Қажылыққа шақыру

hadj02[1]Қажыға бар ағайын, қажыға бар!
Қажылықтан жаныңыз азық алар.
Әттең дүние – опасыз! Өтіп кетсе,
Өкініш пен тек қана назы қалар.

Қажылық қыл мұсылман, Меккеге кел!
Келмесеңіз, дүниең текке кетер.
Жақсылыққа қолдансаң, дүние – игі,
Жамандыққа қолдансаң, өкпелетер.

Тіл сындырған бауырым кәлимаға,
Келмеймісің Расулға (с.ғ.с.), Мәдинаға?..
«Қажылық – бес парыздың бірі» деген,
Хадис шәриф, аяты кәримада.

Күнәнің бәрін кешер Арафатта,
Бұдан артық не керек жамағатқа?!
Жылына бір келетін қажылыққа
Өмірде бір баруға шама жоқ па?!

Қажыға кел жамағат, тауап жаса!
Хақ Пайғамбар көрсеткен сауап жаса.
«Дүнием жоқ, бармаймын» деме өтініш,
Ықылас қыл, ниет қыл, талап жаса!

Қағбаға маңдайыңыз тиген кезде,
Қара тасты өзіңіз сүйген кезде,
Бір намазың ол жерде – жүз мың намаз.
Жаратқанға басыңды иген кезде.

Өткіздік қанша жылды бармай қалып?!
Теңдесі жоқ қажылық – қандай бақыт!
Дүниең һәм денеңіз бірге атқарар,
Қажылық – ерекше амал, маңдайға құт!

Пенделікпен көбіне алысамыз,
Той-томалақ, ас берсек, жарысамыз.
Ысырап қылып, дүниені шашсақ-дағы,
«Жағдай жоқ» деп, қажыдан қалысамыз…

Жарлылар жарлымын деп тартынбасын!
Жігеріңе жігер қос, жарқылдасын.
Нәсіпсіз талай байлар бара алмай жүр,
Құштарлығың, ниетің сарқылмасын!

Дүние – пәни, байқасаң шолақ бәрі,
Шын игілік – жәннат қой о жақтағы.
Қажылық кез келгенге нәсіп болмас,
Қажылар – бір Алланың қонақтары!
Қажыға бар ағайын, қажыға бар!

Гулиддин Темірқұлұлы,
Алматы қаласы

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Top