Жаныңда жүр мұсылман…

kol-sozuЖаратушы Иеміз адам баласын құрметті етіп жаратқан. Құран Кәрімде «Исра» сүресінің 70-аятында: «Біз адам баласын құрметті қып жараттық. Әрі оларды құрлықта, теңізде (көліктендірдік), дәмді тағам-дармен ризықтандырдық, олар-ды басқа жаратылыстардан әлдеқайда артық жараттық», – делінген.
Бұл аяттан ұғарымыз: адамзат ұлтына, жынысына, нәсіліне, дініне қарамастан, «адам» есімі оның құрметті жаратылыс екенін білдіреді. Осындай құрметке ие адамдардың арасынан Алла тағала мұсылмандардың дәрежесін кө-терген. «Мужәдәлә» сүресінің 11-аятында бұл жайында: ‏«Алла сендердің араларыңнан иман еткендер мен білім берілген-дердің дәрежесін көтереді», – дейді.
Расында, Алла байлықты, мансапты сүйген құлына да, сүймеген құлына да береді, ал иман сыйын тек сүйген құлына береді. Әрбір мұсылман Алланың махаббатына бөленген пенде ретінде құрметке лайықты. Жаратушының сүйген пендесі біздің жек көретін дұшпанымызға айналып қалуы-нан сақ болуымыз керек. Кейде мұсылман бауырымыздың бір айыбын көріп қалсақ, қабағымыз түнеріп, оған деген көзқарасымызды өзгертіп шыға келеміз. Алайда, Алла тағала біздің күндіз-түні барлық күнә-кемшілігімізді, ішкі сырымызды көріп-біле тұра, ризығын тоқтатып қоймайды, яки төбемізден жай түсіре салмайды. Алла – зор кеңшілік Иесі…
Барлық нәрсені қамтыған кемел дінімізде көптеген аят-хадистер мұсылмандарды өзара сүйіспеншілікке, бауырмалдыққа шақырады. Алла тағала Құранда мұсылмандарды бір-біріне өзара мейірімді, рахымды деп сипат-тайды. «Фатх» сүресінің 29-аятында: «Мұхаммед – Алланың Елшісі. Оның жанындағылар кәпірлерге қатал, өзара тым мейірімді», – дейді. Ал дінсіздер жайында, керісінше олардың өзара дұшпандықта, бытыраңқылықта екендігін айтып, мұсылмандарды бұлай сипатталмауға шақырады. «Хашр» сүресінің 14-аятында: «Әрине, өзара тартыстары қатты. Оларды бірлікте деп ойлайсың. Алайда, жүректері быт-шыт. Өйткені, олар ойланбайтын ел». Иә, бауырмашылдық – иманнан. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мына хадисі де бұл пікірімізді қуаттай түседі: «Өзі үшін жақсы көргенін бауыры үшін де жақсы көрмейінше, кәміл мүмін бола алмайды» (Бұхари).
Жүсіп Баласағұн бабамыз айтқандай:
«Мұсылманға мұсылман,
біл, туысқан,
Туысқанмен жұлыспай,
жөн ұғысқан», – демекші, мұсылмандар арасын жақындата түсетін істердің артықшылығына тоқталайық.

