Халифа Алтаймен болған сұхбат

halifa1Алдымызда келе жатқан жылы елімізге танымал дін ғалымы Халифа Алтай ақсақалдың 100-жылдық мерейтойы болады. Осы орайда 1994 жылы сол кісімен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынуға бел будым. Мұнда Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары дінімізге зәру болған қоғам үшін қажетті мәселелер көтерілген болатын.
Сол кездегі астанамыздың Алатау жақ бөктерінде бой түзеп, жаңадан көтеріліп келе жатқан Самал ықшам ауданының маңынан түсіп қалып, жанымдағы Бекен аға алған адреспен қазақтан шыққан дара тұлғалардың бірі, дін ғалымы Халифа Алтай ақсақалдың үйін іздеп келеміз.
Бекен Қайратұлы – Моңғолиядан келгеніне төрт жыл төңірегінде уақыт болған, осы біз бара жатқан қарияның аталас бауыры екен. Моңғолияда әскери офицер болып, ата топырағына келгелі ақындық, тарихи шығарма жазушылығы арқылы танылып, тибет, моңғол емдерін насихаттаумен, діндарлығымен көзге түсіп, өзі келген Тарбағатай өңіріне таныла бастаған бауырымыз.
Көктемнің жаймашуақ күні болғаннан кейін қайтып бара жатқан қар езіліп, жүруге мұрша бермеуде. Осы болар деген зәулім үйдің екінші қабатына көтеріліп, қоңырауын басқанда, арғы жағынан ақсақалдың бәйбішесі есікті жартылай ашып, Бекен ағаны көргеннен кейін танымаған болар: «Ақсақал үйде жоқ. Кетіп қалған. Кімсіздер?», – деп жатыр екен, апамызға ең қолайлы түсінік берер жол осы болар деп, өзім білген түрік тілінде: «Насылсыңыз? Йймысыз? Хожа ефендимәвде мы? (Сәлеметсіз бе? Жақсысыз ба? Ұстазымыз үйде ме екен?)», – дедім. Сол мезетте көңілі орнына түсіп, апамыз бізді ертіп, қария отырған бөлмеге алып келді.
Менің бұл үйге келгенім, ақсақалды көргенім бірінші мәрте емес еді…
Ақсақалмен амандасып, амандық-саулық сұрасқаннан кейін телефон соққан біз екенімізге көздері жетіп, өздерінің қазіргі кезде сақ болатынын, әртүрлі ойдағы адам-дардың келетінін сөз етті.
«Иә, Жаратқан Ием, осы үйді жаман ниетпен келуші адамдардан сақта» деген тілекте отырдық. Осыдан екі күн бұрын ортамызға оралған жерлесіміз, біртуар таэквандошы Мұстафа Өзтүріктің мәйітін халық болып Түркияға шығарып салғанымыз еске түскенде, жанымызбен қиналып, жүрегімізді ортамызға қайта оралған асылдың тұяғына ие бола алмадық па деген ой да баурап барады… Осыдан соң Бекен аға мен ақсақалдың әңгімесі жарасып кетті. Олардың әңгіме барысы негізінен Абақ Керейлер жайлы болды. Он екі ата Керейдің Жәнібек батыр басын қосып, Ашамайлы, Абақ болып, жоңғардан босаған Алтайдан асып, Шығыс Түркістан барып, ел болғаны жайлы сөз қозғап, Бекен өзінің «Қазақ көші немесе Абақ Керейлер жайлы» тарихи шығармасына түсінік берумен болды. Әңгімелері Қалибек бастаған топпен Үндістанға асқаны туралы болғанда тіпті қызып кетті. Тіпті, апамыз шәй демдеп дастархан жайылғанда да сөздері толастамады. Ойлы, даналық көзбен қарап, ортасында аздап күліп қойып, Бекеннің мүлт кеткен жерлеріне түсінік беріп, өзі көзі көрген Қалибек көшін айтқанда тіпті тебіреніп отырды. Айлап қуған самолеттің бомбасынан қашқан Керей көшінің Үндістанға жетуі, әрине, оңайға түспеген еді.
