Кенжеәлі МЫРЗАБАЕВ, ҚМДБ Имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтының директоры, «Төле би» мешітінің бас имамы: Теріс діни ағымдар қазақтың салт-дәстүрін жоққа шығаруды көздейді

kenzhali– Кенжеәлі Қоңыратбайұлы, әңгіменің әлқиссасын инсти-туттың жай-күйінен бастасаңыз.
– Институт Қазақстан мұсыл-мандары діни басқармасының жанынан құрылған. Діни бас-қарма сонау 90-жылдары Рәтбек қажы Нысанбайұлы ұста-зымыздың, ақсақалымыздың ерен еңбегімен құрылғаны белгілі. Тұңғыш бас мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлынан кейін мүфтилікке келген Әбсаттар қажы Дербісәлі ағамыздың тұсында 2002 жылы осы Имамдардың білімін жетілдіру институты ашылды. Институт жайлы сөз еткенде, 2013 жылға дейін басшылық еткен алғашқы директоры Алcабеков Мұхамед Құсайын қажыны айтпай кетуге болмайды. Одан кейін Имамдардың білімін жетілдіру институтының тізгінін Бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы бұйрығымен сенім артып маған тапсырды. Бұл – сауапты да жауапты жұмыс. Оқу бағдарламасына келсек, бұрын мұнда имамдардың білімін жетілдіруге арналған оқу мерзімі 4 ай болды және жылына екі лек қабылдайтын. Біз өзгеріс енгізіп, 4 ай оқу мерзімін 2 айға қысқартқанды жөн көрдік.
– Қабылдау жиілігі ше, ол да өзгерді ме?
– Иә. Қазір төрт лек қабылда-нады. Баяғыда бір лекке 40-45 адамдай келсе, енді бір лекке 80 адамға дейін қабылдаймыз. 2002 жылдан 2013 жылға дейінгі аралықта Имамдардың білімін жетілдіру институтын жалпы 651 адам бітірсе, жаңа бағдарлама енгізілген соңғы үш жылда 627 адам оқып шықты. Яғни, жаңартылған оқу жоспарының нәтижесі жоқ емес. Әрине, біз адам санына емес, оқу сапасын басты орынға қоямыз.
– Имамдар бұл институтқа білі­мін жетілдіруге бір рет қана келе ме?
– Еліміз бойынша 7 мыңға жуық имам, олардың орынбасарлары, молдалар мен азаншыларымыз бар. Имамдардың білімін жетілдіру институты ашылғаннан бергі 14 жылда бас-аяғы 1300-дей имам осында оқудан өткен. Сауалыңызға нақты жауап ретінде айтарым, имамдар жыл сайын келіп білімін жетілдіріп тұрғаны дұрыс. Алайда, әзірге оған біздің мүмкіншілігіміз келіңкіремейді. Қазіргі ғимаратымыздың жағдайында ары кетсе 80 адам ғана қабылдай аламыз.
Оларға кімдер сабақ береді?
– Ұстаздарымыз – ғылым докторлары, профессорлар мен дүнияуи пәндердің ғалымдары. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессорлары, академиктері де мұнда сабақ өткізеді. Дәріс беретін ұстаздардың арасында Мысыр, Ташкент пен Бұқара, Түркияда оқып келгендері де бар. Жалпы, мұндағы бәріміздің қызметіміз имамдардың алаңсыз оқуына бағытталған.
Бүгінгі имамдарымыздың қоғам алдындағы моральдық бет­-бейнесі қандай болуы керек?