Мұсылманды қуантқанға сүйінші!
Бауырыңды қуанту – өзіңді қуанту. Себебі, Пайғамбарымыз-дың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінде былай делінеді:
«Бір мүмінді қуантқан адамды Алла тағала қиямет күнінде қуантады»;
«Бір адамның қайғы-мұңын кетірген немесе зәбірленушіге жәрдем еткен адамға Алла тағала жетпіс үш рет мағфирет етеді (кешіреді)»;
«Бір адам мұсылман бауырын қуантқанда бір періште бұл адамға үнемі дұға етіп тұрады. Дүние салып, қабірге қойылғанда жанына келіп: «Мені танисың ба?» дейді. Ол «жоқ» дегенде, «мен сенің бір мұсылманға берген қуанышыңмын. Бүгін сені қуанту үшін келдім. Қабірде жаныңда боламын, қияметте де саған шапағат етіп, жәннаттағы мекеніңді көрсетемін» дейді» (И. Әбиддуния).
«Парыздардан кейінгі ең құнды амал – мұсылманды қуанту» (Табарани).
«Ең құнды амал – бір мұ-сылманның айыбын жабу, қарнын тойғызу немесе бір қажеттілігін қамтамасыз ету арқылы оны қуанту болып табылады» (Исфахани).
Мұсылманның мұқтаждығын өтеудің сауабы
Мұсылманның қажетін өтеу – Аллаға жақындататын істердің бірі. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көпте-ген хадистерінде бұл істің сауабын айтып сүйіншілеген:
«Кім мұсылман бауырының қажеттілігін орындау жолында жүрсе, Алла оның әр қадамына жетпіс жақсылық жазады және жетпіс күнәсін кешіреді. Ал егер бұл адам арқылы оның мұқтаждығы өтелсе, анасынан туған күніндей күнәдан тап-таза болады. Ал егер осы жолда жан тапсырса, есепсіз жәннатқа кіреді» (Анастан);
«Кім мұсылман бауырының қажетінде жүрсе және сол жайлы насихат етсе, Алла тағала ол пендесімен жәһаннам арасына жеті ор пайда қылады. Әрбір ордың арасы жер мен көктің арасындай» (Ибн Аббас).
«Бауырының ісіне аздаған уақыт қарасқан адам, ол іске көмегі тисе де, тимесе де екі айлық итикафтан көбірек сауап алады» (итикаф – мешіттен шықпай құлшылық ету) (Хаким).
«Мен үшін бір мұсылман бауырымның қажетінде жүруім – мешітте бір ай бойы иғти-кафта (құлшылықта) болғаннан артығырақ» (Табарани).

Мұсылманды тамақтандырудың есесі
Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Исламдағы ең жақсы амал қайсы?» деп сұралғанда: «Тамақтандыру және таныса да, танымаса да адамдармен сәлемдесу», – деген болатын. Өзі де осы істе үлгі болып, өзгелерге де көбірек насихаттаған:
«Рахманға құлшылық етіңіздер, тамақтандырыңыздар, сәлемді жайыңыздар, жәннатқа аман-есен кіріңіздер!»;
«Рамазанда бір қонаққа ауыз-ашар берген адамға Сырат көпірінен өту оңай болады» (У. Нәжат);
«Кім мұсылман бауырын тойғанынша тамақтандырса, шөлін басса, Алла ол пендесін жеті ор (қашықтығындай) тозақтан алыстатады. Әрбір ордың арасы бес жүз жылдық жолмен тең»;
«Алла тағала тамақ жегізетін жомарт құлымен періштелеріне мақтанады» (Имам Ғазали).
Көріп отырғанымыздай, мұсыл-манды тамақтандыру – Аллаға жақындататын, сауапты амалдар-дан болып табылады.
Мұсылманды киіндіргенді Алла өз қорғауына алады
Сіз бүкіл әлемнің Жаратушы-сының тікелей қорғауында болуды қалар ма едіңіз? Онда, киімге мұқтаж мұсылман бауырыңызды тауып, киіндіріңіз. Сонда ол киім тозып, шешіп тастағанша, Алла сізді Өз қорғауына алады: «Кім мұсылман бауырын киіндірсе, қашан ол сол киімді үстінен тастағанша, киіндірген адамды Алла тікелей Өз қорғауына алады».
Қоғамымызда жылы киімге, тұрмыстық заттарға мұқтаж қаншама адамдар бар. Қазіргі қоғамдағы бауырларымызда бұл сауапқа жетуге мүмкіндік көбірек деп ойлаймын. Себебі, бүгінгі заман – ысырап заманы. Қазір бір ғана адамның басында қаншама киім бар?! (Әсіресе, қыз-келіншектер, оларға әр күні әртүрлі киіну «уәжіп» боп кеткендей). Алғашқы мұсылмандардың өміріне қарасаңыз, кейбіреулері бір немесе екі киіммен-ақ өмірлерін өткізген. Дәл солардай болу шарт емес. Алайда, ысырап – халал емес.

