Қазақ тойларының қадірін түсірмейік

tojТой – Жаратқан иеміздің адам баласына сыйлаған қазынасы. «Жиған-тергенің тойға бұйырсын» дейді қария-лар бата бергенде. Осының өзінен-ақ той жасауға қазақтың қаншалықты мән беретінін байқау қиын емес.
Шынында, халқымыз тойға қарын тойғызу үшін емес, керісінше қуанып, көңіл көтеріп, рухани демалу және ағайын-туыстармен, дос-жолдастарымен кездесу үшін барады. Өкінішке орай, соңғы кезде тойларымыз мән-мағынасын жоғалта бастағандай. Кейде той басқаратын кейбір пысықай асабаларымыз: «Енді ақ тілекке кезек берейік. Өзбектің тойы – би жарыс, қазақтың тойы – жиналыс», – деп жиналған көпшіліктің көңілін жеңіл әңгімемен, әзілмен көтермек болады. Мына сөздерді есітігендер мәз болып күледі. Сонда біз кімге, неге күлеміз? Өзімізге ме, әлде?
Құдайға шүкір, бізде тойлардың түрлері көп. Үйлену тойы, шілдехана, бесік той, сүндет той, тілашар, мектепті бітіру, осылайша тізбектеліп кете береді. «Той көбейіп кетті» дейді кейбіреулер. Меніңше, қазақ тұрған жерде той азаймайды, мәселе тойдың қашан, қалай өткізілуінде. Негізінде тойға той иесі қалай дайындалса, оған баратын адамдар да жауапкершілікті сезініп, үлкен даярлықпен баруы керек.
Бұл ретте біздің ең басты кемшілігіміз – тойға кешігіп бару. Осы бір келеңсіз көрініс, жағымсыз қылық ауылдық жерді былай қойып, қалалық жерлерде де белең алғаны өкінішті-ақ. Бұл тіпті обал, біреудің қызығын аяқ асты ету сияқты көрінеді маған. Неге десек, той иесі белгілі уақытқа ақшасын төлеп, той жасайтын орынды жалға алады. Жайбасарлығымыздың кесірінен ақысы төленген қаншама алтын уақыт далаға кетеді. Жайылған дастархан, пісірулі тұрған тамақ жайы өз алдына бөлек мәселе. Сонда біздің «дәмнен үлкен емеспіз» деген тамаша философиялық қадамымыз қайда? Тағы бір әдет болған жаман жағдай: жиналған көпшілік әу баста жинала қоймай, бастары қосылмай бір әуре қылса, той соңында тарқамай той иесін тағы қинап, берекесін алады. Бір есептен оған той иесінің өзі кінәлі. Көпшілік тойларда қызық думан аяқталған тұста той иесінің өзі шығар есіктің алдына үстелді көлденең қойып, сыртқа бет алғандарға «кетер аяқ» ішкізеді. «Қалайда ішкізуің керек», – деп мұны өзінше асабаның мойнына міндет қылып артып, оны да ыңғайсыз жағдайға қалдырады. Арақ – атамыздың асы емес. Тойға келген қонақтар бұйырған несібесін бойына құт қылып «кетер аяқтан» саналы түрде бас тартып, той иесі сыйлаудың жөні осы деп, мұндай келеңсіздікке жол бермесе дұрыс болар еді.
Негізі қазақ «сөз қадірін – өз қадірі» деп білген халық. Кеңдігін де, елді де, кемеңгерлігі мен көсемдігін де сөзге сыйғызған жұрт. Оның таршылығы да, тағдыры да, тәлімі мен тәрбиесі, даналығы мен дала көңілі де асыл сөзде жатыр. Қазақтың рухани көңіл ауаны, сезімі сөз құдіретімен тұтасып жатуы тиіс. Қазақ үшін сөзден өткен күш, құдірет жоқ. Сондықтан, тойда сөйлеу, тілек айту мәдениетіміздің төмендігі өкінішті-ақ. Көп жағдайда тойға келгендерден аталы да, баталы сөз тілек ести алмай қиналамыз. Тіпті соңында жасы жетпістен асып, сексенді алқымдаған ақсақалдарымыздың өзі жөнді, мағыналы бата бере алмай, тілек үлгісінде әлдебір сөздерді шатастырып, үзіп-созып зорға айтып шығатынын қайтесің.
Иә, тойға келіп тілек айтқан адамдардың 80-90 пайызы тотықұсша бірінің сөзін бірі қатесіз қайталайды. Қалың көпшіліктің дені: «Екі бала бақытты болсын. Ата-анасына мейір-банды болсын. Той-тойға ұлассын. Шілдеханада кездесейік», – деген жаттандылықтан аса алмайды. Тіпті, кейібіреулер той иесімен жақын қарым-қатынас барысында, оның отбасына қатысты әлдебір болған оқиғаларды айтып тұрып алады да, сөзінің аяғын «ал енді мен не дейін… Жастар бақытты болсын, сол үшін алып қояйық» деп сөзін екіұшты қайыра салады.
Тағы бір кемшілігіміз – сөз берудің өзіндік реттік жүйесі, мәдениеті бар екендігін ескермейтіндігіміз.