– Сауалыңыз өте орынды. Институтта имамдарға ортақ негізгі үш қағида бойынша жұмыс істейміз. Біріншісі, имамдардың біліміне қараймыз. Екі айда не оқығанын сараптаймыз, себебі, нәтиже болуы керек. Екіншісі, қатысуына мән береміз. Олар шақырған уақытта келуі, екі ай оқуы тиіс. Яғни, сабаққа ынтасы бағаланады. Үшіншісі, көркем мінез, адамгершілік қасиеттеріне назар аударамыз. Өйткені, имам жүріс-тұрысы, сөйлеуі, сабырлылығы басқадан ерекшеленіп тұратын тұлға болуы тиіс. Халыққа үлгі болатындай жақсы қасиеттері, көп алдында беделі, сый-құрметі болғаны абзал. Намаз оқуы, Құран оқуы, адамдарды дінге шақыруы, уағызы оның көркем мінезімен ұштасып жатуы керек. Бұлар былтыр Астанада өткен имамдардың форумында да сөз болды. Институт та имамдардың бойында көркем мінез қалыптастыруды мақсат етеді. Бұл ретте жаңағы үш қағида өте жақсы әсерін беріп жатқанын айта кеткен жөн. Білімді болу – имамдарға қойылатын басты шарттың бірі. Олар институтқа келгенде бірден тест қабылдаймыз. Білім деңгейін анықтап, соған сәйкес екі топқа бөлеміз. Сол бойынша сабақ өтіп, екі аптадан соң тағы да сынақ аламыз. Мұндағы мақсат, олардың білім деңгейін арттыру, бақылап отыру. Оның бәрі имамның ел алдындағы бет-бейнесі, беделі үшін. Өйткені, ол білім жағынан да, тәрбие жағынан да жоғары тұруы тиіс. Ел алдына жиі шығатын тұлға болғандықтан, имамның қандай екендігі, көркем мінезі оның сөйлеген сөзінен, жүріс-тұрысынан байқалады. Имамның білімі мен аһлағы, яғни, көркем мінезі бір-бірімен үйлесіп, бірін-бірі толықтырып тұруы керек. Сондықтан, біз осында оқып жатқан 51 имамға емес, солар арқылы 51 қауымға, 51 мешіттің жамағатына сабақ, дәріс беріп жатырмыз деп қараймыз өз ісімізге.
– Ел азаматтарының, әсіресе, жастардың теріс діни ағым-дарға еріп кетуін біреу діни сауатсыздықтан, бірі сыртқы күштердің ықпалынан, енді бірі әлеуметтік жағдайдан деп жатады. Сіздіңше, түпкі себеп неде?
– Бұл мәселеде біржақты айтуға да, бұған тікелей біреуді кінәлауға да болмайды. Жақсылық та, жамандық та бір Алладан. Тағдырға сенетін елміз. Дегенмен, иә, себептер барын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, мұны Үкіметтен де, молдалардан да көрмеуіміз керек. Әркім кемшілікті әуелі өзінен іздегені абзал. Қаншама ғасырлар бойы еліміз, жеріміз, халқымыз қасиетті Ислам дінінде келе жатыр. «Кімсің?» десе, «әлхамдулилла, мұсылманбыз» дейміз, «қашаннан бері мұсылмансың?» десе, «әлмисақтан бері мұсылманбыз» деп жауап қататын елміз. Әлмисақтан дегеніміз, ол қай заман?! Ол әлі адам да жаратылмаған, адамның рухы жаратылған уақыт. Еліміз «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңын қабылдады. Ол бойынша 18 жасқа толған Қазақстанның кез келген азаматы қай дінді қабылдаймын десе, өз еркі. Оған ешкім шектеу қоя алмайды. Әрине, қалай болғанда да, біз мұсылман мемлекетпіз. Оны Еуропа да, басқасы да, бәрі мойындайды, біледі. Сондықтан, бұл арада қорқатын, жалтақтайтын ештеңе жоқ.
Қазір қауіпке айнала бастаған түрлі діни ағымның көбеюін сол діни наным­-сенімге бостандық берген заңмен байланыстыратындар бар. Бұған не дейсіз?
– Оны теріске шығаруға болмайды. Бұл бүгінгі күні өте өзекті мәселеге айналып отыр. Жалпы, аталмыш мәселеде көршілерге, өзге алпауыт мемлекеттерге қарайлайтынымыз да бар. Бірақ, меніңше, елімізде мұсылман діні бірінші орында тұруы керек. Басқа діндер одан кейінгі орында болғанынан зиян шекпейміз. Деректерге сүйенсек, бізде 4 мыңнан астам діни ағым бар еді, қазір соның 3 мыңдайы қалған. Қазақстанда тарихы, шығу төркіні белгісіз, беймәлім діни ағымдар, секталар әлі де көп. Соның ішінде Ислам дінін жамылған жат ағымдар мемлекетіміздің бірлігіне нұқсан келтіріп, ары қарай дамуына айтарлықтай қауіп төндіріп тұр. Соңғы 10-15 жылда олар өздерінің теріс ағым екенін, қазақтың дәстүрлі Исламына қайшы екендіктерін көрсетіп келеді. Әрине, бірінші кезекте Алланың хақ діні, одан кейін барып халықтың салт-дәстүрі тұрады. Ал, неліктен қазақтың ғұрпы, салты жойылып кетуі керек?! Сырттан келген жат діни ағымдардың ең басты мақсаты – қазақ ұлтының салт-дәстүрін жоққа шығару. Оны бидғат деп сөгеді, «ол дінде жоқ, пайғамбарымыз оны істеген жоқ» деген сияқты әртүрлі сылтау-ларды, өздерінің дерек-дәйектерін алға тартқандай болады. Олар теріс пиғылдарымен қазаққа, адамға, жалпы адамзатқа зұлымдық, жамандықтан басқа ешнәрсе алып келмейді.
