Шетел идеологиясы ұлттық санаға сыймайды

kazakҚұрамалы, қорғанды
үйің болады,
Айнымалы, төкпелі
биің болады.
Халыққа бір тиын
пайдасы жоқ,
Ай сайын бас қосқан
жиын болады.
Ішіне шынтақ айналмайтын
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң, ауырып қалатын
Бедірей деген қызың болады.
Алдыңнан кес-кестеп өтетін
Кекірей деген келінің болады.
Ішкенің сары су болады,
Берсең итің ішпейді,
Бірақ, адам оған
құмар болады.
Қиналғанда шапағаты жоқ
жақының болады.
Ит пен мысықтай ырылдасқан,
Еркек пен қатының болады…
Мөңке бидің сонау ғасырдағы психологиялық тұжырымы қазіргі таңда дәлме-дәл келіп отыр. Қалайша осыншама сипаттама берген елді мәдениеті, сауаты болмаған деп айта аламыз? Ұлттық психологияның дами түсуіне Қазан төңкерісіне дейінгі он төрт ғасырлық ұзақ мерзімде жасалған ізгілікті алғышарттар басшылық етті. Қазақстандағы психологиялық ой-пікірлердің тарихы (Орхан-Енисей ежелгі түркі жазба ескерткіші), Қорқыт-ата, Әл-Фараби, Асан Қайғы, Қадырғали Жалайри; қазақ билері мен шешендері Бұқар жырау, Мөңкі би, Дулат, Махамбет, Ш.Уалиханов, Ы.Алтынсары, А.Құнанбайұлы, С.Торайғыров, Шәкәрім сынды рухани аса бай құнарлы орта – аталмыш ғылымның бірден қанат жайып, өркендеуіне ізгі әсерін тигізді.
Дәл қазіргі таңда психолог дегеніміз кім? Қаншалықты қоғамға пайдалы болып, келеңсіз жағдайлардың алдын алып немесе шешу жолдарын ұсынып отыр? Елі, діні, салты бөлек Батыс Еуропаның, Американың психолог ғалымдарын үлгі тұтқан психологтар қаншалықты қазақ қоғамына пайдалы? Тарихтағы алып тұлғалардың психологиялық еңбектерін жаңғыртып, Фрейд, Маслаудың орнына Мөңке би психологиясы, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, әл-Фараби психологиялық ұстанымдарын зерттеп, ұлт болашағына қауіпсіз психологиялық білім беру ортасын жасай аламыз ба? Осы сұрақтардың шешімін іздеп көрелік.
Методологияның негізін қалаушы ағылшын философы Ф.Бэкон ғылымды әдістің жүйесімен қаруландыру тура-сында алғашқы идея ұсын-ғанымен, әдіс мәселесі фило-софияның ортасындағы негізгі құрал болып қалады. Алғаш-қыда ол түгелдей мақсатқа жетудегі барлық шарттарға сай келсе, оның талқылауы қатты натурофилософиялық көрсетілімге жүктеген. Таным білімдегі қолданылатын әдіс барлық зерттеушілермен жоғары бағаланады. Осылайша Ф. Бекон әдісті қараңғыда жол нұсқаушы жарық беруші шаммен теңеп және қандай да бір сұрақты зерттеуде жалған жолмен жүру арқылы жетістікке жете алмайсың деп мәлімдеген. Ендеше, натурафилософия, яғни табиғат жаратты деген ұғыммен оқытылып, білім беріп жатқан біздегі білім жүйесі қазақтың Құдай жаратты идеологиясына қаншалықты сай келмек? Дұрыс болған тезиске сүйене отырып ақиқи білімге ақиқатты әдіс қана апара алады. Дәл осыны ұзақ уақыттар бойы қазіргі заман философтары іздеп тапқылары келеді. Философтар адамның табиғатқа құдайшылық етуін қамтамасыз ететіндей тану білудегі қару бола алатын әдіс құрастырғысы келген. Солайша, шығыс мұсылман елдерінің идеологиясынан бұрын өздеріне өздері қайшы келіп отыр. Табиғат жаратты деп табиғатқа үстемдік еткілері келеді, яғни ғылым-білімнің, тәрбиенің түпнұсқасы – табиғатқа құдайшылық жасау деп санайды. Немістің классикалық материалдық философиясының өкілдері Гегель, Маркс, Р.Декарт та ешқандай әдіс қолданбай, әсіресе дедуктивті-рационалистік әдіссіз қандай да бір ақиқатты іздеудің қажеті жоқ деген. Бұл философтардың ғылымды тану әдісіне қосқан үлесі аумақты болғанымен, көп жағдайда философиялық жүйе және олардың әдістері әртүрлі өзгертулерде бір-біріне қарама-қайшы келген. Осылайша, Гегельдің диалектикалық әдісі идеализммен, ал Маркс Гераклитпен материализмге қосылған. Э.И.Моносзон кез келген психология-педагогикалық зерттеу үш кезеңмен іске асады: эмпирикалық, теориялық және әдістемелік дей келе, зерттеу әдістерін классфикациялауды ұсынады. Үнемі қозғалыста болған тұрақсыз қоғам идеалдары мен идеологиялары өзгеріп отырған уақытта психология, педагогиканы зерттеу үш кезеңге ғана негізделген деп айту қиын.
