ҚМДБ жаңалықтары

Дін басшылары кездесті
25 қараша күні Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқарма-сының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Астана және Қазақстан Митрополиті Александрмен кездесті.
Кездесуде Дін басшылары тәуелсіздік жылдарында еліміздің діни саласында атқарылған игі істер туралы пікір алмасты. Сонымен қатар, дінаралық татулық, халықтардың бірлігі, әлемдегі діни ахуал туралы ой бөлісті. Дін басшылары дәстүрлі діндерге мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау мен қамқорлық шараларын да сөз етті.
«Бізді біріктіретін ортақ мақсаттар көп: халықтың бірлігі, жастардың тәрбиесін жақсарту, лаңкестік әрекеттерге жол бермеу, жастарды нашақорлықтан, араққұмарлықтан, т.б. жаман әрекеттерден құтқару. Отбасы құндылығын насихаттау – басты назарымызда болу керек», – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.

110491_1479984273_890_530_0-1ҚМДБ баспасөз хатшыларына арналған республикалық семинар өтті
Жуырда Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде ҚМДБ-ның өкілдіктеріндегі баспасөз хатшыларының басын қосқан республикалық семинар болып өтті. ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлының бастамасымен өткізілген семинар жұмысына еліміздегі облыстық мешіттердегі қызметкерлер қатысып, тәжірибе жинақтап қайтты.
Семинарға қатысушыларға сәттілік тілеген Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы бүгінгі таңда мешіттердегі баспасөз қызметінің қаншалықты маңызды екенін ескертіп, жұмыла жұмыс істеуге шақырды. Діни басқарма тарапынан атқарылған ауқымды шаралардың БАҚ беттерінде насихатталуы, діни сайттар қызметі секілді тақырыптарда ой толғаған Ержан қажы Малғажыұлы өңірлердегі мешіттерде бірнеше міндетті қатар атқарып жүрген тілшілер қауымына өз алғысын білдірді.
Семинар аясында журналисттерге «Қазақстан» РТРК» Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Қайнар Олжай, Baq.kz порталы бас редакторының орынбасары Дәулетхан Жиенқұлов арнайы дәріс сабақтарын өтіп, баяндама жасады. Журналистика мамандығының қыр-сырына қанықтыра түскен майталман журналисттердің дәрісі семинарға қатысушылар үшін қомақты азық болды. Сондай-ақ, Баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы өткізген бейнесабақтың да бергені мол болды.
ҚМДБ-ның баспасөз қызметі

Халал өнім өндіретін компания басшыларына алғыс хат табыстады
ҚМДБ-ның ұйымдастыруымен «Халал Даму» ЖШС-ның тексерісінен өтіп, «Халал» сертификатына ие болған компания басшыларымен алғашқы дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелге ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, «Халал өнімдерін стандарттау» бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев және 30-ға жуық компания басшылары қатысты. Кездесу барысында ҚМДБ төрағасы мен компания басшылары «Халал Даму» ЖШС-ның осы уақытқа дейінгі атқарылған жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар, «Халал Даму» ЖШС-ның жеке сайты іске қосылып, қонақтар назарына ұсынылды.
Кездесу соңында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы компания басшыларына Алғыс хат табыстады.
ҚМДБ «Халал өнімдерін стандарттау» бөлімі

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Top