– Әсіресе, соңғы бес­-алты жыл­да өз пиғылдарын анық байқатқандай.
– Дұрыс айтасыз. Басқаны айтпағанда, тарихтан Мәуереннаһр деп аталып келе жатқан Орта Азияда, оның ішінде қазақтың жерінде сонау IX ғасырдан бастап Жамбыл төңірегіндегі Қараханид мемлекетінің тұсында Ислам мемлекеті болып саналдық. Содан бері 11 ғасыр, яғни мың жылдан астам уақыт бойы сүннит бағы-тымен, Ханафи мәзһабымен біз асыл дініміз – Ислам дінін ұстанып келеміз. Одан ешқашан, ешқандай зиян шеккен жоқпыз. Салтымыз бен дәстүрлерімізді Исламнан алыстатпай, сонымен қабысты-рып, астастырып бізге, ұрпаққа қалдырған ата-бабаларымызға алғыс айтуымыз керек. Исламға қайшы дәстүрлер болғанда баяғыда-ақ қалып кетер еді. Асыл дінімізге қарама-қайшы келмегендігінен қазақтың үлкенді сыйлау, бата алу, қолға су құю, әйелдердің ер адамның алдын кесіп өтпеуі сынды салт-дәстүрлері өміршең болып бүгінге жетті. Бір сөзбен айтқанда, қазақ халқының болмысы Ислам дінімен біте-қайнасқан. Оған еш шүбә келтіруге болмайды. Ұлтымыз ас бергеннен, қол жайып Алладан тілеп, үлкендерден бата алғаннан жаман болып, адасып кеткен жоқпыз. Үйге келін түсіп, ол келін ата-енесіне, әулеттің үлкендеріне иіліп сәлем салғаннан дінімізді өзгертіп жіберген жоқпыз. Одан не буддист, не католик болып кеткеніміз жоқ. Әлі күнге «әлхамдулилла, мұсылман» болып келе жатырмыз. Сондықтан, мыңдаған жылдар бойы ұстанып келе жатқан діни бағытымызды ары қарай жалғастыра берсек, одан адаспаймыз.
Діни сипат берілген лаңкестік актілерге қатысты заңды қатайту керек пе? Жазаны күшейту қан­шалықты нәтиже береді?
– Дұрыс заңның болғаны жақсы. Оның қатайтатын тұсын қатайту қажет. Сонымен қатар, кінәсіз адамдар қосақ арасында кетіп, жаза арқаламауы тиіс. Біздер, яғни, діндарлар осыған қатты алаңдаймыз. Үкімет мұның бәрін ескеріп жатыр деп ойлаймыз. Оған күмәніміз жоқ. Бұл бірігіп атқаратын шаруа, негізі. Себебі, болашақ бәрімізге керек. Заңды қатайтып қана қоймай, діни мәселені тек діндарларға ысырмай, бұл баршаға ортақ дүние екенін ескергеніміз жөн. Бала ата-ананың да, мұғалімнің де бақылауында болуы қажет. Ата-аналар жұмыс істеуі тиіс. Баласының намаз оқығанына мәз болып, кейбірі оның не оқып, не қойып жүргеніне мән бермейді. Ұлының немесе қызының намаз оқығалы бері тіл алғанды қойғанын, тіпті, қарсы шығатынын айтып шағымданатын ата-аналар да бар. Дін ұстану намаз оқумен, оранып киінумен, қажылыққа барып немесе ораза ұстаумен бітпейді. Алла тағала Құранда: «Жаратушыларыңа мойынсұныңдар және ата-ана-ларыңа жақсылық істеңдер», – деген. Намазға жығылғанның көбі осыны ескере бермейді.
Білім және ғылым министрлігі жақында мектеп оқушыларының хиджабпен са-баққа келуі мектеп жарғысына қайшы екенін айтып, ұстанымын білдірді. Алып-қосарыңыз бар ма?
