2012 жылы ақырзаман бола ма?

немесе қиямет қайым туралы Құран Кәрім не дейді?

 Бірер жыл бұрын ғана экранға шығып, бүкіл әлемді дүр сілкіндірген Голливудтың ақырзаман жайлы түсірген «2012» атты фильмі адамдардың санасына күндердің бір күні бұл дүниенің де талқаны шығатыны туралы үрейлі ой әкелгені жасырын емес. Оны көрген жұрт «2012 жылы ақырзаман болады ма?» деп үрейленіп, тіпті АҚШ-та дүрбелең болғаны есте. Ақыры фильмнің режиссеры Роланд Эммерих көпшілік алдына шығып, туындыны түсіруде майя халқының күнтізбесіне сілтеме жасалғандығын, мұның ғылыми дәйектемесіз екенін, қысқасы бұл тек кино екендігін айтып, халықты сабырға шақыруға мәжбүр болды.

Фильмді түсіру барысында қолданылған «арнайы әсерлердің» (спецэффекты) күштілігі соншалық, Голливудтың талғампаз шеберлігіне таңдай қақпаған жан болмаған шығар. Дегенмен, көп адамдар аталмыш фильм барысында көрген «арнайы әсерлердің», апат қорқынышының Құрандағы ақырзаман туралы баяндайтын аяттармен мүлдем салыстыруға келмейтінін біле бермейді. Қиямет қайымның келетіні жайындағы оқиғаларды жеткізу барысында Алла тағаланың айтқан әрбір сөзі адамның жан-жүрегінен өтіп, тәубесін шақырады. Алланың сөзі – Голливуд сценарисінің ойдан шығарған аңызы емес, ол қазір біз емін-еркін аяқ басып жүрген ғаламшарымыздың ертеңгі болатын жағдайы.

Оған дейін әлі қанша уақыт бар? Оны бір Алла ғана біледі. Мүмкін бірнеше күн қалған шығар, бәлкім тіпті бірнеше секунд… Иә, Құранда айтылатын ақырзаман оқиғалары кинотеатрларда болған өтірік көріністерден анағұрлым қорқыныштырақ…

Алғашқы сұр үрлеуі

Алла тағалаға ғана мәлім бір күні адамзат өмір сүруін тоқтатады. Адаммен бірге барлық тірі мақұлықтар да, тіпті жер, күн, ай, жұлдыздар – бізді қоршаған тіршіліктің бәрі де жоғалады. Адам баласына мызғымас, мәңгілік болып көрінген нәрсенің барлығы мәнін жояды. Міне, дәл осы күні жер бетін мекендеген адамзат Алла тағаланың бұған дейін байқамаған құдіретін сезеді.

Жаратушы Иеміз айтады: «Қашан Сұр үрілсе, міне, сол күн, өте ауыр күн» («Муддәссир» сүресі, 8-9-аяттар). Сұр үрленген кезде адамдар қатты қорыққандықтан қайда тығыларын білмей, абыржып, жүректері жарыла үрей құшағына енеді. Олар бұл кезде қайдан шығып жатқаны белгісіз, қорқынышты, өзгеше қатты дауысты естиді, бар әлемді қамтыған зор дауыстан дүниенің бәрі дірілдеп кетеді.

Асып-сасқан адамзат бірі қалмай дүрлігіп, естен танып, тағы аңдардай сасқалақтап тым-тырақай қашу басталады. Алла тағала айтады: «Ал енді қатты дауыс келген сәтте, сол күні, кісі туысынан қашады. Шешесінен, әкесінен, әйелінен және балаларынан. Ол күні әркімнің ісі ауыр (Әркім өз халімен әлек)» («Абәсә» сүресі, 33-37-аяттар).

Сұр үрленуі бұл өмірде адамдар арасын жалғаған байланыстардың бәрін үзуге жеткілікті екенін аяттан көріп отырмыз. Әрбір адам тек қайда тығылсам, бұл дауыстан қалай құтылсам деп қана ойлап тұрады. Жүректі жарған үрей басқа нәрсеге көңіл бөлуіне мұрша бермейді. Құранда сол күнге қатысты: «Таулар жүргізілген сәтте, қаймал іңгендер, иен жіберілген сәтте, жан-жануарлар жиналған сәтте…» («Тәкуир» сүресі, 3-5-аяттар), – деген баяндар бар.

