Оразаға қатысты сұрақ-жауаптар

Сұрақ: Балаларға ораза ұстауға бола ма?
Жауап: Балиғат жасына жетпеген балаларға ораза ұстау міндетті емес. Алайда, олардың жағдайын ескере отырып, құл-шылықтың қыр-сырын үйрету мақсатында ораза ұстауға рұқсат беру керек. Рұқсат беріп қана қоймай, оларға ақыл-кеңес беріп ықыласын құптаған жөн. Рамазан айында ораза ұстай алатын және ұстағысы келетін бүлдіршіндерге кедергі жасама-ған абзал. Алайда, қатты ашығып қалмауын қадағалаған дұрыс. Олардың мектептегі үлгерімі мен денсаулығына жағымсыз әсер етпейтін болса ғана рұқсат етіледі.

Сұрақ: Шомылу немесе душ қабылдау оразаны бұза ма?
Жауап: Душ қабылдау, шомылу немесе жүзу оразаны бұзбайды. Себебі, ораза ұстаған адамға суға түсуге тыйым салынбаған. Бірақ, суға түскен адам аузын шайған кезде су жұтып қоймауы шарт. Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ораза ұстап жүрген кезде суға түсіп, ғұсыл алғаны туралы деректер бар.

Сұрақ: Әтір және басқа да иіссулар оразаны бұза ма?
Жауап: Әтір, иіссуларды пай-далану, олардың хош иісін иіскеу Ханафи мәзһабы бойынша оразаны бұзбайды және оразаға ешқандай жағымсыз әсер етпейді. Сонымен қатар, хош иісті өсімдіктер иісін, мысалы, раушангүл мен раушан майын иіскеу барысында ораза бұзылмайды.

Сұрақ: Тіс тазалау оразаны бұза ма?
Жауап: Ораза кезінде мисуак не тіс пастасын пайдаланып тазалауға болады. Мұның оразаға зияны жоқ. Ең бастысы, судың ауызға кетіп қалмауын қадағалаған дұрыс. Егер су кеткен жағдайда ораза бұзылады. Айттан кейін бір күн қазасын өтеу керек болады. Сондықтан, тісті сәресінде немесе ауыз ашқаннан кейін жуған абзал.

Сұрақ: Макияж жасау немесе біреуге жасату оразаны бұза ма?
Жауап: Ораза кезінде макияж жасауға (бетті бояуға) болады, себебі, теріге жасалған макияж оразаға ешқандай зиян келтірмейді.

Сұрақ: Ерін далабы оразаны бұза ма?
Жауап: Ерінге жағылған опа-далап оразаны бұзбайды, бірақ ерінді жалап, далаптың дәмін сезіну дұрыс болмайды (мәкрүһ). Оразаның мәні мен мақсатын ескере отырып, күмәнға бой алдырғыңыз келмесе, ораза кезінде далап қолданбаған абзал.

Сұрақ: Егер күйеуі мен әйелі құшақтасып сүйіссе, ораза бұзыла ма?
Жауап: Сүйісу оразаны бұзбайды. Бұл мәселеге қатысты Айша анамыз (р.а.): «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ораза кезінде сүйетін. Ол өзін басқалардан артық ұстай алатын», – деген. Шариғат бойынша егер адам өзін ұстай алмаса, оразаның бұзылуына алып келуі мүмкін әрекеттерді жасамаған дұрыс. Осы тұрғыдан алғанда, өздеріне сенімсіз ерлі-зайыптылар бір-бірін сүюге көп әуестене бермеуі керек.

Сұрақ: Намаз оқымайтын адамның оразасы қабыл бола ма?
Жауап: Әрбір ғибадат бөлек қарастырылады және бұл үшін арнайы бекітілген періштелер оларды жазып отырады. Орындалған намаздар бір бөлек, оразалар да бір бөлек жазылады. Әрбір ғибадатты орындауды талап ететін өз шарттары бар. Егер ғибадат орындау барысында аталған шарттар орындалған болса, ол қабыл болып, адамның барлық амалдары арнайы дәптерге жазылады. Сондықтан, біз бір ғибадат екінші ғибадат салдарынан қабыл болмайды деп айта алмаймыз, яғни намаз оқымайтын кісінің оразасы қабыл емес деген нақты дәлел жоқ. Сондықтан, намаз оқымайтын адам оразаны шартына сәйкес орындаса, оразасы қабыл болады әрі ол Рамазан айында ораза ұстау міндетін атқарған болып саналып, өзіне тиесілі сауабын алады. Дегенмен, Рамазан айында орындалатын басқа құлшылық түрлеріне жазылатын сауап өзге айлармен салыстырғанда әлде-қайда артық екенін ұмытпаған жөн. Оған қатысты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көптеген хадистері бар.

