ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН – МҰСЫЛМАН ӘЛЕМІНІҢ ҚИЫР СОЛТҮСТІГІНДЕ ЖАТҚАН ӨЛКЕ

b99634e0adf6176d1d58aadb6804566b-1Ермек Мұқатай,
ҚМДБ-ның Өскемен өңірі
бойынша өкіл имамы,
Шығыс Қазақстан облыстық
«Халифа Алтай» мешітінің бас имамы

– Ермек қажы, Өскемен өңіріне өкіл имам болып тағайындалғаныңызға жылға жуық уақыт болып қалды. Осы мерзім ішінде өңірде қандай игі бастамаларға мұрындық бола алдыңыз?
– Бисмиллаһир рахманир-рахим! Иә, Жаббар-Хақ біздің маңдайымызға Шығыс Қазақстанда, Өр-Алтайдың тәжі болған Өскеменде діни қызмет етуді жазыпты. Аллаға сансыз шүкірлер болсын!
Негізінен, біз ҚМДБ-ның өкілдікке тапсырған уағыз-насихат ісі, жат ағыммен күрес, сауат ашу, мешіт аясында қайырымдылық шаралар, діни экстремизм мен терроризм бойынша түзеу мекемеле-рінде жазасын өтеп шыққан азаматтарды қайта қоғамға бейімдеу жұмыстарымен шұғылданамыз. Мешіттерімізде жыл бойы «Қазақстан мұсылмандарының тұғырна-масы», «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы», «ҚМДБ қызметкерлерінің этикасы», «Имамның тұлғалық келбеті», «Мұсылманның тұлғалық бейнесі» секілді құжаттар мен тәлімдерді түсіндіріп, ұдайы насихаттаймыз. Жылма-жыл дәстүрлі түрде қайталанып отыратын Ашура, Мәуліт, Барағат, Қадір кеші, Ораза айт, Құрбан айт секілді діни атаулы күндер мен мерекелерді, сондай-ақ, Бас мүфти Ержан қажы Малғажұлы 2016 жылды «Дін және тарих тағылымы жылы» деп атап өтуіне байланысты осы тақырып аясында конференциялар мен көшпелі семинарлар өткізуді қолға алдық. Бұдан өзге «Исламдағы зайырлылықтың орны» атты аймақтық конференция мен «Ақсақалдар форумын» өткіздік. Айта берсек, күн тәртібіндегі ірілі-ұсақты талай игі шараларды атқарып келеміз. Дегенмен, шараларды атқару барысында мейлінше науқаншылдыққа ұрынбай, сапасына маңыз аударудамыз.
– «Исламдағы зайырлылықтың орны» атты конференцияда нендей мәселелер көтерілді? Ислам мен зайырлылық ұғым-дары бір-бірімен қабысатын дүние ме?
– Бұл конференцияны ұйымдас-тырудағы мақсатымыз – Ислам дінінің құндылықтары мен зайырлы қоғам арасындағы сабақтастықты насихаттау болды. Алқалы шараға ҚМДБ-ның уағыз-насихат бөлімінің басшысы Ершат Оңғаров, Дін істері комитетінің Дін мәселелерін ғылыми зерттеу және талдау орталығы Исламды зерттеу бөлімінің басшысы Мұхан Исахан, Шығыс Қазақстан облыстық Дін істері басқармасының басшысы М.Мұхамеджанов, Семей қала-сындағы «Алаштану» орталығының директоры Тұрдығұл Шаңбай, сондай-ақ Назигүл Ғазизова, Айжан Қартаева сынды ғалымдар шақырылып, баяндама-лар жасады. Конференцияға облыс пен қала әкімдігінің қызметкерлері және аймақтағы мешіт қызметкерлері түгелдей қатысты. Біздің мемлекетіміздің дін мәселелерін реттеудегі ұстанымы зайырлылық қағидаттарға негізделген. Кейбір шетін діни көзқарасты ұстанушы азаматтар осы зайырлылықты дұрыс түсінбей, дін мен мемлекетті бір-біріне қарсы қоюда. Осы мәселенің тігісін жатқызып, зайырлылық құндылықтарын таратып түсіндіру уақыт талабына айналып отыр. Конференцияда баяндамашылар елімізде мемлекет пен діни бірлестіктердің қарым-қатынасын реттеудің құқықтық негіздерін жан-жақты түсіндіріп берді. Жиынға қатысушылардың таным көкжиегі артып, конференциядан зор әсер алды. Көтерілген тақырып аса маңызды болғандықтан, кейін «Ислам және зайырлы қоғам» атпен аудандарда да семинарлар өткіздік.
