Адамға көңіл айтудың маңызы

konil-ajtuХалқымыз «Қайғы бөліссе азаяды» деп азалы адамдардың қайғысына ортақтасып, көңіл айтып, жұбатып келген. Бұл үрдіс ұрпақ санасына берік орнап, күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ.
Ата-бабаларымыз көңіл айтуға да ерекше маңыз беріп, оны шешендік сөздермен көмкеріп, адамның жүрегіне жұбату етіп, шебер жеткізе білген. Қазақ халқы бірлікшіл, туысшыл болғандықтан ағайын арасындағы қайғылы жайларда ешқашан бейтарап қалмаған.
Әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романындағы Құнанбаймен араз болған Бөжейдің қазасын естігенде көпті көрген Зере әженің жоқтау айтуы мен Құнанбайдың бетін сипап, иман тілеп, дұға жасауы және Бөжей үйіне ауыл-аймағымен барып көңіл айтуы осы салттың бір айғағы болса керек.
Қазақ халық ауыз әдебиетінде көңіл айтудың небір үздік үлгілері бар. Жыраулар ардақты адамдардың қазасын жырмен естіртетін болған. Бұхар жыраудың Абылай ханға Бөгенбай өлімін естіртуі осыған дәлел.
Асыл дініміз Исламда да көңіл айту әбестік емес деп көрсетілген. Бақилық болған адамдардың жақындарына «иманы саламат болсын», «артта қалғандарға өмір берсін», «топырағы торқа болсын», «алдынан жарылқасын», «арты қайырлы болсын» деген сияқты сөздер айту шариғатқа қайшы емес. Бұл қаралы жандарды сабырға шақыру, Алланың жазғанына көну болып табылады.
Жұбатуға байланысты мысалдарды Ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірінен де көптеп кездестіруге болады. Бірде қызының ұлы өлім үстінде жатыр деген хабарды естігенде Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қызыма айтып бар! Алғаны да, бергені де – Оныкі (Алланікі)! Ешнәрсе мәңгі емес, әр нәрсенің уақыты шектеулі. Сондықтан айт, сабыр етсін, Алланың жазғанына көнсін», – деп басу айтады.
Қиыншылықтарға тап болған адамды жұбату – дінімізде сауапты амал. Бір хадис шәрифте былай делінген: «Баласы қайтыс болған адамды жұбатқан кісіге жәннат шапаны беріледі. Қиыншылыққа ұшыраған адамды жұбатқан кісі оның сауабындай сауап алады», – делінген (Тирмизи).
«Мұсылманның мұсылманда бес ақысы бар: Сәлеміне жауап беру, ауырған кезде көңіл сұрап бару, жаназасына бару, қонаққа шақырған кезде бару, түшкіріп «әлхамдулиллә» деген кезінде «йәрхамукаллаһ» (жәркімалла) деу» (Мүслім).
Қазақ халқының тағылымға толы салт-санасын зерделесек, барлығы да дініміз Исламмен үндескен, тәрбиелік, тағылымдық маңызға толы болып келеді. Бұл халқымыздың парасат биіктігінің деңгейін көрсетсе керек.

Дәулет қажы Қабидолдин,
Шығыс Қазақстан облыстық
«Халифа Алтай» мешітінің наиб имамы

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Top