«Қазақстан – 2050» стратегиясы – жарқын болашақтың кепілі

Өткен жылдың аяғында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын жариялағаны белгілі. Жаңа стратегиялық бағдарламада Елбасы еліміздің ендігі межесі мен алар асуын айқындап берді.
Биылғы Жолдаудың тағы бір ерекшелігі – идеология мәселесі мен ұлттық құндылықтарға айрықша көңіл бөлінуі. Сондай-ақ, дін мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Соның ішінде «ХХІ ғасырдағы Қазақстандағы дін» атты бөлімде Елбасы бұл саладағы түйткілді мәселелерге ерекше тоқталып өтті. Соған орай алдағы уақытта еліміздегі діни ахуал қай бағытта өрбитіндігі жөнінде белгілі тұлғалардың пікірін білген едік.

Сұлтан Сартаев,
заңгер-ғалым, академик:
Жаңа межелерді бағындыруға
бастайтын нұсқаушымыз
– Елбасының биылғы жолдауы бұрынғыларға қарағанда өзгеше болғаны анық. Өйткені биылғы жолдауда еліміздің 2050 жылға дейінгі жоспары мен жүретін жолы айқындалды. Стратегия деген атты иемденуі де сондықтан. Ендігі кезекте, бүкіл халық болып сол игі бастамаларды бірігіп жүзеге асыруымыз керек.
Аталған стратегияның басты ерекшелігі – ұлттық және рухани құндылықтардың кеңінен қамтылуы. Елбасы дін мәселесіне ерекше мән беріп, бұл салаға жауапты адамдарға тапсырмалар мен жауапкершіліктер жүктеді. Оның себебі де түсінікті. Өйткені соңғы кездері діни мәселелердің ушығып, жат ағымдардың іс-әрекеті ашық көріне бастаған болатын. Жолдауда соның бәріне біржола тосқауыл қойып, өзіміздің дәстүрлі Исламды, Әбу Ханифа мәзһабын дамыту керектігі айтылды. Ендеше бұл ғасырда ата-бабамыз таңдаған осы бағыттың басымдығы артары сөзсіз.
Бұрынғы дін туралы заңның осалдығына байланысты елімізге көп-теген жат пиғылды ағымдардың еніп кеткені белгілі. Дінаралық келісімге сызат түсіріп, дінді бұрмалаушылардың барлығына біз тойтарыс беруіміз керек. Өйткені біздің негізгі дініміз дәстүрлі таза Ислам. Осы діннің елімізде өркендеуіне, дамуына жағдай жасауымыз тиіс. Ал орта жолдан қосылған сан түрлі ағымдарға үгіттейтін дінсымақтарды ауыздықтап, олардың өкілдерін діни ортадан аулақ ұстауымыз керек.
Бұдан бөлек Жолдауда латын әліпбиіне көшу, тіл мәселесі сынды ұлттық идеологияға қатысты тақырыптар айтылды.
Жалпы біздің бүгінгі мақсатымыз бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылып қана қоймай, сол саптың алдыңғы шебінен орын алу. «Қазақстан-2050» стратегиясы сол межені бағындыруға бастайтын нұсқаушы болмақ. Өз басым осы ХХІ ғасыр Елбасы айтқандай, Қазақ елінің алтын ғасыры боларына сенемін. Алла соны нәсіп етсін!

Бақтияр Артаев,
бокстан Афины олимпиадасының чемпионы, «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының президенті:
Елбасы келешек бағыт-бағдарымызды айқындап берді
– Жалпы биылғы Жолдау қазақстандықтарға алдағы уақыттағы бағыт-бағдарын, жоспарын айқындап берген ерекше құжат болды. «Қазақстан – 2030» бағдарламасы да халқымыздың арман-тілегін бір арнаға тоғыстырып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеуге үндеген болатын. Биылғы «Қазақстан – 2050» стратегиясы да сондай шамшырағымыз болады деп сенемін.
Елбасы бұл Жолдауда экономика, саясатпен қатар рухани құндылықтарға, соның ішінде дін саласына ерекше тоқталып өтті. Әсіресе, былтыр қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы Заңда көрсетілгендей Ислам дінінің Ханафи мәзһабына ерекше мән берілді. Менің ойымша, бұдан былай еліміздегі Ислам дінінің аясы осы бағытта дамып, өркендейді. Сондай-ақ, салт-дәстүрімізбен біте қайнасып кеткен дәл осы мәзһаб қанатын кеңге жаяды деген ойдамын. Сондықтан бізге әуелі Елбасы атап көрсеткен Ислам дінінің Ханафи мәзһабын кеңінен насихаттауымыз керек. Әрине өзге жат ағымдарды ауыздықтау жұмыстарын да тоқтатпауымыз тиіс. Егер қолға алынған жұмыстар өз уақытында жүзеге асатын болса, ХХІ ғасырдағы еліміздегі мұсылмандар Елбасы айтқан Ханафи мәзһабына, ұлттық салт-дәстүрге берік жамағатқа айналады деп сенемін. Сол кезде біздің бірлігіміз бен ынтымағымыздың іргесі одан әрі беки түсері анық. Алла соған жеткізсін.
Негізі дін өте нәзік мәселе екені белгілі. Сол себепті де дінді ешқашан қоғамнан бөлектеуге болмайды. Тіпті спортта да оның алатын орны өте жоғары. Әсіресе, асыл дініміздегі аят-хадистермен спортшылардың отаншылдық сезімін күшейтіп, рухын нығайтуға болады. Өйткені бүгінде көптеген спортшыларымыз намазға келіп, жалғыз Алладан медет тілеп жүргені көпке аян.
Жаратушы Иеміз Елбасының ел игілігі үшін жасап жатқан істеріне береке беріп, 2050 жылы тәуелсіз Қазақстанның қазіргіден де мықты, қуатты, дініне, тіліне бекем, экономикамен қатар спортта да алпауыт ел болуын нәсіп етсін. Ендеше ел ертеңі жарқын болуы үшін барша қазақстандықтарды бірлік пен тірлікке шақырамын.

