Әйел адамға никаб тағудың шариғаттағы үкімі қандай?

nikabРамазан айында ауызашар уақыты таяғанда үйге келсем, қарындасым дәмді тағамдар әзірлеп күтіп отыр екен. Ауызашар үстінде әңгімеден әңгіме туындап, әйел адамның никаб тағуының (бетті жабу) шариғаттағы үкімі туралы оған түсіндіріп айттым. Себебі, оның досы Әсия никаб тағады екен. Әлбетте, күйеуінің бұйрығы бойынша. Қарындасымның айтуы бойынша, Әсияға бәрі шошынып, тесіле қарауы ұнамауы себепті, никаб тағуға алғашқыда қатты жүрексінген. Тіпті, ұнатпайды да. Жолдасының бұйрығы деп көніп жүр. Бірақ, шариғаттағы никабтың үкімі туралы біліп беруімді өтініпті қарындасымнан. Сонымен, тақырыпты басымнан өткен мына оқиғамен бастадым.

– Медреседе оқып жүрміз. Ақида сабағын Сансызбай ұстаз өткізіп болған соң, арада үзіліс кезі келді. Бірінші курсқа жаңадан қабылданған бір бауырым «әйел адамның никаб тағуы» туралы сұрақ қойды. Жауап былай болды, – дедім. Қарындасым мені мұқият тыңдап отыр.
– Ханафи мәзһабында имам Маусулидің «Ихтияр» деген кітабында мынадай ибара келген, – деп сөзімді жалғастырдым. – Егер шаһуат қозуынан корықпаса, әйел адамның беті мен екі алақанына қарауға болады. Өйткені, басқа адамдармен мәміле қылған уақытта оны тануың үшін, алыс-беріс қылған уақытта оның затын алу үшін әйел адам осы екі мүшеге мұқтаж болады. Әбу Ханифа, Мәзәни, Сәури (р.а.) деген ғалымдар бұған екі табанды да қосты. Әйел кісі жүріп-тұруы үшін аяқтың ашық жүруіне мұқтаж, жүргенде көрінеді және аяққа (табанға) қарау бет пен екі алақанға қарағанда шаһуатты аз деңгейде келтіреді. Әрі, кедей әйелге де аяғын жабатын киім табу қиындыққа соғуы бек мүмкін. Себебі, кедейліктің де өз дәрежелері бар. Бір риуаятта табан мүлдем әурет емес делінсе, бір риуаятта намазда ғана әурет, бірақ қалған уақытта әурет емес делінген.
– Ал, ол жігіт өзге мәзһабтарда бұл мәселеде не айтылғанын сұрады ма, аға?
– Иә, әлбетте. Мен былай жауап бердім: «Мәлики мәзһабында Дирдидің (р.а.) «Шархус соғир» атты кітабында әйел адамға беті мен екі алақанынан өзге мүшелері бөтен ерге әурет делінген. Совийдің «Хашиясында» ол екі мүшеге шаһуатсыз қарау рұқсат, керісінше жағдайда харам делінген. Енді сол себептен, әйел адамға беті-қолын жабу уәжіп пе деп сұралса, мәзһабтағы мәшһүр көзқарас бойынша керісінше ер адамға көзін басу уәжіп делінген. Шәфиғи мәзһабында Ширози деген ғалым «Муһзиб» деген кіабында айтылғандай, әйел адамның жүзі мен алақанынан өзге жерлері әурет. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Сахих Бұхариде» ибн Омардан жеткен риуаятта: «Ихрамдағы әйел бет жаппайды да, қолғап кимейді де», – деген. Егер бетті ашу харам болғанда, одан қайтарар еді. Ханбали мәзһабында ибн Қудама әл-Мақдиси «Муғни» атты кітабында: «Әйел адамның намазда бетін ашық қалдыруына еш талас жоқ мәзһабымызда. Ал, алақанға екі риуаят бар. Егер әйел орамалсыз намаз оқып қойса, оған қайтадан намаз оқуы – уәжіп», – деген. Шафиғи, Мәлики, Әузәғи атты ғалымдар жүз бен алақанның әурет емесін айтты. Осындай бір риуаят имам Ахмадтан да жеткен. Екінші бір риуаятта жүзінен басқа жері толығымен әурет делінген.
– Никаб туралы тағы не айтылған шариғатта?
– Никаб тағудың үкімі харам емес. Кейінгі ғалымдар никабтың уәжіп, мубах, жәйздығында (рұқсат екені туралы) тартысты. Мұсылман әйелге бетін жауып жүргеннен ашып жүруінің дәлелі күштірек. «Бетті жауып жүру уәжіп (міндет) емес» дегенді Мысыр еліндегі «әл Әзһар» университетінің ғалымдары, Тунистегі «Зайтун» университеті ғалымдары және Насруддин Албани өзінің «Мұсылман әйелдің Құран және сүннеттегі хиджабы» деген кітабында айтқан. «Бетті жабу уәжіп» дегенді Саудияның ғалымы ибну Баз, пәкістандық Әбу Әълә Маудуди өзінің «Хиджаб» атты кітабында және сириялық ғалым, Шафиғи мәзһабын ұстанушы Рамазан әл-Бути өзінің «Барлық Аллаға иман келтірген қыздарға» атты рисалясында айтқан.