– «Дін және тарих тағылымы» жылына қатысты қандай іс-шаралар өткіздіңіздер?
– Бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің бастамасымен қолға алынған «Дін және тарих тағылымы» жылы аясында Өскемен қаласында «Зайырлы қоғамдағы ұлттық және рухани құндылықтарды қалыптастырудағы ақсақалдар институтының рөлі» атты өңірлік қариялардың I форумы болып өтті. Елімізде тұңғыш рет өтіп отырған бұл алқалы жиынға ҚМДБ-ның Өскемен аймағына қарасты 10 аудан мен Өскемен, Риддер қаласынан 170-ден астам ел ағалары, абыз ақсақалдар шақырылды. Жиынға ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімі басшысының орынбасары Сансызбай Құрбанұлы, дінтанушы ғалым Мұхан Исахан, ШҚО Дін істері басқармасының басшысы М.Мұхамеджанов және облыстық «Нұр Отан» париясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, ақсақалдар кеңесінің төрағасы, қоғам және мәдениет қайраткерлері қатысты.
Басқосуың мақсаты: дініміз бен дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, ұлттық және рухани құндылықтарымызды ұлықтау, салтымыздың жақұт-жауһарларын қайта жаңғырту, ұрпақ жадына орнықтырып, санаға сіңіруге бағытталды. Алқалы жиында сөз алғандар қазіргі таңда елді елеңдетіп, қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардың тамырына балта шауып, жолын кесудің бірден-бір жолы – салт-дәстүрімізді жаңғыру, әлеуметтің діни сауаттылығын арттыру, жамағатқа дұрыс діни түсінік беру екендігін баса айтты. Жиында салттық рәсімдерді бірізділікке салу, ысырапшыл-дыққа салынбау, осыған байланысты мәселелерді ҚМДБ-ның Ғұламалар кеңесі қабылдаған пәтуалар негізінде орындау ұсынылды. Форумда ақсақалдар осы бағытта шешімін таппай келе жатқан ойлар мен ұсыныстарды ортаға салды.
Сонымен бірге, «Дін және тарих тағылымы» жылы аясында мешіт жамағаты мен сауат ашу курсында оқитын шәкірттерді Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында өткеніміздің куәсі саналатын тарихи құнды жәдігерлермен таныстырдық. Осы шара Қатонқарағай ауданында «Дін және тарихи сабақтастық» атты семинармен жалғасын тапты.
– Дін саласында қызмет еткеніңізге біраз жылдың көлемі болыпты. Ал, шығыс өңірдегі дін мамандарының деңгейіне баға беріп өтсеңіз?
– Биылғы жылы имамдарды аттестациядан өткізуге ҚМДБ-ның Діни істер бөлімінің басшысы К.Тұрдыбаев, Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары С.Шоқанов шақырылды. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Шығыс Қазақстанның мешіт имамдары ешкімнен кем емес. Мешіт имамдарының 50 пайызға тақауы жоғары білімді. Орта деңгейдегі имамдардың көпшілігі Алматыдағы Имамдардың білімін жетілдіру институтында оқып білім алған. Десе де, аймақтағы мешіттерге білікті имамдарды тарту үшін биыл мен жаз тоқсанның басында «Шымкент» медресесі мен Алматы облысындағы «Үшқоңыр» медресесіне арнайы барып, медресе түлектерімен сұқбаттасып, оларды Шығысқа шақырдым. Сондай-ақ, өңір мешіттерін жас діни мамандармен қамдау мақсатында «25 жылдыққа – 25 қадам» жобасы аясында «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жасаған болатынбыз. Осы жоба аясында Алматыдағы «Нұр-Мүбарак» университетінің биылғы жылғы түлектеріне арнайы дастархан жайып, шақырып сөйлестім. Нәтижеде, «Нұр-Мүбарак» университетін бітіріп, қолдарына дипломдарын алған 15 түлек Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен аймағына қарасты қала, аудан мешіттеріне қызметке қабылданды. ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфтидің бұйрығымен жас мамандардың екеуі – Д. Нұрнәсір Шығыс Қазақстан облысы, Көкпекті аудандық мешітіне және С. Сметов Ұлан аудандық «Мұса баба» мешітіне бас имам болып тағайындалса, басқалары қала, аудан мешіттеріне наиб имамдық және ұстаздық қатарлы қызметтерге бөлінді.