Дихан Қамзабек,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ-дің проректоры, профессор:
Жаңа стратегия –
ұлтты ұйыстыратын басты құжат
– «Қазақстан-2030» бағдарламасы еліміздің бір кезеңдегі белесін көрсетсе, Елбасының биылғы «Қазақстан-2050» стратегиясы қазіргі таңда болып жатқан жаһандық келеңсіздіктерге қарсы тұруға, соған байланысты қауіпсіздікті күшейтуге қатысты мәселелерді күн тәртібіне қойып отыр. Соның ішінде діни қауіпсіздік, рухани бағдар туралы өте жақсы және өз деңгейінде айтылды. Себебі, былтыр қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы Заңда, сондай-ақ, аталмыш стратегияда да Ислам діні, соның ішінде біздің ұлттық құндылықтарымызға жақын, ата-бабамыздың ежелден ұстанған бағыты имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабына баса назар аударылды. Бұл мәзһаб біздің тарих және дәстүрімізбен қабаттасып, біртұтас болып кеткені шындық. Ендеше осы бағыттың дамуына жағдай жасасақ, ұлтымыздың бір мақсатқа ұйысу үдерісіне пайдасы зор болмақ.
Егер стратегиядағы басым бағыттарды орынды жүзеге асырар болсақ, еліміздің басты діні дәстүрлі Ислам болып қалыптасары анық. Сондай-ақ, Елбасының Әбу Ханифа мәзһабына тоқталуы да оның аясын кеңейтері сөзсіз.
Жалпы білім саласының өкілі ретінде, қарапайым қазақстандық ретінде «Қазақстан-2050» стратегиясында идеологиялық және рухани мәселелердің нақты айтылғанын үлкен қуанышпен қабылдадым. Сондықтан жаңа бағдарлама еліміздің бағыт-бағдарын айқындайтын, ұлтты ұйыстыратын басты құжатымыз деп есептеймін.

Ержан қажы Маямеров,
ҚМДБ-ның Семей өңіріндегі
өкіл имамы:

Дәстүрлі дініміздің мәртебесін арттырған жолдау

– Елбасымыз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жаңа Жолдауы еліміздегі діни конфессия өкілдеріне де үлкен ой салары хақ. Елбасы халыққа арнаған Жолдауларында мәдениет пен руханият салаларына да ерекше көңіл бөлетіні белгілі. Ал осынау тарихи өтпелі кезеңнің үш буынына арнаған сөзінде Мемлекет басшысы халқымыз ұстанатын дәстүрлі дініміз туралы да сөз қозғап өтті. Бұл орайда Елбасы: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – Ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал. Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек», – деп салиқалы пікір білдірді. Бұл салмақты ойлар дәстүрлі дініміз бен ұлтымыздың баға жетпес құндылықтары ретінде қадірлеу керектігін де еске салады. Жолдаудың жаңа сипаттарының бірі ретінде Президентіміз ендігі күндердің еншісіндегі еңсерілуі тиіс жаңа міндеттемелерді де баса атап көрсетті: «Біз Жаратушыға деген кіршіксіз сенімнің агрессиялы және қырып-жойғыш фанатизммен алмасуына жол бермеуіміз керек. Ол біздің бейбітсүйгіш халқымыздың психологиясы мен діліне мүлде жат. Ол Қазақстанның мұсылмандары ұстанатын ханафи мәзһабына қарама-қайшы. Біз әлеуметтік, этностық және діни шиеленістер мен қақтығыстарды еңсерудің жаңа сенімді механизмдерін жасауымыз керек. Дәстүрлі емес секталар мен күмәнді жалған діни ағымдардың іс-әрекетін қатаң түрде тыйып отыру қажет. Біз қоғамда, әсіресе, жастар арасында діни экстремизм профилактикасын күшейтуіміз керек. Мұны Қазақстанның қазіргі және болашақ саясаткерлері, барлық қазақстандықтар айқын түсінуге тиіс», – деп Үкіметке осы шараларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік бағдарламалар әзірлеуді тапсырды. Ал бұл шаралар еліміздің ішкі тұрақтылығын, дінаралық түсіністік пен келісімді сақтау жолында еңбек сіңіріп келе жатқан дін қызметкерлеріне де сүбелі міндет жүктейтіні анық.

Дайындаған Еламан ҚОҢЫРОВ,
«Ислам және өркениет»

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Top