Дастарқанға дұға етілген соң, орындарымызға жайғасып отырғанымызда ақсақал маған сауал қойып, қай жерден келгенімді, қай жерде діни білім алғанымды сұрады. Ақсақалға оқыған медресемді таныстырып, бұдан бір жыл бұрын түркиялық ұстазым Мехмед Али Сула екеуміздің осы үйде болғанымызды да сөз еттім. Қазіргі кезде оқуымды бітіріп, өз ауданымызда имамдық етіп жүргенімді, осы орайда халқымыздың діни сауатының, көзқарасының орнықты болуы мақсатында өзіне қояр сауалдарым бар екенін айттым.

– Хазрет, марқұмның үстіне 99 рет таһлил «Лә илләһә илаллаһ» оқылады. Осыған орай не айтар едіңіз? – дедім.
– Пайғамбарымыз Мұхаммед Ғалейсалам хадисінде: «Кімде-кім ақырғы жазуында, сәтінде «Лә иләһә иллаллаһ Мұхаммед расулаллаһ» десе жәннәтқа кіреді», – делінген. Сондықтан, марқұм тек өлер алдында осы сөзді айтуы керек, бірақ айта алмаса қинауға болмайды. Қайта жанында бір адам отырып, «Ясин» сүресін оқып, дем салып «Лә иләһә иллаллаһ Мұхаммед расулаллаһ» деп кәлима қай-тарып отырса болады. Ал, өлген адамның артынан таһлил оқу көрсетілмеген, – деді.
– «Талқин» оқу деген рәсімге не айтар едіңіз?
– «Талқин» – еске салу деген сөз. Пайғамбарымыз «Ләқину маутәкум», яғни «өлілеріңе талқин оқы» деген хадис айтқан. Алайда, дін ғалымдары осы тұрғысынан әртүрлі пікір айтады. Оқыса да, оқымаса да болады. Талқинде негізінен мұсылманшылықтың қалай болуы, кәлимәсін есіне салу туралы айтылады.
– «Жанбас хатым» деген Құран бағыштауға қалай қарайсыз? Біздің жерде мар-құмның үстінде көпшілік болып хатым-сағыр оқылып жатады.
– «Жанбас хатым» деген шариғатта көрсетілмеген. Мәйіт-ке өлгеннен соң бұйыратыны «Жаназа намазы». Құран мәйіт қойылған соң оқылмақ. Алайда, мәйіт бір бөлмеде жатып, молда адам басқа бір бөлмеде Құранды ақырын дауыспен бағыштаса болады. Мәйіт қойылып келген соң, оқылған Құранды хатым етсе болады. Негізінен «хатым» деген не нәрсенің соңы, яғни Құранды бастан аяқ оқып «Құран хатым» ету, Құранның соңын дұға ету деген сөз. «Хатымды» – кәбир, сағир деп бөледі. «Хатым-кәбир» бүкіл Құранды, яғни отыз параны бағыштау, ал «хатым-сағир» Құранның әрбір жерінен тығыз уақытта қырағат ету, бағыштау деген сөз.
– Ақсақал, хадисте «Иқроу ғала маутакум сурата Ясин», яғни «Өлілердің артынан Ясин сүресін оқы» деген, бұған қалай қарайсыз?
– Иә, қарағым, ол сүннет амал. Ал бағыштаған «жанбас хатым» жанбасы жерге тигеннен соң екені айдан анық. Сондықтан қойып келген соң бағыштаса болады.
– Марқұмға қойған күні ас беру, жалпы Құдайы тамақ туралы айта кетсеңіз?
