Өмір жайлы…

omirӨмір-Өзен. Дүние-Дүрмек. Күйбең-күйбең тіршілік… Адамзат баласы Жаратқан иеміздің құдірет күшімен жасаған мақлұқаттарының бірі ғана. Күллі жартылыстың арасынан Адам атаның ұрпағын ардақты етіп, Жер ананың бетіндегі қыбырлаған тіршілік атаулының «Халифасы» – билеуші һәм әміршісі етіп қойған. Аз-кем ақылға салып қарасаңыз, жан-жануар, табиғат, ауа мен су – баршасы Адамзат баласының өмір сүрулері үшін қызмет қылып тұр. Бір сәт ойлап көріңіз, егер күнделікті сіміріп ішіп жатқан су мен тыныстап жүрген таза ауа болмай қалса, қайтер едік. Әлдебір пенделер шіреніп: «Қазір ақшаң болса, бәрін де сатып алуға болады», – дейді. Рас, өмір болған соң белгілі бір нәрселер сатылады, болмаса сатып алынады. Тіршілік – алыс-беріс, барыс-келіс, сауда-саттық, қарыз-қауғадан тұрады.
Алла Тағала «Һұд» сүресінің 5-ші аятында: «Жер бетіндегі әр жәндіктің қорегі Аллаға тән. Ол, олардың тұрақты, тұрақсыз орындарын біледі. Барлығы өлшеулі бір кітапта», – дейді.
Алла елшісі Мұхаммед Мұстафа (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Өмірде де, өлімде де шынайы болу», – туралы өсиетін қалдырған екен.
Шынайылық – әркім шыға беретін шың емес. Бәлкім, ол шыңдарға ілгеріде өткен пайғамбарлар мен сахабалар, әзиз-әулиелер шығып, кейінгі біздер «дүние» деген шұңқырдан шыға алмай жүргендейміз. Бірақ, сол қу дүниенің түбіне жеткен кім бар? Кейде ойлаймын, осы сынаптай сырғып өтіп жатқан өмір жайлы білеріміз өте аз секілді. Бәрі де екі қол мен екі аяқты «жұмыр басты» пенделер. Ешқайсымызға артық мүше берілмеген. Рас, қайбір пенделердің тумысынан ақыл-есі кем, жарымжан, мүгедек болуы әбден мүмкін. Бұдан адам баласы ғибрат алуы тиіс. Жалпы, күнделікті «күйбең тірлікте» қысастық пен іштарлықтан, болмайтын бір бақай есептер мен алдап-арбаулардан арылып, ары таза, абыройы биік, көңілі дархан дала, пейілі кең, шынайы мүмін-мұсылман кейпінде өмір сүруге әбден болатын секілді. Ешкім арғы дүниеге артық ештеңе де арқалап кетпейді. Сонда да бір бітпейтін дау-дамай, айтыс-тартыс, тоңмойын тойымсыздық. Сонда, бұл өмір біздерге тек ішіп-жеу үшін ғана берілді ме? Онда анау, айуандардан айырмамыз қандай? Иә, ақиқат алмас қылыштай өткір…
…Қазақтың біртуар перзенті, марқасқа Мұқағали Мақатаев атамыздың мына бір «Өмір жайлы…» атты өлеңін оқып көріңіз:
«…Өмір жайлы сұрай берме сен менен,
Өмірді мен әлі зерттеп көрмеп ем.
Өмір жайлы білгің келсе, қартқа бар,
Қан майданнан жалғыз ұлы келмеген.
Жесір келін, бір нәресте көрмеген,
Жетім шалды бала орнына тербеген.
Өмір жайлы не түсінем мен деген…
Өмір жайлы сұрай берме сен менен.
Өмір жайлы білгің келсе, қартқа бар,
Өміріне кегі кеткен, өлмеген,
Жалған айып тағылғанда көлденең,
Ақиқаттың аппақ туын бермеген.
Содан сұра, содан сұра өмірді,
Нені көрді, нені сезді, не білді.
Неге ақылды, ақымақтан жеңілді,
Біреу жылап, біреу неге көңілді?
…Өмір туралы не айтарыңыз бар, ардақты ағайын?
Мақсот Бағытжанов,
Атырау облысы

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Top