– Бұл дұрыс та шығар. Бала он бір жылын мектепте өткізеді. Соған байланысты тәртіп болуы керектігіне дауымыз жоқ. Бірақ, жоғары сыныптарда оқитын, бойжете бастаған қыздардың мектеп формасының етегі қысқа келсе, ол соған үйреніп, қалыптасып қалса, ол да жақсы емес. Сондықтан, мұны бірден өзгерту қиын шығар, дегенмен, уақыт керек. Бұл жағынан Үкіметке түсіністікпен қараймыз. Өйткені, бірден қатаң талапқа көшсе, әлемдік саясаттан «Қазақстан «Ислам мемлекеті» болмақшы» деп бүйректен сирақ шығаратын жау тауып алуы да ғажап емес. Сонда да, бір жолын табуға тиістіміз. Мысалы, түркімендердің қыздары тақиясын тастамайды, шалбарын, оның сыртынан ұлттық көйлегін киіп жүреді. Одан оларға ешнәрсе болып жатқан жоқ қой. Хиджабқа келсек, ол арабтың киім үлгісі емес. Ол «жабық киіну, ұятты жерлерді жабу» дегенді білдіретін сөз. Ал, шариғат ешқашан да арабтың, болмаса иранның, тағы басқаның киімін киюге мәжбүрлемейді. Жабық киінуді әр ел өзінің ұлттық киімдері арқылы да жүзеге асыруына болады. Сондықтан, «хиджаб» сөзінің орнына, «әдепті киіну» немесе «қазақы киіну» деген секілді бір жолын, атауын табуымыз, сөйтіп, ұл-қыздарымызды ұлттық киім киюге тәрбиелеуіміз, соны енгізуіміз керек. Және Үкімет ұлттық киім өнеркәсібіне қаражат бөліп, сол саланы өркендеткені абзал. Біз институттың, діни басқарманың атынан осы мәселені Парламентке дейін көтермекпіз.
– Жақында Дін істері және азаматтық қоғам министрі дінге ден қойғандардың арасында кең тараған «иншаллаһ», «машаллаһ», «ифтар» деген секілді арабтың кірме сөздерін қолданбауға шақырды. Қолдауға болатын ұсыныс па?
– Айтып отырғанымыздай, неге қазақ халқына ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан салт-дәстүрін өзге ұлттар секілді жалғастырмасқа?! Діни басқарма алғаш құрылған жылдары бізде министрдің мәлімдемесіне түрткі болып отырған жағдай байқалмаған еді. Шыны керек, кейінгі кезде жастардың арасында осындай діни терминдер кең таралып кетті. Әрине, тіл білсін, араб тілін білсін. Бірақ, сонымен шектеліп, сондай фразаларды айтқандар өзін үлкен діндар етіп көрсететін, нағыз мұсылман санайтын, қалғандарын шатасып жүрген адамдар сияқты көретін ахуал қалыптасты қазір. Көбі шариғи тұрғыдан, шын жүректен айтпайды. Сондықтан, былтыр Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы бас мүфти ретінде ғұламалардың кеңесімен «Алла тағала» деп айтуға пәтуа қабылдады. Қазақ бағзыдан солай айтып келе жатқан халық қой. Тіпті, арабтардың өзінде «Аллаһ» деп айтпайды, тек жазылуында солай көрсетіледі. Абай атамыз да «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп кеткен жоқ па. Өзіміз де бала кезімізден «Алла тағала», «Алла жарылқасын, қолдасын», «Құдай қаласа» дегенді естіп өстік. «Құдай қаласа» дегенді қазір «иншалла» деп айтып жатады. Былай қарағанда, екеуінің мағынасы бір. Құдай – түркі халқының сөзі. Бәрінің түбі – бір Алла. Яғни, Құдай қаласа – ол Алла қаласа. «Иншалламыз» да осы. Балағын қырқып, намаз оқып, сақалды қалай болса солай қойып, шетелде өздерінің шейхтары бар екенін айтып шатасып жүретін кей жастарымыз «иншалла», «машалла» немесе «субханалла» деп жатады. Мен имам ретінде бұл сөздерге қарсы емеспін. Олар өте қасиетті сөздер. Сол теріс ағымдағылар бір-бірін «аһи», қыздарды «уһти» деп айтатыны тағы бар. Қазақта көзінің кемістігі бар адамды «ақи» дейтіні белгілі. Қазақстандағы жалпы мұсылман қауым үшін бұл ерсі естілетін сөз. «Аһи деген бауырым деген сөз» деп қайсыбірін үйретесіз?! Алматыдағы «Төле би» мешітінің бас имамы ретінде тілден адасып жүрген көптеген жастарымызға «аһи» емес, «бауырым» деп айтуға кеңес беруге тура келген кездеріміз болды. Бұл ол сөздерге тікелей қарсылығымыз емес. Бірақ, біз қазақ деген халықпыз. Өзіміздің салт-дәстүріміз бар және соны темірқазық етіп жүруіміз керек. Кез келген ел белгілі бір дінді ұстанады, алайда салт-дәстүрін де тәрк етпейді. Сондықтан, жағдай сұрағанға «Құдайға шүкірімізді» айтып, ауызашарымызға шақырып, өз тілімізде қалғанымыз абзал. Себебі, «ифтар» дегенді екінің бірі түсінбей қалуы мүмкін, ал ауызашар бәріне де түсінікті. Діннің қадір-қасиетін арттыруға, амалдарын атауға өзіміздің бай тіліміздің, сөздік қорымыздың мүмкіндігі жетеді.