– Марқұмға қойған күні ас беру – дұрыс емес. Еш жерде көрсетілмеген. Пайғамбарымыз-дың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Жағфар Тайар деген сахабасы бар еді. Ол соғысып жүріп ту көтерген еді. Оң қолын шапқанда сол қолымен, сол қолын шапқанда иығымен тіреп кәпірлер қолынан шахид болады. Марқұмды қойып жатқанда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көршілеріне сол кісінің үй-ішіне тамақ пісіріп беруін, көмектесуін айтқан. Сондықтан, мәйіт шыққан үйде емес, керісінше сол үйге туысқандары, көршілері барып тамақ берсе болады. Ал, мәйіт жатқан үйде елге ас беру дұрыс емес, күнә. Жетісі, қырқы, жылы деген рәсім шариғатта көрсетілмеген. Марқұмды жуу-шыларға киім тарату туралы да сөз жоқ. Оның бәрі ысырап. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Барлық ысырап – харам», – деген сөз айтқан.
– Ал, олардың барлығы-на тыйым салу қиын ғой. Жуушыларға марқұмның өз киімін беру тиімді болар еді. Жолы деп беретін киім туралы, шыт таратып беру туралы не айтасыз?
– Иә, қарағым сенің сөзің қазіргі заманда дұрыс шығар. Жолы деген шыт тарату бәрі кітапта көрсетілмеген, жуушыларға киім беру де теріс. Үш күнге дейін марқұмның туыстары қайыр садақа беруге болады деп Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқан екен, осы жеңілдеу жол болары сөзсіз.
– Жаназа намазын өтеу – марқұмға деген соңғы рәсім. Соның оқылуы көбінесе бізде қабыр басында өтеді. Зайсан деген елді-мекенде жаназа-ға барлығын тұрғызады. Өз басым елді дінге тарту үшін, марқұмға құрмет үшін барлығы жаназаға тұрса деймін, бірақ дәреті жоқ адам жаназаға тұрмайды дейміз ғой. Осыған не айтар едіңіз?
– Балам, жаназа намазы, мәйітке Алладан жарылқауын тілеу мақсатымен оқылатын фарыз-кифая болған намаз. Жаназа – өлік деген ұғым береді. Ал, фарыз – Алланың бұйрығы. Ол екі түрлі болып бөлінеді: Фарыз-ғайн, Фарыз-кифая. Фарыз-ғайн – міндеттелген фарыз, мысалы бес уақыт намаз, ораза тәрізді. Орындаған сауап алып, орындамаған күнәда болады. Ал, фарыз-кифая – бірнеше адам-ның орындауымен басқалардың мойынынан фарыз түсіру деген сөз. Сондықтан фарыз-кифая марқұмның өлгенін естіген кісілердің мойнынан түседі. Ал барлығы түгел өтесе, сауап тауып, ешкім өтемесе, түгел күнәһар болады.
Есіме сенің сөзіңе орай бір уақиға түседі, – деп қария күліп алып, сөзін қайта жалғастырды. – Ертеде Түркияның бір ауылындағы мешітке жаңадан бір молда келіп, мешіттің иен қалғанын көреді. Халыққа барып неге келмейтіндерін сұраса, олар «Алдыңғы имам «үстерің кір, дәретсізсіңдер» деген соң кірмейтіндерін айтады». Жаңа имам оларға мешітке кіре беруге болатынын уағыздапты. Осылайша, олар дәретсіз, нәжес киімдерімен бір жылдай намаз оқи береді. Бір жылдан соң жаңадан келген молда қарап тұрса, бәрі дерлік дәретсіз-ақ намаз оқуда екен. Содан мән-жәйді молдадан сұраса: «Мен оларды, молдеке, намазға үйреттім, енді өзіңіз дәретке үйретіңіз», – деген екен. Сол сияқты, қарағым, жаназаға үйретсең де қате болмас. Алғашында тәямум соққыз, соңынан өздері де дәретке үйренер. Айтпақшы, жаназаны қабір басында оқу мәкруһ болады. Дәретпенен мәйітті есігінің алдында сырмақ, киіз төсеп, оқыса дұрыс.
