Ағымдар арбауына түскен адам

немесе тозаққа жетелейтін жолдан ол қалай арылды?

torБарша мұсылман үшін аса қасиетті Рамазан айы есігімізді ашып, табалдырығымыздан атта-ғалы тұрған күндердің бірі еді. Мешітте намазда маңдайымыз бір сәждеде қауышып, ерекше ыждаһат сезімге бөлейтін әсерлі шақтың бірінде осы жас жігітті кезіктіргем. Алдында онымен шүйіркелесуіміз оқыс оқиғадан бастау алған. Жұма намазы болғасын парыздан соң сүннет амалдарын да орындамақ едім. Алдымды кес-кестеп өте шыққан жас жігіттің мешіт әдебін білмегені қатты қынжылтты. Сабыр сақтап, сүннет амалымызды орындап көшеге шыққанымда жаңағы жігіт алдымды орады.
– Бауырым, жаңағы қылығың қалай, басқалар намаздарын оқып болғанша сабыр сақтамадың ба? – деп сауал жолдадым бейтаныс жігітке.
Бірақ, оған менің сауалым ұнамаса керек. Кешірім де сұраған жоқ, «менікі дұрыс» деген кейіпте кете барды. Дау іздеп мен де артынан жүгіргенім жоқ. Әркімнің өз ақылы өзінде деген оймен қала бердім.
Осы оқиғадан бері біраз жыл өтті. Сол бейтаныс жігітті жуырда бір таныстарымның жанында кездестіріп, жақын танысудың сәті түсті. Ол өзін «Дулатпын» деп таныстырды. Осылай екеуара әңгімеміз жарасып жүре берді. Бір байқағаным, алғаш көрген кезде шолақ шалбар киіп, сақалын да көбірек өсіріп, басқалардан көп ерекшеленіп тұратын-ды. Енді сақал-мұртын күзеп, шалбарының балағын да түзеп, басқа адамның кейпінде көрінеді.
Шыны керек, Дулатқа мен таңдана да қарадым. «Ол осынша неге өзгерді, кім оны өзгертті екен» деп ойладым. Емен-жарқын әңгіме барысында да осы ішіме бүгілген ойды ортаға салуға тырыстым. Журналист болғасын мұндай жайлар оның астарына тереңірек үңілуге жетелей түседі ғой.
– Дулат бауырым, екеуміздің алғаш кездескеніміз есіңде болар, егер айып болмаса, сол кездегі сенімің жайлы айтып бере аласың ба? – дедім оны әңгімеге тартып.
Сонда ол өзінің басынан өткен оқиғаларды былайша тізбелеген еді:
– Менің намаз оқып, сәждеге жығылуым кездейсоқ жағдайда өтті. Анда-санда мешітке келіп, Құран оқытып жүретін едім. Бірде мешіттің сыртқы алаңында екі жас жігіт мені тоқтатып, танысқылары келетінін айтты. Осылай тез шүйіркелесіп кеттік. Олар менің қайда оқитынымды, сабағым қалай екенін де сұрады. Кәдуілгі күнделікті жастардың өмірлік әңгімелері ғой.
Таныса келе олар да өздерінің мешітке келіп, намаз оқуды үйреніп жүргендерін айтты. Бір Аллаға құлшылық жасау бір ғанибет парыз екенін де жеткізді. Алғашында намаз жайлы менде ой болмаған еді. Өзім қатарлы замандастарымның бұл істеріне қызықтым. Менің де намаз оқуға аңсарым ауды.
Ақыры оларды мешітте жиі кездестіретін болдым. Мені намаз оқуға үйреткендер де солар. Оған ризашылығымды әлі күнге дейін айтамын. Бірақ, уақыт өте келе олар менің сенімімді түбегейлі өзгертуге тырысты. Мешіттегі имамдардың оқып жүрген намаздары дұрыс емес дегенді де санама құйды. Намаздан шығысымен бір пәтерге барып, уағыз тыңдауды ұсынды. Бардым, ұстаздың уағызы ерекше әсер етті. Ұнады. Осыдан кейін өзімнің дінді дұрыс ұстап жүргеніме күдік туындады.
Намаз оқымайтын ата-анама деген көзқарасым күн санап өзгеріп бара жатты. Маңайымдағыларға да басқаша қарайтын болып алдым. Олардың барлығы адасып жүрген пенделердей көрінді маған. Сондай күндердің бірінде үйдегі барлық фотосуреттердің көзін құрттым. Ата-анам маған қатты ренжіді. Мен өз ұстаздарым құлағыма құйған «кәпір» сөзін де алғаш өзімді дүниеге әкелген анама айтып қалдым.