Қорқыныш пен үрейден бөлек, бұл күні адамдар ең өкінішті жағдайға тап болғандарын, яғни шығар жол жоқ тығырыққа тірелгендігін сезеді. Бұған дейін кез келген стихиялы апаттарға қарсы қауіпсіздік шараларын қабылдай білген, түрлі табиғи апаттардан, күшті зілзалалар мен жойқын тасқындардан, тіпті ядролық жарылыстардан қорғанып, жан сақтауға мүмкіндігі болған адамдар ақырзаман болған күні қайда жасырынып, қалай құтыларын да білмейді. Ешқандай да, ешкімнің де бұл күні билігі болмайды, адамзатты құтқарар мүмкіндік те ешкімнің қолынан келмейді.

Сұр үрілген кездегі қатты шыққан зор дауыстан кейін іле-шала орасан жер сілкіністері, цунами, жанартау атқылаулары, метеориттер жаңбыры басталып кетеді… Алла тағала айтады: «Жер сілкіндіріп қозғалған сәтте, Жер ішіндегі жүгін шығарған кезде, адам баласы: «Бұған не болды?», – деген сәтте, ол күні жер, уақиғасын түсіндіреді, Раббыңның оған білдіруімен» («Зілзала» сүресі, 1-5-аяттар), «Расында билік күні, белгілі болған бір мерзім. Сұр үрілген күні, топ-топ келесіңдер. Көктер сетінеп есіктер пайда болады. Таулар жүргізіліп, сағым болады» («Нәбә» сүресі, 17-20-аяттар).

Төбесі көк тіреген үйлер, алып ғимараттар, кеңселер, көліктер, плантациялар, зауыттар, ғарыш стансалары, мұнай компаниялары, т.б. – адам баласы жанынан да жақсы көріп, бағалаған, өзінің ажырамас меншігі ретінде көрген осы нәрселердің бәрі де сұр үрленген күні тозаңға айналады. Тіпті орнынан тапжылмастай, мызғымастай болып көрінген алып таулар да бұл кезде қозғалып, жерден түбірімен жұлынып, тарыдай шашылып кетеді. Бұған Құранның: «Ол күні адам баласы таралған паруанадай болады. Таулар түтілген жүндей болады» («Қариа» сүресі, 4-5-аяттар), – деген хабары дәлел.

Адамзат баласы бар күшін салып, жылдар бойы тұрғызған нәрселері бір сәтте жоқ болады. Осы оқиғалар басталмай жатып-ақ адамдарға бұл өмірдегі тіршіліктің уақытша екендігі түсінікті болады.

Керемет үй сатып алып, енді қалған өмірін осы жайлы қоныста өткізсем деп жатқандар, өмір бойы қызмет қуып, енді ғана қалаған лауазымына жеткендер, ұзақ жылдар билікке келу үшін саяси күрес жүргізгендер – бәрі де елсіз далада қалғандай, мәнсіз тығырыққа тіреледі. Бұл туралы Алла тағала: «Бірақ ол ірі уақиға (қиямет) келген сәтте, Ол күні адамзат не нәрсеге тырысқанын есіне алады» («Нәзиат» сүресі, 34-35-аяттар), – дейді.

 

Адамдар ақиқатты кеш ұғынады…

 

Сәл зілзала бола қалса, зәресі ұшып, түнде көшеге ұйықтап, әбігерге түсетін адамдар ақырзаман келетін күні адамның санасына да сыймайтын апатты өз көздерімен көреді. Бұған дейін әртүрлі құбылыстардың себебін «табиғат-анадан» іздейтін адамдардың санасын: «Табиғаттың күші емес бұл. Табиғатта мұндай күш жоқ», – деген үрейлі ой кезетін болады.

Иә, бұл табиғаттың ісі емес. Қиямет болғанда, оның өзі де жоғалып кетеді: «Сонда бір рет Сұр үрілген сәтте, жер мен таулар көтеріліп, соғылып күйреген сәтте, міне сол күні қиямет оқиғасы болады» («Хаққа» сүресі, 13-15-аяттар), – дейді бұл туралы Алла тағала.

Міне, осы кезде адам бұл оқиғалардың артында Ақиқат Құдірет Иесі – Алла тағала тұрғандығын ұғынады. Бірақ, кеш келген бұл ұғыну адамға ешбір пайда бермейді. Адам баласы мойындағысы келмеген, өмір бойы ойлағысы келмеген сол бір күш енді оны жан-жағынан қаумалап, қыспаққа ала бастайды.

Адамдар да, жан-жануарлар да, табиғат та ғаламдық үрейдің тұтқынына түседі. Бұдан былай арқасын кеңге салған таулар да, шеті мен шегі жоқ мұхиттар да, тұңғиық көк аспан да болмайды. Күн, жұлдыздар, бар Ғалам үрей құшағына еніп, Жаратушының алдында бас иеді. Алып таулардың өзі құмға айналып жатқанда, оның қасында адамдар қорқынышқа жаншылып, аса ауыр халге түседі.

