрған адамның бейітін елі мен жұрты кімнен жасырады, кімнен қор-қып құпиялайды? Ол күмбездің Алашахан күмбезі аталып кетуі – күмбездің алашаға ұқсас өрнектелуінде ғана болса керек. Мен ол күмбезді екі-үш мәрте көрдім. Сырты алаша іспетті өрнекпен өрілген. Сол себепті «Алаша күмбез» деп жүріп, кейін ел оны «Алаша хан күмбезі» атап кетуі мүмкін.
Аралтөбеде туса, Бұрқан мен Үсектің бойында өсіп-өнсе, неге Шыңғыс-ханды сол жердің біріне жерлемеген деп күдіктенудің реті бар, әрине.
Біріншіден, Ұлытау өңірі Шың­ғыс­хан құрған мемлекеттің бел ортасы еді. Кейін Үкітай өз ордасын сонда құр­ды.
Екіншіден, тарихтарда жазылып, бірақ оның осы күнгі қай жер екенін ешкім айта алмай келе жатқан Қара­қорымның осы Ұлытау жері екенін Тілеуберді нанымды дәлелдейді. Олай болса, түпкі ата-бабасы мекендеген өлкеге тұңғышы Жошыны Шыңғысхан жерлесе, ал оның өзін тұңғыш ұлының қасына жерлеу қазақы әдет-ғұрыпқа қайшы келмейтін жағдай.
Үшіншіден, оны Ұлытауға жерлеудің тарихи да негізі барын Рәшид әд-Діннің Жалайырларға қатысты мына сөзінен аңғаруға болады: «Айтуға қарағанда, олардың әсілгі жұрты Қарақорымның Құтаймасы екен» («Түгел тауарих», 91-бет).
Бұған қарағанда, Жошы да, Шың­ғысханның өзі де ата-бабасының ежел­гі мекені – Ұлытауға дәстүр бойынша жерленген.
Оның өзі Түрік, Түрік ішінде Жалайыр екені анықталған соң, түрікше сөйлегені, мұсылман дінін ұстанғаны өз-өзінен белгілі болып қала береді. Оның бәрін Тілеуберді үзік-үзігімен, жік-жігімен дәлелдеп шыққан.
Әжесі, анасы, әйелі, өз руы жалайыр – бәрі түрік, бәрі мұсылман, тек Шың­ғысхан ғана мұсылман емес болуы мүмкін бе? Сызған-Құтқаның оған айт­қан мына сөзіне қараңызшы: «Мен бесіктегі күнімнен сіздің құтты боса-ғаңызда өсіп келемін… Дәрет құма­ныңызды көтеріп, алтын босағаңызда ер-жеттім» («Қузауыр», 527-бет). Дәрет алудың мұсылман дініне ғана тән еке-нін кім білмейді? Тағы мына жағдайға қараңыз. Отырарға келгенде, Шың-ғысхан сұлтан Махмуд әл-Хорезмимен алдын ала бейбіт келісімге келеді. Алайда, Отырар билеушісі Қайырхан бес жүз саудагердің байлығына қызы-ғып, оларды жансыздар екен деген жаламен қырып салады ғой, сонда Шың-ғысханның Махмуд әл-Хорезмиге жаз­ған хатында мынандай сөз бар: «Ведь ты дал свою подпись и приложил руку в неприкосновенности купцов.., но ты изменил и нарушил договор. Измена дурна, а от мусулманского султана – еще хуже» («Материалы по истории киргизов и Киргизии», Москва, 1973. 92-бет). Өзі мұсылман емес, мұсылман­дықты құрметтемейтін адам дәл өстіп сұлтанды сөге қоя ма?
Тілеуберді дәлелдеп отырған шындықты бұрын бізге Қазыбек бек Тауасарұлы, Қазанғап Байболұлы қазақтың Ата шежіресі бойынша Шыңғысханды жалайырдан таратып жазып кеткен де еді. Бірақ біз оны ғы­лымға емес, дауға салдық. Ал бұл жолы Тілеубердінің ғылыми тұжырым­дарын тыжырынбай, өз ата-бабамыз жайлы тарих деп, құрметпен қабылдайық. Өйткені, ол соған ылайық. Саясат араласып арамдаған тарихымызды деректі дәлелмен адалдайық!
Бәрін айт та, бірін айт: Тілеуберді бауырыма мың да бір рахмет!

www.writers.kz

Ұқсас тақырыптар:
 

0 Пікір

Сіз бірінші болып пікір қалдыра аласыз.

Пікір жазу

 




 
*
 
 
 
Resurs.kz: сайты Казахстана и раскрутка сайта Статистика от SoftDeCo Счетчик посещений Counter.CO.KZ - бесплатный счетчик на любой вкус!

Ассаламуағалейкүм! Ислам және Өркениет

Кіру

Құпия сөзіңізді жоғалттыңыз ба?

Бұл сайтта тіркелу


Тіркелу

Сайтқа тіркеліңіз.