– Жаңа министрдің тағы бір ұсынысы – мешіттерде уағызды орысша да жүргізу. Оған қоғамда қарсы пікір қарша борады. Сіз бұл мәселеде қай жағындасыз?
– Қазір «Төле би» аталып жүрген Тастақ мешітіне жеті жыл бұрын бас имам болып келгенімде өз араларында көбіне орысша сөйлесетін солтүстік пен батыс өңірдің жігіттерінің өтінішінен соң аптасына бір-екі рет уағызды орыс тілінде жүргізгеніміз бар. Бірақ, әрине, олардың «қазақша уағызды түсінбейміз» дегені арқамызға аяздай батты. Тәуелсіздік алған елімізде имамдар қазақ тілінде сөйлегені дұрыс. Иә, қазақ ұстамды, шыдамды, сабырлы халық. Дегенмен, меніңше аталмыш мәселе ұлтымыздың ұстанымына қайшы, намысына тиеді. Қазақша түсінбейтін белгілі бір аудиторияларда өз шақыртуларымен діни тақырыпта сұрақ-жауап ретінде әңгіме, уағыз жүргізуге имам ретінде қарсы емеспіз. Ондай кездесулер өтіп те жүр. Солтүстік пен шығыс өңірлерден келген имамдардың арасында орыс тілінде еркін, әдемі, діни терминдермен сөйлейтіндері сирек. Ондай имамдар да бізге керек. Себебі, сыртқы орталарда, жиындар мен конференцияларда Қазақстанның, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атын әлемдік деңгейде насихаттайтын, айта алатын дін өкілдері қажет екенін жоққа шығармаймыз. Ал, мұның бір амалы орыс тілінде жатыр. Сондықтан, имамдар орыс тілін білмесін, сөйлемесін деген шектеу жоқ. Алайда, мешітте қазақша сөйлеуіміз керек. Менің жеке пікірім. Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуді Елбасының өзі де тапсырып отыр емес пе. Мәселен, институтымызға білімін жетілдіруге келетін имамдардың арасында дүнген, ұйғыр, өзбек немесе түрік секілді өзге ұлттың өкілдері де бар. Мұнда діни сабақтар қазақ және араб тілінде жүреді. Тек түсінбеген тұстарына байланысты жекелеген сұраулары бойынша ғана орысша айтып береміз. Екі айлық оқу кезінде сөйтіп аздап болсын оларға қазақша үйретіп жібереміз. Оқу мерзімі біткенде олар рақметін айтып кетіп жатады. Өйткені, тіл білгеннің зияны жоқ екенін өзге ұлт өкілдері де жақсы біледі.
Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Сәкен ОРЫНБАСАРҰЛЫ

Заң газеті

Кенжеәлі МЫРЗАБАЕВ, ҚМДБ Имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтының директоры, «Төле би» мешітінің бас имамы: Теріс діни ағымдар қазақтың салт-дәстүрін жоққа шығаруды көздейді” мақаласына 1 пікір жазылған

  1. Біраз адамның көкейінде жүрген, жалпы халыққа жеткізе алмай жүрген мәселелерді Кенже қажы жақсы жеткізіпті. Шариғат үкімдері мен ислам дінін қазақи ұғымдармен халыққа түсіндіру – бұл рухани байлығымызды сақтап қалатын бірден-бір жол деп санаймын. Сонда біздің тарихымыз да, салт-дәстүріміз де бұзылмас еді. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан шынайы дінімізді бұзушыларға тосқауыл болар еді…
    Кенже қажының қызметін Алла жарылқасын!

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Top