«Мәшһүр Жүсіп» мешіті студенттерге тегін жатақхана ашты

img-20161112-wa0018Павлодар облысы орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің ұйымдастыруымен Павлодар қаласының Усолка шағын ауданында ЖОО мен колледждерде оқитын ер балаларға арналған тегін жатақхана ашылды.
«Кәсіпкер адамның көмегімен ашылған бұл студенттер үйіне (пансионат) темекі шекпейтін, ішкілік ішпейтін, тәртіпті, тыңдағыш жігіттер қабылданады. Жатақхана екі қабаттан тұрады. Онда тұру – ақысыз. Төсек-орын тегін беріледі. Әр қабатта шомылу үшін 4 кабина душ және сонша дәретханасы бар. Бір бөлмелі асүйде (кухня) екі ас пісіретін пеш, бір мұздатқыш пен үлкен тоңазытқыш бар. Мешіт тарапынан студенттермен бірге тұратын жауапты тәрбиеші тағайындалады. Болашақта қыздар үшін де осындай жатақхана ашу жоспарлап отырмыз», – дейді «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің бас имамы Нариман Ермекұлы.
«Аты-жөнін жариялаудан бас тартқан жеке кәсіпкер өз меншігіндегі екі қабатты ғимаратқа жөндеу жүргізіп, орталық мешітке ешқандай төлемақысыз тегін берді. Осылайша, имамдар бұл жерге қалада тұрақты баспанасы жоқ студенттерді қабылдауды ұйғардық. Екі қабатты ғимараттың 16 бөлмесі бар. Әр бөлмеге екі баладан алатын болсақ, 32 студентті уақытша баспанамен қамтуға мүмкіндігіміз бар. Өздеріңіз білесіздер, қазір жоғары оқу орындарда оқитын студенттердің барлығы тегін жатақханамен қамтылмаған. Соның салдарынан қаншама жастар жалдамалы пәтер жағалап жүр. Біздің мақсатымыз – сондай жастарды осындай діни, рухани орындарға тартып, оларға қамқорлық көрсету. Егер мұқтаж жандарға біз көмектеспесек, оларды басқа діни ағымның өкілдері ертіп кетуі әбден мүмкін ғой. Өйткені, баспанасыз жүрген балалар кез келген адамның сөзіне иланғыш келеді. Болашақта мұнда ұстаз тағайындап, Исламша білім алуға ниетті жастар үшін діни дәріс ұйымдастыратын боламыз», – деп ойын түйіндеді Нариман Ермекұлы.
Студенттер мұнда 13 қарашадан бастап орналасып жатыр. Ал, келесі жылы қыз балаларға арналған дәл осындай студенттер үйі пайдалануға берілмек.
Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Top