Зілзала, цунами, жанартаулар атқылауы мен метеориттер құлауы секілді катаклизмдердің өзгеше түрде бір уақытта орын алуы Жер тарихында ешқашан болмаған. Алла тағала Құранда ақырзаманды дәл осылай суреттейді: «Көк жарылған сәтте, жұлдыздар төгілген сәтте, теңіздер тасыған сәтте, қабірлер қопарылған сәтте…» («Инфитар» сүресі, 1-4-аяттар).

Миллиондаған жылдар жарқырап тұрған Күн, адамдар Құдайға теңеген жұлдыздар, ақындар жырға қосқан Ай адамға Жаратушы Құдайдың құдіретін білдіргендей бір күнде жып етіп сөніп, өмір сүруін тоқтатады. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Олар Алланы шын мәнінде қадірлей алмады. Негізінде қиямет күні жер бүтіндей Оның уысында. Және көктерде оң қолымен бүктеледі. Ол олардың қосқан ортақтарынан пәк. Әрі жоғары» («Зумәр» сүресі, 67-аят), «Түн мен күндіз және күн мен ай Алланың дәлелдерінен. Күнге де, айға да сәжде қылмаңдар. Оларды жаратқан Аллаға сәжде қылыңдар; егер Оған құлшылық қылатын болсаңдар» («Фуссиләт» сүресі, 37-аят), – делінген.

 

Қорытынды

 

Бұл мақаламызда ақырзаман туралы баяндалған Құран аяттарының аудармалары Алла тағала Сөздерінің терең мағыналарын дәл бере алмауы да мүмкін. Әр тілдің өз ерекшелігі болатыны сияқты, Құран аяттарын баяндау кезінде араб тілінің де өзіндік ерекшеліктері шебер қолданылғаны белгілі. Бұларды қазақшаға немесе басқа тілдерге тәржімалау барысында ойдың кейбір теңеу-жеткізу сипаттары жоғалатыны рас. Құранды түпнұсқаға түсініп оқыған адамға жоғарыда оқылған аяттардың әсері бұдан да айрықша болары сөзсіз.

Соған қарамастан, біз бұл мақаланы оқу арқылы ақырзаманның қандай болатынын ой елегінен өткіздік. Бірақ, Алла тағаланың Кітабы аяқты аспанға көтеріп қойып, қызық үшін оқитындарға арналмаған. Бұл баяндар шын мұсылманға Жаратушының құдіреттілігін, бізді қоршаған өмірдің уақытша екендігін, Аллаға мәлім бір күні бәріміздің соңғы сағатымыз соғатынын ескертеді. Иә, ол Ақырзаман.

Алла тағала айтады: «Егер қарсы келсеңдер, балалардың да шашын ағартатын күннен қайтып сақтанасыңдар. Ол күннің зардабынан көк жарылады, Алланың уәдесі орындалады. Расында бұл бір насихат. Ал енді кім қаласа, Раббының жолын ұстайды» («Муззәммил» сүресі, 17-19-аяттар).

Бірақ, бір қызығы, Ақырзаман – бұл тек Басы ғана… Жаңа өмірдің басы – Екінші сұр үрлеуі болғанда, мәңгілік өмір жолы басталады. Бұл туралы Алла тағала былай дейді: «Сосын екінші рет Сұр үріледі де, сонда олар тұрған бойда қарап қалады» («Зумәр» сүресі, 68-аят), «Олар қабірлерінен көздерін сүлмейтіп, таралған шегіртке құсап шығады» («Қамар» сүресі, 7-аят), «Олар қиямет күні шақырушыға еш бұрылмай ілеседі. Сондай-ақ, Рахманның алдында дауыстар бәсеңдейді. Тіпті сыбдырдан басқаны естімейсің» («Таһа» сүресі, 108-аят), «(Сол күні) олар бастарын қақшитып, олардың көздері өздеріне де қайырылмай және жүректері ұшып, жүгіріп бара жатады» («Ибраһим» сүресі, 43-аят)», «Әттең-ай, бізді жатқан жерімізден кім тұрғызды?», – дейді. «Міне, мейірімді Алланың уәдесі. Пайғамбар да шын айтқан» (делінеді)» («Ясин» сүресі 52-аят).

Бұл енді басқа мәселе…

 

Әдбілмүмін Ғажиев

 

«Ислам және өркениет», №13, 1-10 мамыр, 2011 жыл

 

2012 жылы ақырзаман бола ма?” мақаласына 3 пікір жазылған

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Top