Тату елге тыныштық орнайды

naukaҚоғамда бейбіт, тыныш өмір мен тәртіп сақтауға шақыратын дін – Ислам. Қасиетті Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Аллаға және Оның Елшісіне бас иіп бағыныңдар! Сондай-ақ, бір-бірлеріңмен жанжалдаспаңдар! (Олай істер болсаңдар) үрейге түсіп, күш-қуаттарың азаяды. Сонымен қатар, сабыр етіңдер! (Өйткені) Алла сабырлы жандармен бірге болады», – деген. Өзара ынтымақ пен татулыққа, сүйіспеншілік пен қолғабыс көрсетуге шақырып, бөлінушілік пен дұшпандықтан сақтандыратын Ислам сияқты дін жоқ. Құран мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистері мұның айқын дәлелі. Мәселен, Алла Тағала Құран Кәрімде бізді бірлік пен ынтымаққа шақыра отырып, былай дейді: «Барлықтарың Алланың жібіне (дініне) жармасыңдар, сондай-ақ өзара бөлінбеңдер». Ал сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мүміндер кірпіштерден қаланған бір ғимарат іспеттес», – дей отырып, біздер үшін бірлік пен ынтымақтың қаншалықты маңызды екендігін білдірген.
Басты мақсатымыз – мемлекетіміздің тыныштығы үшін қандай теріс пиғылды орта болса да, ортақ ойға, бірлікке тартуды үйрену. Өйткені, түрлі түсініктер мен діни ағымдардың болуы табиғи құбылыс. Ол үшін Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүние салысымен-ақ түрлі ағымдардың пайда болғанын еске түсірсек жеткілікті. Тек бұл мәселені шешудің сауатты жолдарын табуымыз ләзім. Бұл орайда, қасиетті Құраннан және пайғам­бары­мыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірінен көптеген мы­сал­дар келтіруге болады. Мәселен, Құранда Алла Тағала: «Біз сендерді үнемі орта жолды ұстанатын қауым еттік», – дейді. Ал, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Ақиқатында дін – жеңілдік. Ендеше, дінге қатысты қарысып қалмаңыздар, онда оған деген сеніміңіз азаяды. Адамдарды дұрыс бағытқа бастаңыз, оларды жақындастырыңыз және соған қуанатын болыңыз», – деп бауырмалдыққа, бірлікке шақыруды үндеп, ел тыныштығын әр мұсылманға аманат еткен. «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады». Бұл – тарихи заңдылық.
Сондықтан, қазақ елінің бірлігі – мемлекетіміздің кілті. Қандай мемлекет болмасын, оны  еш уақытта сырттан жау алмайды. Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген. Қуатты, іргелі ел болса, бірліктің арқасында мойындыны идіріп, тізеліні бүктірді. Ең алдымен ел арасында бірлік, ынтымақ, сабыр мен парасат, байсалдылық керек. Отбасының берекесі шаңырағының тыныштығымен және отбасындағы татулықпен келген. Мем­лекет те сол сияқты. Ендеше, жастың да, жасамыстың да дінге қатысты байсалды да өміршең ұстанымда болуына көп болып ықпал еткеніміз абзал. Қазақ халқында бірлік пен береке жайлы «Іргесі берік елді жау алмас, аузы бір елді дау алмас», «Бірлігі бекем елдің берекесі мол болмақ», «Төртеу түгел болса – төбедегі келеді, алтау ала болса – ауыздағы кетеді», «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді», «Бірлік қайда болса – ынтымақ сонда», «Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп», «Екі құзғын таласса, бір қарғаға жем болар», – деген т.б. көптеген даналық сөздер мен мақал-мәтелдер бар. Мұсылмандар ешқашан бауырмалдық сезімдерін жоғалтпай, бөлінушілікке жол бермеулері қажет. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде: «Сендерге бірлік пен ынтымақта болуды, бөлінуден сақтануды насихат етемін. Өйткені, шайтан жалғыз кісімен бірге, ал екі кісіден аулақ болады. Жәннаттың дәл ортасында болуды қалаған жан мұсылмандардан айырылмасын», – деген. «Жамағат дегеніміз – мейірімділік, ал бөлінушілік – азап», – деген.
Қазіргі заманда адам баласы дүние-мүлік жию жарысына түсумен әлек. Бар мақсаты – өзгелерден оқ бойы озық жүру немесе ешкімнен кем қалмау. Бір жағынан бұл дұрыс та шығар. Дегенмен, өкініштісі бауырмалдық, туыстық, жанашырлық сезімдері мен өзгелерге қол ұшын беру, қайырымдылық жасау сынды ұғымдар, дүниеге шектен тыс талпыныстың салдарынан күн санап әлсіреп бара жатқандай.
Алла Тағала адамзат баласын: «Бөлінбеңдер», – деп өзара бауырмал болуға бұйырған. Ахмет Байтұрсынұлы бабамыз: «Қазіргі заман – өткен заманның баласы, болашақ заманның атасы», – деген. Ортақ Отанымыз Қазақстан халқының бүгінгі бірлігі мен татулығы – болашақ заман үшін үлгі-өнеге, өсиет болып қала бермек.
Қашан да алдына айқын мақсат қоя білген елдің шығар шыңы биік болады. Олай болса, өзіне алып адымды, қарышты қадамды өлшем еткен тәуелсіз Қазақстанның  алға қойған мәр­­тебелі мақсаттарының абы­роймен орындалатындығына шүбәсіз сенеміз.
Кеудесі алтын сандық, кө­не­көз қарияларымыз айтушы еді: «Бақ, қайда барасың?», – де­генде: «Ынтымағы жа­рас­қан елге барамын!», – деп жауап берген екен. Сол айтылғандай, бірлікке жететін бай­лық жоқ, татулыққа жететін тірлік жоқ.
Қазақта мағынасы терең, айтылуы ауыр «Адам басына бақтың қонғанын білмейді, ұшқанын біледі» деген қанатты сөз бар. Бүгінгі босағамыздың берік-тігі, шаңырағымыздың биік­тігі, түтініміздің түзулігі халқымыздың басына қонған бақ десек, сол бағымызды қадірлеп, қолда барды бағалай білейік, ағайын!
«Тату елге тыныштық орнайды, бейбіт елде ғана береке болады», – деген атам қазақ. Демек, жүзі басқа, жүрегі бір, тілі басқа, тілегі бір ұлттар арасындағы татулықтың арқасында елімізде әлі де талай тындырымды шаралардың шымылдығы түріліп, тұсауы кесілері сөзсіз.
Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі біздің ең басты байлығымыз. Оны көздің қарашығындай сақтауға тырысуымыз керек. Біздің мемлекетіміздің басты жетістігі – еліміздің халықтарының ұлтаралық және конфессияаралық келісімі, өзара түсіністігі мен сыйластығы болып табылады.
Татулығымыз бен бауырмалдығымыз, мұсылманшылығымыз бен ынтымақ-бір-лігіміз әрдайым мықты, әрі берік болғай! Әмин.
Асылхан қажы Данияров,
«Шардара» орталық
мешітінің бас имамы,
Оңтүстік Қазақстан облысы

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Top