Енді олармен бір үстелдің басында тамақ ішпейтін болдым. Олар жатқасын барып, өзіме тамақ істеп алып, жеке отырып ішу әдетіме айналды. Ақыры ұстазым айтқан әдебиеттерді де таратуға кірістім. Ондағы ойым адамдар шынайы Исламды ұстаса екен деген «тілек» еді.
Көп ұзамай осындай заңсыздық үстінде ұсталып, қылмыстық іс қозғалды. Одан әрі темір торға жабылдым. Өмірден түңіліп те кеттім…
Дулат тар қапастағы күндері жайлы да сыр шертті. Қамыққан шақтарда жанынан жақсы адамдардың табылғанына тәубе етеді ол.
…Абақтыдағы торыққан күндері көп еді, Дулаттың. Жап-жас өмірі енді қысастықта өтпек. Осы жолға түсемін деп оқып жүрген оқуынан да қол үзді. Оның діни білімі де сондай көп емес еді. Тек, өз тәлімгерлерінің айтуымен діни сенім жайлы әдебиеттерді оқып, аудиотаспаларды тыңдады.
Соңғы кездері ата-анасын ренжітіп, олардан өзінің қол үзіп бара жатқанын сезіп, жаңағы ұстаздарынан да алшақ кетуге белін бекем байлап көрген. Бірақ, олар оны оңайлықпен уыстарынан шығарғысы жоқ екенін де білді. Осылай темір торға қамалып, отбасынан да, өмірдің еркін күндерінен де айырылды. Абақтының қатал тәртібіне үйрене алмай қатты қиналды. Бірақ, Аллаға жалбарынып, өзіне сабыр беруді тіледі.
Өзінің қателескен жерлерін де еске түсіруге тырысты. Баяғы алғаш кездескен екі бейтаныс жігіттің өз «қармақтарына» түсіріп, мешіттегі имамдарға жолатпаған ақыл-кеңесі де ойына оралды. Адам адасайын десе, оп-оңай екен-ау. Неге имамға барып, ақыл сұрамадым деп те налиды ол. Бір кездері Сирияға баруға да үгіттегендер табылып еді. Қару алуға көндірмекші болған «ұстазының» алдындағы дәрмен-сіз кейпі көз алдына келді.
Бәлкім, теріс әдебиеттермен ұстамаса, сол Сирияда жүрер ме еді. Ол жақтағы жағдайды да естіп, біліп, өзінің абақтыға қамалып, аман қалғанына да тәубе етті ол.
Бәсен – осында алғаш танысқан адамы. Ол да өзі сияқты деструктивті ағымға түскені үшін сотталған екен. Бес-алты жылдан бері түрменің тұрғыны болып келе жатқанын жасырмады ол. Басында ол да осы Дулат сияқты қатал өмірдің тезіне шыдай алмастай күй кешіпті. Адам деген қандай қиындық болса да, төзеді ғой. Келе-келе осындағы басқа айыбын өтеуші намазхандармен діннің дұрыс жолын таңдап, беттерін бері бұрған екен.
Дулат Бәсеннің әңгімесіне онша ден қоймаса да, өзінің осында не үшін түскенін ой елегінен өткізуге тырысты. Бәсеннің айтып отырғаны дұрыс шығар деген ойға да келді. Жергілікті мешіттен келіп, кездесу өткізіп, уағыз айтатын имамның да ықпалы болмай қалмады.
Енді Бәсен оның ақылшысына айналды. Әбу Ханифа мәзһабы мен Матуриди ақидасы жайлы тереңірек білуге жанын салды. Өзінің ата-бабалары ұстанатын бұл жолдың теріс болуы мүмкін емес. Бірақ, бұған Бәсен мен жаңағы имамның бір-екі ауыз сөзінен кейін бірден бет бұрмағанын да мойындайды ол. Өзінің осындай ақылшыларына қарсы дау айтып, қасарысып баққанын да жоққа шығармайды.
…Дулат маған өткен өміріндегі қиралаңға толы күндерін осылай әңгімелеп берді. Қазір өзін қарапайым мұсылман санайды. Енді ешкіммен шаруасы жоқ мүмін екенін де айтты. «Дінді ұстансам, өзім үшін ұстанамын. Алланың алдындағы бес парызымды орындап, теріс ағымдарға да енді адасып бармаймын» деп сөзін аяқтады ол. Сөзінің соңында алғаш кездескен сәтте сәждедегі мені аттап кеткен ағат ісі үшін кешірім сұрауды да ұмытқан жоқ. Мен оған риза болдым. Ең бастысы, оның өз ортасына оралғаны қуантты мені. «Алдағы өмірің ақ жол болсын» деген тілегімді де жолдадым оған.

Бақыт СМАҒҰЛ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Қазақстан Республикасының Ақпарат саласының үздігі

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Top