Сұрақ: Ауырған тіске дәрі басылса, ораза бұзыла ма?
Жауап: Ауырсынуды басу үшін тіске қойылатын дәрілер ішке жұтылмаса оразаны бұзбайды.

Сұрақ: Егер шылым шегуші темекі түтінін ішке тартса немесе түтін оның өкпесіне тараса, ораза бұзыла ма?
Жауап: Ауамен араласып кеткен темекі түтінін ішке тарту оразаны бұзбайды. Себебі, адам тыныс алуға мәжбүр. Сондай-ақ, ауамен араласып кеткен түтіннен құтылу мүмкін емес. Сонымен қатар, ішке дем тартудың тамаққа, сусынға ұқсастығы жоқ. Дегенмен, адам темекі түтінін әдейі ішіне тартатын болса немесе күлсауытқа еңкейіп тұрып тыныстайтын болса, ораза бұзылады және оның қазасын өтеу міндеттеледі.

Сұрақ: Рамазан кезінде әйел адамның етеккірі келсе немесе босанғаннан кейінгі қырық күндікте болған жағдайда ораза ұстауының үкімі қандай? Егер ораза ұстаған күні ауыз ашарға жақындаған сәтте етеккірі келсе, ораза бұзыла ма?
Жауап: Әйел адам хайыз (етеккір) бен нифас (босанғаннан кейін 40 күн келетін қан) күндерінде намаз оқымайды, ораза ұстамайды. Өйткені хайыз бен нифас кезінде ораза ұстау ─ харам. Рамазан айында ораза ұстап жүріп күндіз етеккір көре бастаса яки босанса сол мезеттен бастап оразасы бұзылады. Кейін ораза ұстамаған күндерінің қазасын өтейді. Тек намаздарының қазасы ғана өтелмейді. Бір риуаятта Муаз (р.а.):«Мен Айша анамыздан (р.а.) хайыз көрген әйелдің неге оразасының қазасын өтеп, намазын өтемейтіндігінің себебін сұрадым. Ол «Біз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жанында осындай жағдайларға тап болғанымызда ол кісі тек қана оразаның қарызын өтеу керектігін айтатын, ал намаз жайлы ештеңе демейтін», – деп жауап берді», – дейді (Әбу Дәуіт, Таһарат, 104; Нәсәи, Хайыз, 17; Ахмад ибн Ханбәл, 6/32). Бұл шариғатымыздың әйелдерге деген жеңілдігі.
Сұрақ: Ораза кезінде ұмытып ішіп-жеп қойса не болады?
Жауап: Ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзбайды. Бірақ ораза ұстағаны есіне түскен кезде ішіп-жеуді дереу доғару керек. Осыған қатысты Ардақты елші (с.ғ.с.):«Аузы берік адам ұмытып ішіп-жесе, оразасын бұзбай толықтырсын. Өйткені, оған жегізген де, ішкізген де Алла», – деген (Бұхари /6669, Мүслім /1155, Тирмизи мен Ахмет ибн Ханбәлде риуаят етілген). Басқа бір хадисте:«Рамазан айында ұмытып оразасын бұзған кісіге қаза да, кәффарат та керек емес», – делінген (Ибн Мажә, Сиям, 15. Ибн Хузәимә /1999). Сондай-ақ, Әбу Ханифаның көзқарасында, егер мұндай жағдайдағы адам білместіктен оразам бұзылып кетті ғой деп ойлап тамақ жеуін жалғастырса, кейін кәффаратсыз тек қана сол күннің қазасын өтейді делінген.
Аузы беріктігін ұмытып тамақ жеп отырған адам әлсіз, қарт болса, ондай жандардың ораза ұстап жүргенін есіне салмаған абзал. Себебі Алла тағала өзінің мейірімімен ұмыттыру арқылы оларды ішкізіп-жегізуде. Ал керісінше ұмытып тамақ жеп отырған кісі денсаулығы мықты әрі жас болса, сол мезетте есіне салған дұрыс.