Осы жас мамандардың алаңсыз жұмыс жасауына бар мүмкіндік туғызып, баспанамен қамтуға қол ұшын берген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметов пен Өскемен қаласының әкімі Ерлан Аймұқашев ағаларымызға шынайы ниетпен алғыс білдіремін.
Алла қаласа, алдағы уақытта да өңір мешіттерін білікті имамдармен қамтамасыз етуді жалғастыра беретін боламыз.
– Ал, мешіт имамдарының біліктілігін ширату – ұдайы күн тәртібінен түспейтін мәселе екені белгілі. Бұл бағытта қандай іс-шаралар атқардыңыздар?
– Өзге өңірлерге қарағанда шығыста діни экстремизм белгілері төмен болғандықтан, мұнда елімізге белгілі теолог-ғалымдар көп ат ізін салмаған. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Шығыс Қазақстан облысы Дін істері басқармасы және Дін мәселелерін зерттеу коммуналдық мекемесімен бірге бірнеше рет имамдардың біліктілігін көтеретін семинарлар ұйымдастырдық. Семинарларға елімізге танымал теолог-ғалымдар Ершат Оңғаров, Асқар Сәбдин, Сансызбай Шоқанұлы, Мұхан Исахан және т.б. да мамандар шақырылды. Сондай-ақ, имамдармен бірге ақпараттық-насихат тобының мүшелеріне арнап «Дін мәселелері бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарының басым бағыттары» тақырыбында семинар өткіздік. Оған Ақтөбе мен Павлодар қалаларынан дінтанушылар мен аудан және қала имамдары қатысты. Сонымен қатар, 2015 жылы өткен Республикалық имамдар форумында қабылданған құжаттың бірі – «Имамның тұлғалық келбеті» болатын. Осы құжатты имамдардың санасына сіңіру, ондағы ұстанымдар мен талаптарды талдау мақсатында «Имамның тұлғалық келбеті: Діни қызмет – мәртебелі міндет» атты семинар болып өтті.
Өңірде мешіттері бар, имамы жоқ ауылдар көп. Діни мамандар тапшылығын жою мақсатында облыстық өкілдіктің күшімен, Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің жанынан 2 айлық сауат ашу курсын ұйымдастырып, оқытып жатырмыз. Мұнда әр ауданнан 20-дан астам имамдыққа бейімі бар азаматтар дәріс алып жатыр. 4 мезгіл ас, жатар орны мешіттен дайындалды. Бұл іске аудан имамдары белсенді атсалысуда. Олар курсты бітірген соң, имамы жоқ ауылдарға барып қызмет етеді. Бізге діни мамандар қажет деп аудан әкімдіктері тапсырыс беріп отыр. Оларға жалақы, баспана мәселесі шешіледі.
Имамдардың біліктілігін арттыру мақсатында қолға алған әрбір іс-шараның оң әсері мол болды. Әрбір семинарда мешіт қызметкерлерінің таным көкжиегі кеңейіп, біліктілігі ширатыла түсті. «Ат аунаған жерде, түк қалады» демекші, Шығысқа келген әрбір майталманның қалдырған өнегесі біз үшін мол рухани байлық. Осылай бұл үрдістің дәйім жалғаса беретініне сенімдімін.
– Сөз басында қайырымды іс-шараларға да басымдық беретіндеріңізді айтып қалдыңыз. Қандай қайырымдылық шараларын атқардыңыздар?