Мұсылманды кешіргенді Алла өзі кешірер
Әсілінде, Алла кешірімді адамдарды кешіреді. Себебі хадисте: «Мейірімге бөлемеген, мейірге бөленбейді», – делінген.
«Қиямет күні бір дауыс: «Сауабы Аллада болғандар шықсын, жәннатқа кірсін!», – деп жар салады. «Бұлар кімдер?», – деп сұралғанда: «Адамдарды кешірген, кешірімшіл жандар», – дейді. Осылайша көптеген адамдар есепке тартылмастан жәннатқа кіреді» (Ибн Әбиддуня).
Қандай керемет! Расында, қияметтің есебі оңай нәрсе емес. Адамдардың ыстық күннің астында, аш-жалаңаш, қатты терлеп, шөлдеп қиналуы, мыңдаған жыл бойы тік тұрып әрбір күнәсына, Алланың берген әр нығметін қалай жұмсағанына есеп беруі – елестетудің өзі қиын нәрсе. Ал сіз осы дүниеде адамдарды «есепке тартпай» кешіріп жіберуге әдеттенсеңіз, кеңпейіл болсаңыз, қияметте Алла да сізге кеңшілік жасап, есепсіз жәннатқа кіргізіп жіберуге құдіреті жетуші, мейірім-ді. Бірде Әбу Бәкір Сыддықтың (р.а.) басынан мынадай оқиға өтті. Сүйікті қызы Айшаға «зина жасады» деген жала жабылды. Бауыр еті баласы жайлы неше түрлі өсектер желдей есті. Дұшпандары, мұнафиқтар осы сәтті өздеріне «тиімді» пайдаланды. Осы жалақор өсекшілердің арасында Мистах та бар болатын. Мистах – Әбу Бәкір (р.а.) оның күнкөрісін өз мойнына алып, әрқашан көмектесіп жүретін адамы. Әбу Бәкірдің құлағына Мистахтың айтып жүргені жеткенде, хазірет Әбу Бәкір ызаға булығып, «бұдан былай Мистахқа көмек көрсетпеймін!» деп кесіп айтты. Кейін бұл жайтқа қатысты аят түсті. Аятта: «Араңыздан парасатты әрі мал-мүлкі бар жандар туған-туысқа, жоқ-жітікке, Алла жолында хижра жасаушыларға өз малдарынан бермейтіндігіне ант етпесін, кешірім жасасын, ақысын кешсін. Алланың сендерді кешіруін қаламайсыңдар ма? Алла аса кешірімді, өте мейірімді», – делінген. Осы аят түскен соң, Әбу Бәкір дереу «Алланың мені кешіруін қалаймын», – деп, райынан қайтып, Мистахқа қамқорлық жасауын одан әрі жалғастыра берді. Хз. Әбу Бәкірдің ісі баршамызға үлгі.

Мұсылманға күлімдей қарау – тегін сауап!
Шынайы мұсылман кішігірім амалдарға немқұрайлы қарамастан, сауапты істерге ұмтылып жүреді. Сондай амалдардың бірі – жылыжүзділік, күлімсіреп жүру. Қазіргі қоғамымызда қатігездікті көп байқаймыз. Қоғамдық орындарда, көшеде, әсіресе қала тұрғындары бір-біріне суық. Қоғамдық көлікте біреуге абайсызда иығыңыз тиіп кетсе, дүрсе қоя беретіндері аз емес. Ал сіз қабағыңызды түймей, күлімсіреп жүрсеңіз, адамдарға жайлы боласыз, амал дәптеріңізге сауаптар жазыла береді. Өйткені, жылы жүзді болу да – садақа.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Мұсылманға күлімсіреу – садақа».
Ибн Әл-Харис атты сахаба: «Пайғамбарымыздан артық, жиі күлімсіреп жүретін ешбір жанды көрмедім», – деген.
Ең тез қабыл болатын дұға
Сіз бауырыңызға дұға етсеңіз, дәл солай періштелер сізге де дұға қылады. Ал періштенің дұғасы қабыл болмай қалмайды.
«Мұсылманның мұсылманға жасаған дұғасы қабыл болады. Мұсылман бауыры үшін тілек айтқанда, періштелер: «Әумин, Алла саған да соны берсін», – дейді;
«Ең жылдам қабыл болатын дұға – мұсылманның бауыры үшін жасаған жасырын дұғасы» (Бұхари);
«Екі дұғаның Алламен арада бөгеті болмайды. Біріншісі – жәбір көрген адамның жасаған дұғасы. Екіншісі – мұсылманның бауыры үшін жасаған жасырын дұғасы» (Тирмизи).

