Адамдық жыры

«Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек».
(Абай)

8954c1462082d0f6052a5395cc1cf29f-1Қонақжай сонау ауылда,
Қойнауы құтты бауырда,
Қазақы болмыс ойнаған,
Алпыс екі тамырда,
Бақыттың тылсым тілінде,
Бұлбұл құс сайрап маңында,
Қамшысын өріп қарт отыр,
Қанағат қылып барына.

Еркесі есіл даланың,
Немере қойып жарағын,
– Ата, – деп сосын үн қатты, –
Бар еді саған сауалым.
Қолғабыс болдым ісіне,
Анамның бағып қабағын.
Сонда ол алғыс айтпастан,
«Құлыным, Күнім, қарағым… –
Анашым деді, – Адам бол»,
Жайдарлы қылып жамалын.
Ал, ата, айтшы сен маған,
Қалайша адам боламын,
Адам боп қалай қаламын?..

– Адам боп, қарғам, қаласың,
Бауырға бассаң талайды.
Адамдық кілтін табасың,
Оқысаң хәкім Абайды.
Сейіліп бұлт санаңнан,
Көресің ғажап арайды.
«Нұрлы ақылға» жан еріп,
«Ып-ыстық қайрат» жанайды.
«Жылуын шашқан жүрекпен»,
Келмеске кетер бар қайғы.
Тарқатып айтып берейін,
Туғанда уақыт қолайлы:

Болғанда жалған – бұла ағыс,
Бендеге керек дүр намыс.
ҚАЙРАТТЫЛЫҚ дегенің –
Кеудеңді кернеп тұрған күш.
Қабырғаң сынға қайыспай,
Қайырсыз ісім болды деп,
Қайта оралма бір қарыс.
Жез қанатың желпілдеп,
Жүрегің азат, еркін боп,
Жетуге талпын шыңға алыс.
Қайраттанып өтпеп пе ед(і),
Айбаттанып өтпеп пе ед(і),
Қиылған жаны қыршыннан,
«Қазағым» деген мың Арыс!

Талпынсаң, түсер сәулесі,
Ақылмен жанды емдеші.
Тәңірі берген шуақ бар,
Төгілген жұмыр Жерге осы.
Ол-дағы – сенің ақылың,
Ақылмен ақын – ақының,
Ақылмен батыр – батырың,
Таусылмас, сірә, кен де осы.
Ақылды иман асырса,
Белгілі жанның өлмесі.
Ақыл мен иман қосылса,
Нұрланар жүрек бөлмесі.
Үздіксіз оқып, ізденіп,
Үлгі алар жерге жүз келіп,
Жаныңды нұрмен тербеші.

Кезіккен жанға сыр жаймақ,
Күнәлі көзден нұр таймақ.
Жүректе жылу болмаса,
Жаныңа дақ пен кір қонбақ.
Көкірегі соқыр адамдар,
Тұрлаусыз мына ғұмырдың,
Құлқынына құл болмақ.
Жүректі иман ерітер,
Жаныңа аппақ нұр қаулап.
Періште сынды күн көрер,
Берілмес көпке мұндай бақ.
Құлаған жанды сүйесең,
Жылағандарды демесең,
Жүрегің көктеп, бүр жармақ.

«Адамзаттың барлығын,
«Бауырым» деп сүйгейсің»,
Жаныңды сонда бақ тербеп,
Жалынды шоққа күймейсің.
Дініне, ұлтқа, жынысқа,
Бөлмеуді лайым білгейсің.
Адамдық құның биіктеп,
Боларсың сонау Күндей шын.
Абайға ұқсап, құлыным,
Хәкім боп сен де жүргейсің.
Салмағы ауыр сөзімді,
Санаңа берік түйгейсің.

Адамдық солай келеді,
Тындырсаң істі келелі.
Жер менен көкке сыймасын,
Парасатыңның көлемі.
Жамандық жайлап кеткенмен,
Жақсылық түбі жеңеді.
Алланың өзі сыйлығын,
Адамдық толған сендегі,
Арыңа қарап береді!

Біржан Ахмер,
Семей қаласы

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Top