– Ағымдағы жылы Діни басқарманың тапсырмасы бойынша «Мүгедектерге мейі-рімділік танытайық» атты акция жүргізілді. Осы акция аясында ҚМДБ-ның Өскемен аймағы өкілдігі облыс орталығындағы «Үлбі» әлеуметтік сауықтыру орталығында мүгедек балаларға қайырымдылық шарасын өткіздік. Мұнда жеткіншектерге облыстық мешіт атынан тәттілер мен ойыншықтар үлестірілді. Сонымен бірге, «Қайырымдылық – қадірлі іс» атты қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырдық. Мешіт қызметкерлері, сауат ашу курстарының ұстаздары мен шәкірттері қолдан әртүрлі тағамдар дайындап әкеліп, оны сатуға шығарды. Жиналған қаражаттың бір бөлігі қайырымдылыққа зәру емделуші азаматшаның шотына аударылды. Қалған қаражатты Наурыз мерекесі қарсаңында «Үлбі» сауықтыру үйіндегі мүгедек балаларға жұмсадық.
Өскемендегі «Үміт» балалар үйіне барып, қайырымдылық шарасын өткізіп, шара барысында 30-ға жуық балаға спорттық формалар мен спорттық құралдар, тәттілер тарту етілді. Облыстық «Халифа Алтай» мешіті Ұлан ауданындағы «Хоспис» мекемесіндегі панасыз қарияларға қамқорлық жасап, осы қарттар үйінің ескірген жылу жүйелерін күрделі жөндеуден өткізіп берді.
Діни басқарманың «Бауырыңа өмір сыйла» акциясы шығыс өңірде мешіттер арасында кең өрістеп, жамағат жүрегіне жол тапты. «Халифа Алтай» мешітінде жұма намазына жиналған қауым қан тапсыру шарасына қатысты. Қанға мұқтаж жандарға өмір сыйлауға асыққан қауымның көптігі сонша, қан алатын арнайы көліктің алдына жамағат ұзын-сонар кезекке тұрды. ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфтидің қасиетті Рамазан айында қайырымдылық жасау, сауапты істерді көптеп ұйымдастыру туралы берген тапсырмасына сәйкес Өскемен аймағы өкілдігі жамағатқа тегін қызмет көрсететін тұңғыш рет «Имам такси» жобасын қолға алдық. Осы Рамазан айында мешіттерімізде отыз күн бойы жамағатқа ауыз ашар ұйымдастырылды. Бірінші қыркүйек күніне орай өңірдегі әлеуметтік аз қамтылған мектеп жасындағы мыңдаған оқушыға көмек көрсетілді. Ал, Құрбан айт мерекесінде тұрмысы төмен 400-ден астам отбасыға 1 жарым тонна құрбан еті мен азық-түлік таратылғанын айта кету керек.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Шығыс Қазақстан – мұсылман әлемінің қиыр солтүстігінде жатқан өлке. Шекара бойына орналасқан Шемонайха, Зырян, Глубокое аудандарындағы бірнеше елді-мекендерге демеушілер тартып, мешіт тұрғызуды жоспарлап отырмыз. Көрші Таулы Алтай өлкесі, онда өзіміздің қандастарымыз көбірек шоғырланған Қосағаш ауданымен тығыз қарым-қатынас орнату ойымызда бар. Задында, Қазан төңкерісіне дейін Зайсандағы «Қазақия» және «Ғизатия» медреселері Шығыстағы мұсылман орталығы болғаны белгілі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқар-масының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің бастамасымен ағым-дағы жылды «Дін және тарих тағылымы жылы» етіп жариялауына байланысты біз осы екі медресенің тарихын зерделеп, оған байланысты құжаттарды зерттеп жатырмыз. Бұйырса, осы «Қазақия» және «Ғизатия» медреселерінің жалғасы ретінде, шығыста Өскемен қаласында Діни медресе-рухани колледж салу бастамасы қолға алынып жатыр. Сызбалары мен жобалары дайын болды.
Шығыстан Зұқа батыр, Райымжан Мәрсеков, Отыншы Әлжанов, Баязит Сәтбайұлы секілді дін және ұлт қайраткерлері шыққан. Осы сүрлеуді жаңғыртып, Хақ діннің өңірде қанат жаюына қолдан келгенше қызмет етпекпіз!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Ұларбек Дәлейұлы

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Top