Мұсылманның айыбын жасыру – өзіңді жасыру
Мұсылманның абыройын қор-ғау – өз абыройыңды қорғау. Кемшіліксіз адам жоқ. Бәріміз айыптарымыздың өзгелерге ашылып қалмауын қалаймыз. Дәл сол секілді өзгенің де айыбының ашылуына жол бермеуіміз керек. Себебі хадис шәрифтерде біреудің айыбын ашсаңыз, Алла сіздің де айыбыңызды дүние, ақыретте адамдарға ашып қоятындығы айтылған. Егер сіздің кемшіліктеріңіз адамдардың ара-сында көрініп қала берсе, онда сіз өзгелердің кемшілігін ақтаруды, ғайбат айтуды доғарыңыз.
«Алла тағала мұсылман бауырының айыбын жасырғанның айыбын Қияметте жасырады. Кім мұсылман бауырының айыбын жария етсе, Алла Тағала оның айыбын, тіпті ол үйінен шықпай отырғанның өзінде, ашып масқара етеді» («Сунәну Ибн Мажәһ»);
«Хақ тағала мұсылманның айыбын жасырған пенденің айыбын осы дүниеде және ақыретте жасырады»;
«Алла тағала абыройы төгіліп жатқан уақытта мұсылман бауырына қол ұшын бермеген пендесін, ол өзі сондай жағдайға тап болған сәтте жәрдемінен мақрұм етеді»;
«Ең сорақы іс – өсімқорлық пен мұсылманның абыройын төгу»;
Сондықтан, мұсылман өзгелер-дің кемшілігін жасыру мәселесіне мұқият болуы керек.

Мұсылманды қорқытуға болмайды!
Достар арасында әзілдеп бірін-бірі қорқыту, бір затын ойнап жасырып қою кездеседі. Дініміз бұл істі құптамайды. Жалпы, кез келген жаратылысты қорқыту – мұсылманға тән қылық емес. Ал мұсылманды қорқыту болса – үлкен зұлымдық. Себебі, ол – Алла разы болмайтын іс. Хадис шәрифтерде былай делінген:
«Мұсылманды қорқыту – үлкен зұлымдық» (Хаким);
«Достарыңның затын шындап та, қалжыңдап та алмаңдар!» (Тирмизи);
«Кімде-кім бір мүмінді қор-қытса, Алла тағала ұзақтығы мың жыл болған күнде (қияметте) оның қорқынышын арттырады» (Дәйләми);
«Бір мұсылманға ақысыз түрде қорқытушы (қатал) көзбен қараған адамды Алла қиямет күні қорқытады» (Табарани).
Біреуге ісі түскен адамға оның ісін қиындатып, жүрегіне уайым салу да жақсылық емес. Бәріміз қиындықты қаламаймыз. «Рабби яссир уә лу туассир…» – «Раббым, жеңілдет, ауырлатпа…» деп дұға қыламыз. Сөйте тұра, өзіміз басқаларға қиындық жасаймыз. Ал төмендегі хадис басқаларға жеңілдік жасасаңыз, өз өміріңіз де жеңіл болатындығын айтады: «Кімде-кім қиындықта жеңілдік жасаса, Алла оның дүние мен ақыреттегі өмірін жеңілдетеді» (Риуаяту ғинда әл-жамаға).