Сұрақ: Рамазан айында ауыз аштыру қаншалықты сауапты іс? Кейбір адамдар ораза ұстаған жанның аузын аштырса, аузы берік адамдікіндей сауап алады дейді, осы рас па?
Жауап: Ол рас. Ораза ұстағандарға бір құрмамен немесе сумен болса да ауыз аштырудың сауабы мол. Тіпті, жағдайы көтерсе тамақ беріп аузын аштырған абзал. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім ораза ұстаған жанды ауызашарға шақырып, тамақ беріп, аузын аштырса – ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді», – деген (Тирмизи, Саум, 82; Ибн Мажә, Сиям, 48). Рамазан – жомарттық айы. Сондықтан бай-қуатты кісілер осы айда мұқтаждар мен тұрмысы нашар кісілерге ауыз аштыруы да үлкен сауап. Олар тұратын аудандарда ауыз ашуға тамақ таппаған адамдардың болмағаны абзал. Бірде Жүсіп пайғамбардан (ғ.с.): «Сен қалай ашығасың, қазынаның кілті қолың-да емес пе?», – дегенде, ол: «Қарным тоқ жүрсе, ашыққандардың жағдайын ұмытып кетем бе деп қорқам», – деп жауап берген екен. Мұсылмандық тәрбиенің негізі осындай игі әрекетті қажет етеді. Әрине, мұсылмандық тәрбиемен сусындап өскен жандардың мұндай келеңсіздіктен мазасы қашатыны да белгілі. Өйткені «Көршісі аш кезде өзі тоқ адам бізден емес» деген хадис үнемі олардың жадында тұратыны сөзсіз (Ахмет ибн Ханбәл, Мүснәд, 1/55).
Сұрақ: Өтірік айту, біреуді сыртынан өсектеу немесе тіл тигізу, харамға қарау оразаны бұза ма?
Жауап: Бір хадисте: «Ғайбат айту, сөз тасу, жалған куәлік ету, бөгде адамға (ер болса әйелге, әйел болса ер кісіге) нәпсілік құмар-лықпен қарау оразаны бұзады», – делінген. Алайда Имам Ағзам Әбу Ханифа хадисті: «Аталмыш күнәлар мәкрүһ амалға жатады. Яғни, оразаның өзін бұзбағанмен, оның сауабын кемітеді» деп түсіндірген.
Тағы бір хадисте: «Кімде-кім ауыз бекіткенімен жаман қылықтарын қоймаса, оның оразасы бекер», – деп ораза сауабынан айрылатыны ескертілген (Бұхари, Саум 8).
Алла елшісі (с.ғ.с.): «Ораза – тозақтың қалқаны, ғайбатпен бұзылмайынша қорғайды. Ораза ұстаған адам надандықпен жаман сөз сөйлемесін. Егер ол біреумен сөзге келіп қалса «мен оразамын» десін», – деп мұсылмандарды ораза кезінде ерекше сабырлылыққа шақырған (Бұхари, Саум, 9).
Қорыта келе айтарымыз, жа-ман қылықтар оразаны бұзбайды. Тек ораза сауабын кемітеді. Жоғарыда аталған харами әрекеттерден нәпсіні тізгіндеуге тырысу, жақсы ойда жүру әрі тілімізбен зікірде болу мәндүп амалдарға жатады. Сондай-ақ, көз бен тілімізді шариғатымыз тыйған нәрселерден қорғаға-нымыздай, құлақ, қол, аяқ, т.б. ағзаларымызды да қорғай білуіміз керек.
Құранда: «Уа, иман кел-тіргендер! Сендерден бұрын-ғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза сендерге де парыз етілді», – деп ораза ұстау арқылы тақуалық-қа жету негізгі мақсат екені білдірілген («Бақара» сүресі, 183 аят).

www.muftiyat.kz

Оразаға қатысты сұрақ-жауаптар” мақаласына 19 пікір жазылған

  1. Саламатсыздарма мен ораза устап едим бирак ауыз ашарда муздай су ишип едим содан тамагым исип кети ( ангинам котерилип ) бирак дари ишейн десем оразам ашылып кетет соган сиздерге сурагым бар еди тамак астына мактамен арак арластырып тамагыма койса болама жауапатынызды кутем Алла разы болсын

  2. Сəлеметсизбе. Рамазан айындағы Оразаның қарызын қай күндері өтейді?(нақты айы,күні мен уақытын жазсаңыздар) Шəууəл айының оразасы туралы айтып берсеніздер.
    Рахмет

  3. Ауыз бекитуге уйктап калдым . Ауызымды ашып жибердим. содан кейин кундиз жыныстык катынаска тускен кунама? Казасы неше кун?

  4. Салеметскздер! Өтніш тез жауап бере аласыздарма мен ораза устап жүрмін бырак етеккірім келді жəне де ушак кун келеді оразамды бузбай устай берсем оразам бузылама

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Top