Міне, психологиялық барлық еңбектер университеттерде батысеуропалық менталитеті бөлек, санасы бөлек елдердің психолог ғалымдарының жа-зылған кітап негізінде оқы-тылады. Біз, қазақ, өзіндік тарихы, болмысы, мінезі, салт-санасы, наным-сенімі бөлек елміз. Түр-сипаты, пси-хологиясы мүлдем бөлек елдердің ұсынған, зерттеген, жазып кеткен туындыларымен өз ұрпағымызды сараптап, сол батыстық психологияның жалпы стандартына сай бағалап, ұлттық ерекшелікті ескермеген қаншалықты дұрыс? Қалмұқан Исабаевтің «Шоң би» атты кітабында Генерал Глазенаптқа адюьтант Броневски: «Қазақтар жау шапса, тас түйіндей жинала қалады, жауды жеңген соң, батыры қайсы, патшасы қайсы, керек қылмайды, малын бағып жүре береді», – деп сипаттаса, Екатерина екінші: «Қазақтар өзінің кім екенін білсе, әлемді жаулап алар еді», – деген. Тұрар Рысқұлов Голощекинге қазақтарға қатысты айтылған сипаттама сөзіне жауап ретінде: «Қазақты көшпенді, мәдениеті жоқ халық дейсіз, біле-білсеңіз осы көшпенді халық отырықшы да бола білген, Ертіс, Сырдария, Талас, Шудың бойында үлкен-үлкен шаһарлар қамалдар болған. Әл-Фараби, Қадырғали Жалайыри, Қашқари, Абай өзекжарды туындыларын қалай жазды? Қазақ университет салмаса, ақылының кемдігінен емес, жан-жақтан жаулаған жаудан қорғанып, жері үшін күресіп жатқандығы», – деп өз ойын айтқан екен.
Білім беру жүйесіндегі баланы оқытудың жаңа әдіс-тәсілі қандай болмақ? Балаға қалайша психологиялық қауіпсіз орта жасай аламыз? «Денсаулық пен өз-өзін жетілдірудің алғашқы факторы болып қолайлы орта есептеледі», – деп атап өткен психолог ғалым А. Маслау. Дәл осы айтылған психолог ғалымның сөзімен келісуге тура келеді. Егер өз тарихымыздан іздеп қарасақ, тура осы мағынада Абайдың да, Шәкәрімнің де айтылған сөздері бар, бірақ ел санасында батыс ғалымдарының қандай да бір сөзін қолдану мақтанышқа айналғаны рас. Соңғы кездері белең алған білімгерлер арасындағы әлімжеттік, суицид, девиантты мінез-құлықтың, радикалды діни бағыттағы жасөспірімдердің көбейе түсуі – барлығы дерлік қауіпсіз білім алу ортасының болмауынан. Осы орайда, қауіп-сіз білім беру ортасын жасайтын кім деген сұрақ туады?
Бір сыныпта жиырмадан аса бала болса, сонша пікір болады. Ғалымдар тәжрибесіне сүйенер болсақ, алты айлық бүлдіршін кезінде болашақ балалардың өзіндік көзқарасы пайда болады. Өйткені, жаратылыстың өзінде әр адамда әр қандай тұлғалық ерекшеліктер бар. Мәселен, кейде оқу үлгерімі жақсы баладан гөрі оқу үлгерімі нашар білімгер болашақта материалдық көп жетістікке жетіп жатады. Оған білім алу ортасы қолайлы болмады, ол өзіне-өзі психологиялық тұрғыдан ескертті: «білімсіз де, жақсы бағасыз да мақсатыма жетемін» деп, енді дәл осылай Исламға қызығушылық танытып жатқан жасөспірімдердің бетін қайтарып тастау арқылы, оларды өз қолымызбен радикалды бағыттағы дінге итермелейміз.
Кез келген жасөспірімде «Өмірге не үшін келдім? Не үшін өлемін?» деген секілді көптеген сұрақтар болады. Он бір жыл мектеп қабырғасында жауап ала алмайтын сұрақтарға асыл дініміз Ислам он бір күнде жауап береді. Онымен келіспей қоя алмайсыздар. Өйткені, Абай университет оқымаса да, медресе оқыған, барлық би-шешендер дінге сүйеніп, әділ шешім шығарып, ұлтты ұлт етіп сақтап отырған. Дінге қызығушылық танытқан, Ислам дінінен жаны жай тапқан жасөспірімдерге білім беру ортасында психологиялық қауіпсіздік болмаған жағдайда, олар өзін түсінбеген ортадан өзін түсіне алатын, қолдау көрсететін ортаны іздейді. Мәселен, жеке өз тәжірибемде алтыншы сыныптан бастап өмір туралы сан түрлі сұрақтарға нағашы атам жауап беретін. Жаны жәннатта болсын. Атамыз ақ сақалды, қария еді, Құран оқығанда жаныңды тебірентетін. Енді әр отбасында ондай бағыт-бағдар беретін нағашы атасының болуы екіталай дүние. Псхологиялық тұрғыдан адам өмір сүргеннен кейін міндетті түрде Жаратуышысын ойланбай қоймайды.