Мұсылманға зиян келтіруге болмайды
Зұлымдық – басқаның жеке мүлкіне, арына қол сұғу. Ол қияметте пенденің басына түскен бәле болады. Алла тағала зұлымдықты өзіне де, пенделеріне де істеуді харам еткен. Сондықтан, біреуге жәбір көрсетіп қоюдан, ренжітуден, өзгенің ала жібін аттап қоюдан өте сақ болуымыз керек. Мұндай жағдайлар болып қалған жағдайда, кешірімін алып, халалдасуға асығуымыз қажет. Біреудің құқығын таптау, қарызды қайтармау, ұрлау, тонау, зәбір көрсету, біреудің затын рұқсатсыз алу, өсектеу, ғайбаттау, т.б. бәрі зұлымдық болып есептеледі. Зұлымдық көргеннің дұғасынан сақ болу керек.
«Екі дұғаның Алламен арада бөгеті болмайды. Біріншісі – жәбір көрген адамның жасаған дұғасы. Екіншісі – мұсылманның бауыры үшін жасаған жасырын дұғасы» (Тирмизи):
«Кім бір қарыс топырақты зорлықпен тартып алса, сол жердің жеті есесі қиямет күні мойнына жүктеледі» (Мүслім);
«Кім мұсылманның ақысын жесе, Алла оған тозақты уәжіп, пейішті харам етеді» (Мүслім);
«Кімде бір мұсылман бауырының өзіне немесе бір нәрсесіне жасаған қиянаты бар болса, динарлар мен дирхамдар табылмайтын күн (қиямет) келмей тұрып, одан кешірім сұрасын. Әйтпесе, егер жақсы амалы бар болса, жасаған қиянатының мөлшерінде оның сауабынан алынып, жәбірленген адамға беріледі. Егер жақсы амалы жоқ болса, жәбір көрген адамның күнәлары алынып, оның мойнына жүктеледі» (Бұхари);
«Біреудің хақын жеме
жалғыз тиын,
Тергеуде де адамның ақы қиын.
Сені жоқтан құдая бар еткізді,
Ендеше, Соған табын, Соған сыйын», – деп бабаларымыз айтқандай, қиямет күні зұлымдық көрген адам міндетті түрде өз ақысын алады. Ал ол күні есеп айырысу тек сауаппен болмақ. Бір сауапқа мұқтаж болатын сол күні Алла баршамызды зұлымдық еткендерден қыла көрмесін.

Сыйласу, сыйлық беру
Адамдардың бір-біріне сыйлық беруі өте жақсы амал. Пайғам-барымыз адамдарға қарым-қатынастарын жақсартуы және араларындағы байланыстың үзілмеуі үшін бір-біріне сыйлық беруді әмір ететін. Сыйлықтың адамды «керең» және «соқыр» қылатынын айтатын еді. Яғни, сыйлық берушінің жаман сөздерін ести алмайтын, кемшіліктерін көре алмайтын болады.
Хадис шәрифтерде былай делінген:
«Мүсафаха етіңдер (қол алысыңдар), мүсафаха кекті, ренішті кетіреді. Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, өйткені сыйлық сүйіспеншілікті арттырады, дұш-пандықты кетіреді» (Ибн Асакир);
«Сұрамай берілген нәрсені алыңдар! Ол – Алла тағаланың жіберген ризығы» (Бәйһақи);
«Сыйлық берген адамға сендер де сыйлық беріңдер! Егер беретін ештеңе таппасаңдар, сыйлығы қайтарымсыз қалмауы үшін оған дұға етіңдер!» (Нәсаи);
«Біреуге жақсылық жасалса, сол жақсылықты айтып жүрсін! Жақсылықты айтып жүру шүкір болады. Жақсылықты жасырған адам көрнемектік, яғни шүкірсіздік жасаған болады» (Әбу Дауд);
Мұсылмандар бір-біріне жәннат есіктері тәрізді десек артық болмайды. Әр мұсылман – Алланың разылығын алуға берілген мүмкіндік деп білген жөн. Бауырларымызды көргенде: «Менің бақытқа қауышып, жәннатқа кіруім – осы бауырымның көңілін қуантумен, разылығын алумен болуы мүмкін» деп ойлап, көмегіне жарап, ізгі дұғасын алып қалуға тырысайық, ағайын.

Таңшолпан АБДЕЗІМ,
«Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің студенті

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Top