«Бетті және алақанды ашып жүру рұқсат» дейтіндердің дәлелдері қуатты әрі көп. Мысалы, аят-хадистеге назар аударсақ, ерлерге әйелдерге де бұйырғанындай көздерін төмен салуға бұйырған. Егер барлық әйелге никаб тағу уәжіп болса, ерлерге көзді басуға Алла бұйырмаған болар еді. Себебі, әйелдің еш жері көрінбесе, көзді басудың не қажеті бар?!
Алла Тағала өз Пайғамбарына (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Саған бұдан кейін әйелдер өз сұлулықтарымен қызықтырса да халал емес», – деген (Ахзап, 52-аят). Әйел адамның сұлулығын білу бетіне қараумен белгілі болады. Егер, беті жабық болса, қалайша оның сұлулығын көре аламыз? Әлбетте, жүздері ашық болса ғана.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Егер сендерден біреулерің бір әйелді көрсе, сұлулықтары ғажаптандырса…» деген хадисі ол уақытта әйелдердің беттері ашық болғандығына дәлел. Қоштасу қажылығында Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бен Фазл ибн Аббас аттың үстінде отырғанда хусамилық бір әйел келеді. Оған Фазл ибн Аббас сұлулығы себепті тесіліп қарайды. Сол кезде Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оның жүзін басқа жаққа бұрғызған. Бұл хадис Нәсәиде және Тирмизиде келген. Егер никаб кию уәжіп болғанда Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің Қоштасу қажылығы себепті әйелге жүзін жабуды міндетті түрде бұйырар еді.
Имам Әбу Дәуд Қайс ибн Шәмәс деген кісіден келтірген хадисінде, Умму Холад деген бір әйел Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің өлтірілген ұлының хәлі туралы сұрау үшін келгенін айтады. Сонда сахабалардың кейбірі: «Балаң жайындағы мәселенің шешімін білу үшін бетіңді жапқан күйде келдің бе?», – дейді. Сонда әлгі әйел: «Ұлым жағынан қайғы жетсе де, ұятым жағынан қайғы жеткен жоқ», – деп жауап береді. «Усулул фикһ» ережесіне салсақ, үкім әйел адамның жауабына қарай емес, сахабалардың сөзіне қарай беріледі. Сахабалар таңғалып сұрап отыр. Егер никаб тағу уәжіп болғанда бұл сұрақ та, жауап та болмас еді. Мұсылман адамнан «намаз неге оқисың, зекет неге бересің?» деп сұралмайды. Себебі, негізі бар нәрсенің илләсі (себебі) сұралмайды. Ал, әйелдің жауабына келсек, ол өзінің субъективті пікірі. Әр адамның жағдайы әртүрлі. Уайым-қайғыдан әбден қуарып, солған жүзін көрсетуден ұялған болуы да мүмкін.
Ғұламалар қазының алдында бір куәлікке өтіп жатқан әйелдің де беті ашық болуы керек екендігін тілге тиек еткен.
Фақиһтар бір нәрсені парыз не харам деп айту үшін кесімді дәлел керек деген. Сол себептен сәләф ғұламалар бір нәрсенің үкіміне ашық, анық дәлел білмесе, пәтуа айтуда сақтанар еді.
Пәтуа заман, мекенге, әдет-ғұрыпқа қарай өзгереді. Никаб мәселесі де қауымның салт-дәстүріне қарай әртүрлі. Егер қоғам Ханбали мәзһабын ұстанса, онда әйелге бетін жауып жүру рұқсат. Ал, ханафи мәзһабында жүзді жабудан гөрі, ашып жүру әдетке айналған. Мысалы, бір жігіт әйелінің бетін жауып, хиджабын қара етіп кигізіп қойса, жұрттың барлығы дерлік ол әйелге назарларын салады. Ол ісі арқылы әйелдің жолдасы мына жағдайлардың орын алуына себепкер болады:
– Әйеліне еркектердің тесіліп қарауына;
– Ол туралы жаман ой ойлауына;
– Ханафи мәзһабын ұстанатын елдің арасына өзге мәзһаб дәстүрін алып келгені үшін елдің наразылығына ұшырауға;
– Діннен халықты шошытуына;
– Діннен болмаған нәрсені халықтың діннен деп ойлап қалуына және т.б.
Ал, қазір хиджабын әртүрлі эстетикаға сай, көлемін шариғатқа туралап киіп, жүзін жаппай жүрген қыздарымызға халық жаман көзбен қарамайды. Үйреншікті жағдай болғаны қашан?! «Бүлік тудыру – адам өлтіруден де ауыр күнә», – деп мен сөзімді аяқтадым. Қоңырау да ішке соғылды.
– Ал, ол бала жауапқа не деп айтты. Түсінді ме?
– Иә, түсінді. Енді, сен де өз құрбыңа түсіндір.
– Иә, ол жағынан алаңдамаңыз. Сөздеріңізді үнтаспаға (диктофон) жазып алдым, – деді қарындасым күлімдеп.
Нұрлыбек Сабырғалиев

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Top