Тіпті, бір тойда қуаныш иесінің тілек айтушылардың тізіміне 150 адамды жаздырып, қатты састырғаны бар. Әрине, мұндайда қандай жағдайдың қалыптасатындығы айтпаса да белгілі. Асабалар қысылғаннан әкім, директор секілді шенеуніктер қатарын қуалай кетіп, қарапайым меймандар тасада қалып қояды. Ретті жерінде сөз берілмеген кейбіреулер өкпе-ренішті білдіріп, дау-жанжалға бергісіз ыңғайсыз жағдай туындайды.
Асабалар тілек айтушылардың тізімін жасағанда той иесінің пікірін басшылыққа алып, сыйлы жақын туысқандардың, шалғай түкпірден келгендердің назардан тыс қалмауын ескеруі қажет. Рас, жиналған көпшіліктің барлығының көңілін табу асабаның тапқырлығына байланысты. Мәселен, кейде асаба күйеу жігіт пен қалыңдықтың нағашылары мен жезделерінің басын қосып, сөз беріп жатады. Бес нағашы мен бес жезденің айтары біркелкі болып шығатыны анық. Мұндайда асаба ортаға шыққан адамдардың жасы үлкен біреуіне ғана тілек айту кезегін беріп, қалған адамдардан өз өнерлерін ортаға салуды өтінсе, қонақтар да оның өтінішін қабыл алып, тойдың әсерлі де қызықты өтуіне үлес қосып, жастарға арнап бірі өлең айтып, бірі би билеп немесе басқадай бір өнерін көрсетсе, тойдың сәні кіріп, ажарлана түсер еді.
Қазақ өнерпаз, сері жігітті «сегіз қырлы, бір сырлы» деп дәріптейді емес пе? Кешегі ел аралап жүретін сал-серілерімізді еске түсірейікші. Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай секілді өнер иелері, қалың қазақ елінің қай түкпіріне барса да, өнердің ұйытқысы бола білді. Міне, бүгінгі асабаларымыздың бойында сол сал-серілерге тән қасиеттер табылып жатса, әрине, бұл үлкен жетістік.
Өкінішке орай, кейбір асабалар «Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз несін табады» деген халқымыздың нақылын ескермей, өзін де, той иесін де ұятқа қалдырып жатады. Бір тойда мынадай бір келеңсіз оқиғаның куәсі болдық.
Асаба тойды «Как они любят друг-друга» деп екі жасты сүйістіруден бастады. Бұл жағдай сыйластығы енде-енді бастау алған жандар үшін ыңғайсыздық тудырғанын асаба ескер-ген жоқ. Іле-шала тойда қалындықтың туфлиі ұрланды. Туфли ұрлаған жас қыз, күйеу жолдастан туфлиді 300 долларға сатып алуға талап етіп, тез арада тауып бере алмаған жігітті жазалауды талап етті. Сол-ақ екен екіленген асабамыз: «Ақша тауып бере алмадың ба, онда мынаны ішесің», – деп қалыңдықтың туфлиіне арақ құйып, күйеу жолдасқа бермесі бар ма. Қатты аңтарылған жұрт «енді не болар екен?» дегендей тым-тырыс. Әйтеуір күйеу жолдас есті жігіт екен, «арақ атаңның асы емес еді ғой» деген емеурінді ұтымды әзілмен жеткізіп, әсем әнді төгілте шырқап, жұртты ыңғайсыз жағдайдан құтқарып жіберді.
Бұдан кейін де қысылып, етек-жеңін жинаған асабаны көрген жоқпын. Әр сөзін өңі айналған мағынасыз мақалдармен көмкеріп, тұрпайы бұралқы сөздермен тұздықтап, тойды ешкім тындамаса да өткізіп шықты. Той соңында асаба жігітке, әлгі ыңғайсыздық тудырған жағдайларын еске салып: «Бауырым, асаба – тойдың ажары. Халық алдына шығарда аздап дайындалып алмайсың ба?», – дедім. Бетіме бажырая қарады да: «Көке, мен осы сценариймен 250 тойды өткіздім. Оның 90 пайызы – кілең басшылардың тойы. Так что, мені үйретудің қажеті жоқ», – деп дүңк етіп бір-ақ қайырды.
Рас, асабалардың дені дайын сценариймен жұмыс істейді. Нағыз білгір асаба той ахуалын меңгеріп, әдіс-тәсілін құбылтып отыруы керек. Дайын сценариймен жұмыс істейтін асабаның мүмкіндігі, әрине, шектеулі. Той болған соң оның бір-біріне ұқсамауы заңдылық қой. Асабаның бойында суырып салмалық қасиеті болса, оның жөні мүлдем бөлек. Міне, осы бір жайды көптеген асабалардың елеп-ескермейтіндігі өкінішті-ақ.
Сол бір тойдан көңілім құлазып қайттым. Қазақтың тойлары қуаныш пен ғибратты тілектердің ордасы болуы керек еді ғой. Біздің оны арақ-шарап ішіп, арзан әзіл мен мәнсіз көңіл көтеруге айналдырып, құнын түсіріп жүргеніміз қалай?..
Мағзұм Жабигенов,
Астана қаласы

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Top