БЕС ПАРЫЗ – ШАМШЫРАҒЫҢ

659_b[1]Мұсылман болсаң Хаққа бас иетін,
Екі етпей Пайғамбардың өсиетін.
Алланың дінімізге діңгек еткен,
Бес парыз – ардақ тұтар қасиетің.

Нұрланып, кемелденіп жан шуағың,
Ұстасаң – бар жамандық жаншылады.
Пендені қараңғы түн адастырмас,
Бес парыз – жол бастаушы шамшырағың.

Көрсең де бұл өмірде азап мейлің,
Нәпсіден биік тұрса азат кейпің.
Бес парыз – тура жолдан тайдырмайды,
Есігін жабар саған тозақ дейтін.

Қаншама алмасқанмен заманалар,
Алланың тура жолы сараланар.
Құлдары мойынсұнған Хақ жолына,
Сан зауал, қасіреттен аман қалар.

Бес парыз – мұратыңды түлеткенің,
Жолына жақсылықтың гүл еккенің.
Сүйікті құлы болып бір Алланың,
Иманды күшейткенің жүректегі.

Кіршіксіз сенсең – жақсы туады күн,
Бәрінен басым сонда шығар үнің.
«Алладан басқа Тәңір жоқ, ал, Елшісі –
Мұхаммед» – тасқа басқан куәлігің.

Сол сені кемел адам ете алады,
Биікке құлшылығың жете алады.
Бес уақыт намаз – алтын көпіріңдей,
Алламен жалғастырар екі араны.

Пендесін несібесіз жарата ма?
Ақшаны ұстап алып алақанда,
Оңды-сол байлығыңды шашқаныңмен,
Жетпейді зекетің мен садақаңа.

Ораза – сыналар сәт сабырымыз,
Нәпсіден тізгінделсе тамырымыз.
Әдеттен жаман егер тыйыла алсақ,
Бөленер нұрға біздің қабіріміз.

Барғанның қажылыққа жанған бағы,
Ниетің мұратыңа жалғанғаны.
Қасиетті Қағбаға зиярат қып,
Табаны тиген жанның бар ма арманы?

Егер де кірлемесе құт мекені,
Бес парыз сені осылай мықты етеді.
Дініңді дақ түсірмей, сақтай алсаң –
Білінер жүрегіңнің түкті екені.

Ұстансаң бес парызды – тұлғаң бөлек,
Бес парыз жол көрсетіп тұрған дер ек.
Алланың нұры тұрған әр жолында,
Құранның әрбір сөзі – тұнған дерек.

Алладан Тәңір бар ма құдіретті ең,
Әділдік, адалдықты тұғыр еткен.
Алланың ақ жолына шақырам деп,
Ардақты Мұхаммедтің ғұмыры өткен.

Жүректе махаббатың жалындасын,
Қамалы сеніміңнің алынбасын.
Алланың ақ жолынан басқа жолдың,
Білгейсің екі дүниеде табылмасын.

Ең мықты қасиет деп мұны сана,
Куәгер бұған тарих – Ұлы дала.
Бес парыз – дін діңгегін бағдар етіп,
Болайық бір Алланың құлы ғана!

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,
Қызылорда қаласы

БЕС ПАРЫЗ – ШАМШЫРАҒЫҢ” мақаласына 1 пікір жазылған

  1. Жарайсың Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,
    Қызылорда қаласы! Поэзия керемет жазылған,Алла Тағала разы болсын деп сұраймын,тілеймін!

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Top