Жақында қазақтың бойжеткен бір қызы жолай сөмкемді көтеріп жәрдем берді. Өзінің Мәскеуде екінші курс білімгері екендігін баяндады, өте сауатты бойжеткен. Діні бөлек елде сондай атаулы білім алу ордасында білім алып жатқанымен, менен Ислам діні жайында, намаздың шарттары жайында сұрай жөнелді. Өзінің Жаратушы алдындағы парыздарын өтегісі келетіндігін айтты. Өзімен сөйлесіп тұруды өтінді. Қарасақ, біз дін тақырыбын қалай жылы жаппақ болғанымызбен, дінге деген, Жаратушысына деген ықылас адамдар арасында, қоғам ішінде белең алып келеді. Өйткені, тегі, қаны таза қазақтың ол қанында бар дүние, жанымен ғана қоса шығады. Осы орайда, білім беру ордасы білім ғана емес, тәрбиені де берген соң, не себепті асыл дініміз Исламның шарттарын сауатты түрде ашық айтпасқа, сонда жастар арасында радикалды бағытқа кетушілер болмас па еді?! Айыптаудан бұрын, сол қателіктер ұрпақ тәрбиесінде қайталанбауы үшін болашақ жастарды жан-жақты дамыған, білімді, сонымен қатар, иманды, діни сауаты жоғары етіп тәрбиелеу, психологиялық қауіпсіз білім беру ортасын жасау және өзіміздің қиыншылыққа толы сан ғасырды өткерген тарихымыздан атақты ғалымдардың ұлттық гинетикасына, болмысына сай психологиялық еңбектер ізденіп зерттеп жазу – біздің айқын мақсатымыз. Егер ұрпақ алдында осы мақсатта жұмыс жасай алмасақ, Мөңке бидің жоғарыда келтірілген сипаттамасы мен мына бір жырлары тура келмек. Мәшһүр Жүсіп нұсқасында Мөңке би өзіне тән психологиялық сипаттаумен, болжау секілді сөз саптауымен көрінген.
Оның «Кер заманның кезінде…» деп аталатын сөзде-ріне құлақ салайық.
Ертеңіне сенбейтін
күнің болады.
Бетіңнен алып түсетін
інің болады.
Алашұбар тілің болады.
Дүдәмалдау дінің болады.
Әйелің базаршы болады,
Еркегің қазаншы болады,
Жылқы жұлдыз болады,
Қой құндыз болады.
Кебір – жерге теңеледі,
Әйел – ерге теңеледі,
Көл – теңізге теңеледі.
Сиыр – өгізге теңеледі.
Ақырзаман адамы –
Сағынып тамақ жемейді,
Ащыны – ащы демейді,
Тапқанын олжа дейді,
«Алһам» білгенін молда дейді.
Бір-біріне қарыз бермейді,
Шақырмаса, көрші көршіге
кірмейді.
Сарылып келіп тосады,
Құны жоқ қағазды
судай шашады…, – деп толғанған би сөзін, әрине, әркім өзінше қабылдауға хақылы; бірақ оны бүгінгі күннің тірлігінен тыс тұр деп айта алмасымыз айғақ. Астарына абайлап үңілсеңіз, жаны бар жырлар екендігі күмән тудырмайды. Мөңке бидің:
Ақыр заман халқының
Шайдан басқа асы жоқ,
Жақыннан басқа қасы жоқ.
Лағынет қамыты мойнында,
Жұмыстан қолының босы жоқ.
Әрқашан да олардың
Көңілінің хошы жоқ.
Бар шаруасы түп-түгел
Енді мұның несі жоқ…, – деген сөздері, болмаса:
Заман ақыр боларда –
Жер тақыр болар,
Халқы пақыр болар.
Балалар жетім болар,
Әйелдер жесір болар,
«Ә» десе «мә» дейтін
кесір болар.
Бас қосылған жерлерде,
Әйел жағы ден болар.
Жаман-жақсы айтса да,
Өзінікі жөн болар.
Орай салып бастарын,
Жалпылдатып шаштарын,
Тақымдары жалтылдап,
Емшектері салпылдап,
Ұят жағы кем болар.
Сөйткен заман кез болса,
Түзелуі қиын болар, –
немесе:
Көлдің суы бітіп, табаны қалар.
Аттың жүйрігі кетіп,
шабаны қалар.
Жақсының атағы кетіп,
азабы қалар.
Әулиенің аруағы кетіп,
мазары қалар.
Әйелдің ұяты кетіп,
ажары қалар,
Бидайдың дәні кетіп,
сабағы қалар,
Сөздің маңызы кетіп,
самалы қалар,
Сөйтіп, ақылы жоқ,
санасыздың заманы болар, – дегендей болып жүрмелік.

Л.М. Мырзашова

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Top