– Ал мешітте оқыса қалай болады?
– Мешіттің ішінде оқыса болмас, Бірақ та күн жұма болса, намаздан соң, мешіттің құбыла жағына әкеліп оқыса сауап болмақ.
– Иә, ақсақал, осы аруақ-қа сыйыну, бақсылыққа деген өз ойыңызды білмек едім. Аруақтар дүние ісіне ара-ласумен болады деушілер көбеюде. Осының бәрі Пайғам-барымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқан-дай заман ақырдың белгісі емес пе?
– Аруаққа сыйыну, ол бізге әсер ете алады деу дұрыс емес. Қайта аруақтар бізден Құран, дұға, сауап дәметеді. Бір адамның жәннатта дәрежесі артады, неге десе, балалары оған дұға еткен екен. Аруақтар тіріге мұқтаж. Ал аруаққа сыйыну – дінсіздік, Аллаға серік қосу деген сөз, бұл үлкен күнә. Дүниеде жындар да бар ғой, олардың да араласар істері бар.
– Ал, әулиенің шапағаты жайлы, «Исбатул шафағатайни» – екі дүниенің шапағатына сен» деген ережеге не айтасыз?
– Пайғамбарымыздан шапағат тіле. Әулиелерге де сыйынуға болмайды, тек олардың құрметі үшін Алладан тілесе болады. Шапағат негізі – Құраннан, сәбиден, шәхидтен болмақ. Негі-зінде бәрінен де Алла тағаладан сұрау, мұсылманшылықтың тұт-қасы болмақ.
– Біз жақта осы, оң жаққа қою деген бар, ақсақал?
– Оң жақ деген еш жерде жоқ. Қазақ кигіз үйде отырған соң, оң жағынан басқа несі бар? Мейлінше марқұмды жүзін құбылаға беріп, аяғын құбыла тепкізбеу дұрыс. Бөлменің ыңғайы келмесе, аяғын құбылаға берсе де болады. Жан тәсілім еткенде осылай еткені дұрыс.
– Ай қою, қабірді сәндеу туралы айтсаңыз?
– Марқұмды қойған соң белгі ғана қойса болады. Ал ай орнату, зират тұрғызу көрсетілмеген. Әйтеуір мұсыманшылықтың бел-гісі демесе, топыраққа айналу дұрыс жол. Ал, қазіргі байлығын көрсетіп, кірпіштен тұрғызып жату, сурет қою, ескерткіш орнату дұрыс емес. Мал баспайтындай қоршаса болды…
Осы кезде арғы жақтан әжей келіп, тағы дағы шәй демдеп таңғы асқа қатысуға тура келді. Шәй ішілгенше әңгімеміз тау-сылмай, қария да өзімнен көп нәрсе сұрай отырды. Ол кісінің елімізге қонақ болуын қолқа еттім. Ол кісі Зайсанда болып, бірақ Тарбағатайды әлі көрмегенін сөз етті. Кетерімде кездігімді сый ете тұрып: «Ақсақал, осы кездігім молда болғалы белімнен түспеуші еді. Ертеде батыр – батырға қылышын сыйлап, би – биге белдігін сыйлап жатады екен. Бұл дағы көрген сайын мені еске салар сыйлығым болса қуанар едім», – дедім. Ақсақал ризашылығын білдіріп, хабарласып тұруымды айтып, есікке дейін шығарып салды.
Иә, дүние жалған, бір күн болсын осындай дарияның жанында сұхбат етіп, сырлас болғаныма қуанып, тебірене, жолға шыққанымды да байқа-май қалыппын… Осы бір шағын әңгіменің әсері сіздерге де тағылым болса екен деп тілеймін.

Қуат Қабдолда,
«Нұр-Мүбарак» университетінің докторанты

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Top